Қазақты қынадай қырған геноцид

Қазақты қынадай қырған геноцид

Барша қазақтың басын қосып, қазақ мемлекетін құрған Абылай хан өмірден озысымен, қазақ қайта бытырап, солтүстік орысқа, шығысы қытайға, оңтүстік Хиуа, Қоқан, Бұқарға бодан болып кете барды. Ақ патшаның қазаққа кигізген  бодандық қамытына зұлматтың басы ере келді. 

Қазақты дінінен айырып, шоқындыруды бастады. Елді    біріктіретін басқарушы билік хандықты жойды. Қазақты бір-біріне айдап салып, алыстырып, жұлыстырып, берекесін кетірді. Бұл үрдіс келе-келе барша қазақ жеріне жайылды. Патша құлады. Кеңес өкіметі орнады. Кешікпей-ақ қазақ жерінде зұлматтың басы басталды. Бай-құлақтың малын тәркілеп,  аша тұяқ қалдырмады. Діндарлар – қожа-молдаларды қудалап, құртты,  дінсіздерді дәріптеді. Біртіндеп қазақтың қаймағы – зиялы қауымын итжеккенге айдап, атып, елге тұтқа боларлық игі жақсыларын жойды. Осылай зұлымдықтың әртүрлі айла-тәсілін қолдана отырып, қазақты ақ орыс та, қызыл орыс та дегеніне көндіріп, бодандықта ұстады. Нәубет қызыл орыста  1917 жылғы 19 желтоқсандағы «Революциялық трибунал туралы» нұсқауда алғаш рет «халық жауы» деген жайсыз атау бастау алды. 

Мәліметтерге жүгінсек, 1930 жылдары 1,5-2,5 миллион адам құрбан болыпты. Себеп: азамат соғысы, байларды кәмпескелеу, жаппай ұжымдастыру 1932-1933 жылдардағы аштық, 1937-1938 жылдардағы репрессия.   «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» ұранын ұстанған шолақ белсенділер тіршілігі төрт түлікке байланған жұртты аштан қырды.  Зұлмат жылдары  қазақтар – 22,  украиндар 21 пайызға азайып, осы екі халық Кеңес өкіметінің ең көп қаһарына ұшырайды. Ол өткен шақ, ал бүгін де Ресей украиндарға аяусыз зәбір көрсетіп жатыр. Зұлымдық уақытпен санаспайды.  Өйткені  имансыз құдайдан безгендер кеше де, бүгін де еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де, болмысы нәзік әйелді де аямады. 

...Қазақ Алланың рахымымен тәуелсіздік алды. Есін жиып, жоғын іздеп, жоғалғанын түгендеді. Солардың бірі Қазақстан Республикасының 1993 жылы 14 сәуірде қабылданған  жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заңы еді. Заң жүзеге асу барысында 1997 жылды «Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы», «31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» деп жарияланады. Президент Қ. Тоқаевтың 2020 жылдың қарашадағы тапсырмасы бойынша, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Осы тапсырманың негізінде Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаевтың қолдауымен комиссия құрылып, тыңғылықты істер атқарып жатыр. Комиссия жанында  Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жанында   тарихи және мұрағаттық мәліметтерді зерттейтін жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталсақ. 

 

Қожа-молдаларды аяусыз қырған

Ресми дерек бойынша ел аумағында  1927-1953 жылдары Қазақстанда  125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 25 мыңы атылыпты. Жоғарыдағы жұмыс тобының зерттеуінше, Ақмола облысында қуғын-сүргінге ұшырағандардың саны 6090 адам, оның 429-ы  әлі ақталмаған екен. Сонымен қатар, жұмыс тобы бұған дейін беймәлім боп келген Ақмола облысының Зеренді ауданының аумағында 4 сталиндік лагерьдің орнын анықтап, лагерь жайлы мәлімет жинаған. 

 Сүргін 1928 жылдың 28 тамызында шығарылған бай-кулактардың шаруашылығын тәркілеу туралы арнайы қаулыдан басталып, ары қарай  ушығып, дін өкілдеріне жетті. Дін мен діни тұлғаларға дәл сол кезде мал-мүліктің иесі болмаса да, бай-кулак табына есептелген. Совет режимі діндар адамдарды өзінің идеялық қарсыласы  санап, беделін шектеуді көздеді. 

