ҚАЗАҚТЫҢ КӨКІРЕК КӨЗІ

ҚАЗАҚТЫҢ КӨКІРЕК КӨЗІ

Журналист, жазушы, қоғам қайраткері Сапабек Әсіпұлының есімін көңіл көзі ояу жандар ұмыта қоймаған болар. Ұлты үшін жанын аямай күресіп өткен батыр ағамыз жер, тіл мәселесінде бірнеше кітаптары шыққан. «Қазақ қасіреті» тетралогиясы, «Қатерлі дерт, қалжыраған халық», «Қауқарсыз қазақ мәселесі» кітаптарын шығарып, ұлттық мүдде биігінен ащы шындықтарды шамырқанып тұрып жазған. Орыс тілінде «Танталовы муки «Степи» деген мен кітаптары жарық көрген. Сапабек ағамыздың кітаптары әлі де өзектілігін жойған жоқ. Биыл марқұм ағамыздың туғанына жүз жыл толып отыр. Бүгін біз Сапабек Әсіпұлының Абай бабамыз туралы еш жерде жарияланбаған тұшымды дүниесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Абай және оның даналық мұрасы хақында жазу әрі оңай, әрі қиын. Оңай дейтініміз – әркезде оқылған, естілген оның сөздері көңілге сол сәтте-ақ қонып, құлақта қалып қойған. Оны қайталап еске түсіру, талдау күшке түспейтін сияқты көрінеді де тұрады. Көкірегіңдегі көрікті ой сондай. Бірақ оны қағаз бетіне түсіре бастасаң, өңі қашып қана қоймайды. Ажар-көркінен айрылып, құр сүлде боп шығады. Абай ойының тереңіне бойлай алатын ой, Абай сөзінің ішіндегі алтынын ашып, қаз-қалпында жарқыратып көрсетіп бере алатын сөз кімде бар? Абайды қаншалықты терең зерттеп, қаншалықты көп жазсақ, ол соншалықты тереңдеп, жаңа проблемалар туа беретін сияқты. Абай туралы жазуды қиын дейтініміз де сондықтан.

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма.

Демек, Абайды түсіну үшін, өзің түсініп қана қоймай, басқаларға түсіндіре білу үшін оның жүрегінің түбіне терең бойлай білу шарт. Өз заманынан озған, ұрпақтармен бірге жасасып келе жатқан жұмбақ жанның алтын сандығы сонда ғана ашыла түссе керек. Адамға жақсылық жасау жанына жат, жамандыққа келгенде жанып түсетін сотқарлары көп, сайрап жатқан оң жол былай тұрсын, соқпағы да жоқ жерде мыңмен жалғыз алысып өткен алыптың қасиетті тұлғасы жаңа ұрпақтармен бірге жасарып, зорая береді.

Мыңмен жалғыз алысқан Абайдың қаруы «сөз патшасы, сөз сарасы» – өлең еді. Ол өлең арқылы адамның санасына сәуле түсіріп, адамды, адам арқылы заманды түзетпек болды. Сол мақсатын өлең жолдарымен айтып берді.

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқты-барды ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.

Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,

Көңілінің көзі ашық сергек үшін.

Тіршілік тауқыметі қашан да бастан асып жатады. Оның ауыртпалығы кей адамның еңсесін езіп, жігерін құм қылып жібереді. Міне, сондайда бір мезгіл көңіл көтеріп, бой сергіту үшін ермек қылатын ертегі, аңыздар да, баяндайтын оқиғалары қызықты өлең-жырлар да керек, әрине. Бірақ Абайдың арманы ол емес. «Көкірегі сезімді, тілі орамды» жастарға үлгі беру. Бұған қарағанда ол өлеңді жалпыға арнап емес, сол жалпының ішінен бөлініп шыққан жалқыларға арнап жазған сияқты. Бұл сөзді тасыр ұқпай, талапты ғана ұға алатынын да ашып айтқан. Ол өлеңін негізінен «көңілінің көзі ашық» сергек жастарға арнаған.