1929 жылдың басында Кеңес үкіметі «Дінге қарсы күресті күшейту шаралары туралы» дінге қарсы күрес тап күресіне теңестіріліп, оған зор саяси мəн берілгені туралы ел басшыларына құпия хат жібереді. 1918 жылы жарық көрген дінді мемлекеттен жəне мектептен ажырату туралы РКФР ХКК (Совет народных комиссаров РСФСР) декретіне сəйкес 1929 жылы 8 сəуірде «Діни бірлестіктер туралы» БОАК жəне ХКК (ВЦИК и СНК) Қаулысы шықты. Бұл құжат бойынша дін өкілдерінің құқы шектеліп, қасиетті орындарға сапар шегіп, тəу етуге, тіпті қайырымдылық көмек көрсетуге дейін тыйым салынды. Аурулар мен өлім халінде жатқан адамдардың үйіне баруға жергілікті кеңестің арнайы рұқсаты керек болды. 1929 жылы 1 қазанда жарияланған РКФР Конституциясының 4-бабының жаңа редакциясы дінге сенушілердің құқын жойып, осы күнгі ХКК ІІБ қағидасы бойынша дін өкілдері бас еркінен айырылғандар қатарына жатқызылды.

Ақмола облысында жоғарғы қаулы шықпай-ақ діндарлар қудаланып,  мешіттер 1920-1926 жылдар аралығында жабылып, 1944 жылы бірде-бір мешіт қалмайды. Бұл іске  1925 жылы қолдан ұйымдастырылған «Құдайсыздардың ерікті одағы»  ұйымы белсене атсалысады. Бұл ұйым Одақ көлемінде құрылып, оның филиалдары барлық республикалар мен жергілікті жерлерде белсенді жұмыс жасайды. Сол кезде бір ғана Көкшетау уезі бойынша  арнайы тізімге 149 имам енгізілген. Олардың ішінде ұлты қазақ имамдармен бірге татарларда болған.  Олардың қаншасы атылғаны, қаншасы айдауға жіберілгені әлі белгісіз күйінде қалып отыр.

Ашығын айтсақ, ислам дініндегі мұсылмандарды, соның ішінде қазақ діндарларын қудалап құрту, шоқындыруды  патша үкіметі қазақты боданына алысымен бастап кеткен болатын. Оған көнбеген қазақтың беделді адамдарын жалған жалалармен қудалап, жер аударды. Көкшетау уезінің беделді қазақтары діни сенім-нанымы, шоқындыру саясатына қарсы болғаны үшін Наурызбай Таласов Енисей губерниясына, Шәймерден Қосшығұлов Якутқа жер аударылады. Бұл бір облыстағы жағдайдың бір парасы ғана. Көкшетауда Қопа көлінің жағасында патша үкіметінен елі, діні үшін жапа шеккен ғұлама діндар Науан хазірет атанған Наурызбай Таласов және ұлты, халқы үшін жазықсыз құрбан болған Сәкен Сейфуллиннің ұлы, ұлтының ардақтысы болғаны үшін жазықты болып, мезгілсіз қаза тапқан  жас нәресте Аян өзгенің сұм  саясатының  бір ұлтқа жасаған кесірі, зұлымдықтың қара тарихы болып Жер-Ана құшағында мәңгі тыныстап жатыр. Сәкен Алматы түрмесінде атылған соң, оның жары Гүлбаһрам сотталып айдалады, осы кезде Аян ауырып қайтыс болып,  Көкшетауға жерленеді. Бұл жайлы әртүрлі деректер жазылған.

 

Азап лагері – АЛЖИР мұражай болып қалды

Қуғын-сүргіннен 1,5 млн адам жер аударылды. Халық жауыатанғандар ғана емес, олардың жақындары да жапа шекті. Айдалды, қамалды, зорланды, қорланды. Жапа шеккендер  Қазақстанда АЛЖИР (Отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалғанАқмола лагері), Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссариатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері), Степлаг (саяси тұтқындарға арналған лагерь) арнайы лагерьлерде қамалды. Ақмоладағы АЛЖИР – ең ірі лагерь, онда «Отанына опасыздық жасағандардың» отбасы мүшелері қамалды.  Арнайы мекеме 1937 жылы 15 тамызда Ақмола қаласына жақын 30 га аумаққа жайғасып,Төңкеріс (Малиновка) елдімекенінде құрылады. Осы лагерьде қазақтың бетке ұстар тұлғаларының әйелдері тән азабымен қатар жан азабын тартып, қасірет шекті. 

Олар:  Б. Майлин – Гүлжамал, С. Сейфуллин –  Гүлбаһрам, Т. Рысқұлов – Әзиза, С.Қожанов – Гүләнда, Т.Жүргенов – Дәмеш, С.Меңдеше – Рәзия, Н.Нұрмақов – Зүпнұн, С.Аспандияров – Рабиға сияқты аяулы аналар еді. Бұл тізім таңбаласақ көпке кетеді. Лагерьде 300 адам сиятын 20 барак болыпты. Кеңестер одағының түкпір-түкпірінен қуғындалып, тұрақты және уақытша айдалып өткен әйелдердің  ұзын саны 18 мыңға жеткен. 