Үстірт қарағанда солай көрінетіні рас. Бірақ дұрысы тіпті олай емес. Абай өзінің тыңдаушыларын ақылдылар, ақылсыздар деп екіге бөледі десек, ашық-жарықта адасып, үлкен қателікке ұшыраған болар едік. Абай бұл жалғанда жалғыз ғана молшылық бар екенін, ол молшылық дегеніміз ақыл екенін жақсы білген ғұлама. Өйткені жер басып жүрген жұмыр басты, екі аяқтылар арасында менің ақылым аз деп мойындаған пенде жоқ. Әр адам өзін дүниенің кіндігі санайды. Ақылының молдығына да күмәнданбайды. Ендеше Абай сөзін олардың ақылын молықтыра түсуге, адасқан тұсын көрсетіп, оң жолға салуға арналған деп қарастыру ләзім.

Абайдың мына бір өлең жолдарына назар аударыңызшы:

Сөз айттым «Әзірет Әлі, айдаһар» сыз, 

Мұнда жоқ «алтын иек сарыала қаз».

Кәрілікті жамандап өлім тілеп,

Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз.

Мен сөз айтуын айттым. Бірақ Әзірет Әлі, айдаһарсыз айттым дейді. Келесі жолда алтын иек, сарыала қаз сипатын ұзақ суреттеп тыңдаушысын қызықтыруға құлқы болмағанын айтады. Соңғы екі жолда әдептен озғандықтан қысылу, ұялу бар. Кәрілікті жамандаған да жоқпын, өлім тілеген де жоқпын. Осылай жар салып, жігіт арсыз болсын деуден аулақпын деп аяқталады. Мұнда қандай гәп бар? Әлде кезінде біреулер Абай өлеңдерін сынап, соған жауап қайтарғысы келді ме екен?

Кезінде Абай сөзіне таңырқап, оның даналығы алдында бас игендер көп болғаны белгілі. Сонымен қатар өлеңдерінен немесе ғақлия сөздерінен бір мін тауып, мынауыңыз қалай дегендер де болмаған. Олай болса бұл өлеңді Абай өзін сыннан қорғау, арашалау үшін жазбаған. Жалпы қазақ өлеңін көрсеқызар әсіресе қызылдардың ермегіне айналдырып жіберушіліктен қорғау, өлеңнің әлеуметтік маңызын түсіндіру, тәрбиелік күшін арттыра түсу мақсатында жазылған. Ол осы өлең арқылы өз заманының белгілі ақындарының дастандары мен өлеңдерін сынап, сөз патшасының қадірін кетірген қателіктерін көрсетіп берген. Олар қандай өлеңдер және авторлары кімдер дейсіз ғой. Құпиялығы жоқ: Көкбай Жанатайұлы, Әріп Тәңірбергенұлы және Шәкәрім Құдайбердіұлы.

Бірде Көкбай «Әзірет Әлі» атты дастан жазып, оның жеті басты айдаһармен соғысын келістіре суреттепті. Майданның күштілігі соншалық, көтерілген шаң-тозаңнан күннің көзі тұтылып, жер дүниені қара түнек басып кеткен. Әзірет Әлі өзінің құлпы қарымен айдаһардың бастарын бірінен соң бірін шауып тастай берген. Содан шапшыған қан шаң тозаңды басқан. Аспан ашылып дүние кеңейіп жүре берген ғой.

Ал Әріп ше? Әріп. Ол бір сұлу қыз жайында дастан жазған. Қыздың сұлулығын суреттеп, тыңдаушы, оқушының көз алдына елестету үшін асыл тастарды жомарттықпен пайдаланған. Қыздың көзі гауһар да, тісі күміс, иегі алтын екен... Қыз кәдімгі қыз емес, асыл тастардан құрастырылып жасалған мүсін болып шыққан.

Абай өлеңді қорғауға келгенде өзінің тәрбиесінде өскен немере інісі Шәкәрімнің де көңіліне қарамаған. Ол кәрілік туралы бір өлеңінде өмірдің бар қызығы, қуанышы жастықта екенін айта келіп, кәрілікті оңдырмай даттаған. Қартайғанда қолдан күш, бойдан қуат кетеді. Ауру-сырқау айналдырады. Адам қор болады. Ендеше сол қорлықты көрмеу үшін қартаймай тұрып өлген жақсы да. Сондықтан да ол:

Қартаймай тұрып өлейік,

Алла ісіне көнейік, – деп, ашықтан-ашық жастай өлуге шақырған.

Адам баласы бұл жалғанда қаншама асығыстық жасап, қаншама көп іс тындырса да, өлім туралы мәселеге келгенде асығуды білмеген. Жалған қаншама жаман болса да тұра тұруды жөн көрген. Абайдың ақынды жастай өлім тілеу арсыздық деп бет-жүзіне қарамай айыптауы да сондықтан.

Абай осылай үш үлкен ақынның үш үлкен қателігін бір ауыз өлеңге сыйғызып сынаған да, өзінің өлең жазғандағы мақсатын, өлеңнің адам, қоғам өмірінде атқарар қызметін былайша айтып берген:

Мақсатым тіл ұстартып өнер шашпақ,

Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан, сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.

Жаратушы Құдай адам баласына жалған дүниенің жарығы – күнді, алқаракөк ормандар мен ақселеулі даланы, қарлы шыңдары аспанмен таласқан тауларды, ағысы қатты өзендер мен толқындары тулаған шалқар көлдерді, оларды мекендеген аңдар мен құстарды көрсін деп басына екі көз берген. Дүниенің сыртқы түрін көретін мұндай көз аңдар мен құстарда да, жан иелерінің бәрінде бар. Адам болған соң олар бір-бірімен өзара қатынасып, қауымдастық құрған соң оның тіршілік заңдары – әдет-ғұрыптары қалыптасады. Адам қаншалықты көп болса да бір-біріне ұқсамайды. Сол сияқты олардың мінез-құлықтары да, іс-әрекеті де әртүрлі болып келеді. Осыған орай адамдар арасында алуан түрлі жақсылық пен жамандық жарыса жасалып жатады. Жақсылықты қалай үйреніп, жамандықтан қалай жиреніп, безуге болады? Жақсы өмір сүріп, жақсы ұрпақ өсіру үшін кәсіп істеп, жер анадан керегіңді ала білу керек. Кәсіптің де кәсібі бар. Бірі пайда берсе, бірінен еңбегің қайтпай, зиянға белшеңнен батып қаласың. Әр нәрсенің сыртқы түрі, ішкі сыры, мән-мағынасы бар. Өмір асау өзендей мың бұралып ағып жатыр. Оның түбінде не бар?

Міне, солардың бәрін көріп, түсіну үшін бастағы екі көз жеткіліксіз. Замана ағымын, өмірдің алуан түрлі құбылыстарын көкірек көзімен ғана көріп, санаға салғанда ғана түсінуге болады. Абайдың мақсаты да сол – қандастарының көкірек көзін ашу. «Мақсатым: ...наданның көңілін қойып, көзін ашпақ» дейтіні де сондықтан.

Қазақтың көкірек көзі еркін ашылмағандықтан көрген қорлығы көп. Көшіп-қонуы көп, басқа кәсіпке уақыты да, құлқы да жоқ болғандықтан, табысы тапшы, күнкөрісі аса қиын болған. Ауызы тұшынып дәмді ас іше алмаған кедей-кепшік тамақ іздеп жалақтап, бір тойсам деп армандаумен күн кешкен. «Бір тойған шала байлық» деген сөз содан шықса керек. Жасында уызына жарымаған, өсе келе тамақ тапшылығынан бір ішек болып қатып қалған адамның байлық туралы ұғымы бір тостағаннан әрі аса алмаған ғой.