Ұсталған әйелдерді  тергеуден өткізген соң, сталиндік вагондармен осы лагерьлерге әкелген.  Бұл айтуға ғана жеңіл, олардың көрген қорлық-зорлығы тән азабынан жан азабы орасан болған.  Зорлық-зомбылықтың әсерінен лагерьде дүниеге келген  1507 баланың туу туралы куәлігінде әкесінің есімі бос қалған. Жәбір көрушілер  ақталса да баланың әкесі белгісіз қалып, ұрпақтар өміріне  өшпестей дақ қалдырды. 

Азап  лагері Сталин өлген соң, 1953 жылы жабылып, отырғандар босатылады.  Босатылғандарға  әртүрлі сандық белгілері бар куәліктер береді. Ол куәліктер қойылған сандардың жасырын  сыры одаққа қарасты  астаналар,    ірі қалаларға кіруге болмайтын шектеулер еді. Оған қоса, әйелдер қайда болғандығы туралы, көрген қиындықтары мен азаппен өткен күндерін ешкімге айтпау туралы «шындықты жарияламау туралы құжатқа» қол қойып босатылған. Қорқыныштың шексіз зардабынан, олар ақталса да, ұрпағыма  кесірі тиеді деп, ет жақындарына ештеңе айтпады. Бұйығы, енжар өмір сүрді. Бұл қызыл империяның қазақтың жүрегіне  салған өшпестей дерті, геноцид  еді.

Осынау  зұлматты келешек ұрпақ  біліп жүрсін деп, «АЛЖИР» мұражайы 2007 жылы Астананың іргесінде ашылған болатын. Аумағы  кең, айтары мол, зұлымдықпен  қасіретті паш еткен мұражайдың ой салатын бейнебаяны көп. Зорлау, қорлау, қинау сияқты зұлымдықты мұражайдың әр бейне куәсін көргенде, көз алдыңа талайды елестетері   анық. Мұражай «Отанын сатқандардың отбасы мүшелері» ретінде қуғын-сүргінге ұшыраған әйелдердің Ақмола лагері орнына толық кешен болып салынады.  Кешенде «Сталиндік вагоннан», «Қасірет қақпасы» монументі, «Түңілу мен әлсіздік», «Күрес пен үміт» бейне композициясы, «Зерде қабырғасы», «Ескерткіш белгілер» және мұражай ғимаратынан тұрады. 

 

«Қасірет қақпасы» монументі

Қақпадан өткенде бас иіп тағзым еткен жөн. Бұл – зұлмат жылдары жазықсыз мерт болған ел ардақтыларына жасаған құрмет.

Қазақстанның ХІХ-ХХ ғасырдағы саяси тарихына арналған «Алаш» залында Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық көтеріліс, «Алаш» партиясының саяси қызметі, 1905-1916 жылдардағы  қазақ зиялылары, Кеңес өкіметін орнату кезеңдері, ұжымдастыру,ашаршылық, шаруалар тартқан  қасірет, 1937-1938 жылғы  «Үлкен террор» тақырыптары көрсетілген. «АЛЖИР» залы «Отанын сатқандар» әйелдерінің Ақмола лагерінің тарихына, кінәсіз тұтқында отырған әйелдерге арналған. Көрмеден Желтоқсан көтерілісі жайлы да көріп, біле аласыз. 

«Күрес пен үміт» композициясында бұл зұлматты жеңетініне сеніп, елінің ертеңіне басын тік ұстап үмітпен қараған қайсар әйел бейнесі сомдалған. Ғимарат ортасында «Өмір гүлі» композициясы тұр. Гүл тасты жарып шығып, «заңсыздық кезеңінің мыңдаған құрбандарының басына түскен қаншама қиыншылықтарға қарамастан өмір жалғасады» деген мағына береді. Иә, өмір  жалғаса береді. Тәуелсіздікті нық ұстап, өзгенің саясатының құрбаны болмай, өзімізге деген ықылас-ниетімізді берік ұстайық. Шеттегі жаудан жасқанып  шегінбей, іштен жау шығып ірімей, тұғыры биік, іргесі берік, өркениетті озық ел болуды Алла нәсіп етсін

 

Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы
05.12.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 39
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 103
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 32
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 39
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 46
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 38
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 99
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 103
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 297
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 291
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 913

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8986
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8381
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11606
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9364
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10590