«Ет пен қымыз секілді ас жоқ» дегенді ата-бабаларымыз бұл тағамдардың асылдығын көрсетіп, қадірін білсін деп, табу жолдарын әркім шама-шарқынша қарастыра жүрсін деп айтса керек. Кейін ол ұлттық мақтанышқа айналып кетті. Ет пен қымыз кімде көп. Қазақта көп. Қазақпен көршілес ұлттар мен ұлыстарда не тапшы? Әрине, ет тапшы. Қымыз дегеніңіз жоққа есеп. Оның не екенін білмейтіндер, білсе де дәмін татып көрмеген халықтар да баршылық. Еті бар, қымызы бар қазақ мақтанып, қазақ шалқымағанда кім мақтанып, кім шалқи алады? Ет пен қымыз секілді ас жоқ екені, сол ет пен қымыз байлықтың, барлықтың басты белгісі екені рас та ғой. Мұны кім бекер деп, кім теріске шығара алады? Енді Абайды оқып көрейік:

Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей,

Тоқ тұра алмас дәмдіден дәмді іздемей.

«Бір тойған шала байлық» деген қазақ

Ет көрінсе қайтеді күйсей бермей.

Еңбек жоқ, қаракет жоқ қазақ кедей

Тамақ аңдып, қайтеді тентіремей?

Ет пен қымыз сықылды ас жоқ дейді,

Ол немене тоқтықтың әсері емей.

Ет, қымыз тамақ болса әркімге арзан,

Тәтті, дәмді іздер ең одан да әрман...

«Бір тойған шала байлықтың» шығу, таралу, қазақ атаулының аузында жүру себебі бізге белгілі. Одан кейінгі «Ет пен қымыз сықылды ас жоқ дейді, ол немене жоқтықтың әсері емей» дегенді қалай түсінеміз? Олардай ас жоқ екені даусыз шындық емес пе. Барлықты, артықшылық, астамшылықты көрсетіп тұрған сөздің жоқшылықтың әсері болып шыға келгені қалай?

Қалай болушы еді. Қазақта қымыз бен ет қаншама көп десек те жей бастағанда, іше бастағанда ол нақтылы керегінен әлдеқайда аз болып шыққан. Күнде табақ-табақ ет асып, тойғанша жей беруге мың айдаған байдың да шамасы келмей жүргенде кедей қайтіп етке жарысын. Не көп? Құдайдың күні көп. Күн сайын қазан көтеріп, ет аса беруге қаншама мал керек. Мал құралуы қиын да болмас. Малы тез өсіп, тез байығандар аз емес қой. Бірақ сол малды жазда жайып, қыста тебіндетіп бағатын жер қайда? Шөбі шүйгін, суы нәрлі жер атаулыны орыс отаршылдары тартып алған да казак-орыстар мен қара шекпендерді қоныстандырып қойған. Шөп шабайын, қысқа қам жасайын десе, өнімді шабындығы жоқ. Азды тірнектеп жинап алуға мал соңына еріп салпақтауға әбден үйреніп алған қазақтың мойыны жар бермейді. Өстіп жүріп, он шақты жыл бойы ішпей-жемей жинаған малы бір жұтта жоқ болады. Содан кейін ет қайда? Қымыз қайда деп кім сұрайды?

Қазақ қымызды да қанғанша іше алмағанын айтып дәлелдеп жатудың да қажеті бола қояр ма екен. Өйткені бие көктемде байланады да күзде ағытылып жіберіледі. Қысыр байлап, қыста қымыз ішкендер саусақпен санарлықтай. Жазда байлайтын биесі жоқ, айран-шалаппен, құрт-ірімшікпен күн көріп отырған үйлер де аз емес. Бір тойғанды шала байлық санаған қазақ қымызды бір қанғанша ішуді аңсайды да жүреді. «Ет пен қымыз сықылды ас жоқ» дегенде оны жоқтықтың әсерімен айтқанын қазақ байғұстың өзі байқамаған болар.

Бәрінен жаманы: ертеңіне ырыздық боларлық еңбек етіп, кәсіп қылмай, бір асым ет қайда? Бір тостаған қымызды кім береді деп, жер ошағынан түтін шыққан, күмпілдетіп саба пісілген үйлердің тамағын аңдып тентіреумен күн өткізгені ғой. Ертеңгі, арғы күндерді көретін көкірек көзі ашылмаса, оның қамын ойлайтын, игі іске талаптандыратын санаға сәуле түспесе сөйтпей қайтуші еді. Еңбексіз, қарекетсіз қазақ кедей болмағанда басқа кім кедей болушы еді. Демек, кедейлік дегеніміз жалқаулық, енжарлық, ынтасыздық, үй іші, ұрпақ алдында жауапсыздық, түптеп келгенде қылмыс екенін кім білген. Абай соны көзге шұқып көрсетіп, құлағына құйып, санасына сәуле түсіру арқылы көкірек көзін ашу үшін кедейге арнап айтып отыр. Көңіліне қарамаған:

Еңбек жоқ, қарекет жоқ қазақ кедей,

Тамақ аңдып қайтеді тентіремей? – деп айыбын бетіне шыжғырып басқан.

Солай. Ет пен қымыздан асқан тамақ жоқ деп лепіріп жүргеніміз басқа тамақтың жоқтығын, бар болса оны алып ішіп-жеуді білмеген дәрменсіздігімізді айтып зар жылағандық деп ұғынсақ жарар. Одан әрі Абай:

Ет, қымыз тамақ болса әркімге арзан,

Тәтті, дәмді іздер ең одан да әрман, – деген ғой. Осы бір жолдарды қайталап оқып, оған көкірек көзімен қарасақ, көп сыр аңғаруға болады. Адамзат қауымы екі емшекті тел еміп ержеткені, оның бірі – мал емшегі де, енді бірі – жер емшегі. Қазақ мал емшегін емуді жақсы-ақ білген. Малдың сүтін ішіп, етін жеген. Қойдың жүнінен киіз басып, үйін жапқан. Сол жүннен үй жиһаздарын жасаған. Киім-кешек тіккен. Бір сөзбен айтқанда, барлық тіршілігі, күнкөрісі малға байланысты болған. Жаз жаңбырлы, жер көк, қыс жұмсақ бола берсе жақсы ғой. Ондайда мал күйлі де, ақ мол. Қазақ тоқ. Жаз қуаң, қыс қатты болды дегенше мал жұтқа, қазақ аштыққа ұшырайды. Сыңар емшекке қараған халық жалғанда жарымай, көп өмірін мұқтаждықта өткізеді екен.

Ал, жер емшегі дегеніміз – қожырауды, суалуды білмейтін құнарлы да сенімді емшек. Ол қанша тер төгіп, қанша еңбек сіңірсең соншалықты дертіп, иіп тұрады. Арпа, бидай қабыңды да, қамбаны да толтырып, дастарқанның берекесін келтіреді. Алма, алмұрт, жүзім, шие... тағы солардай ондаған тәтті жемісті жер емшегін еме білген адам ғана жей алады. Ет пен қымыз дәмді ас екені даусыз. Солардың үстіне жоғарыда айтылған жер ырыздығы – арпа, бидай тағамдары, жеміс-жидектер қосылса, нұр үстіне нұр деген осы емес пе. «Одан да әрман» іздейтін тәтті дәм осылар ғой. Абайдың пайымдауынша, жер емшегін ембесең, аузың асқа жарымайды, ел болып жұрт қатарына қосыла алмайсың. Өз үйіңде күнде тойып ішетін тамақ жоқтықтан ас берер ауылды іздеп тентіреумен күндерің босқа өтіп жатады.

Абай қазақ халқының ғана емес, адамзат санасында қалыптасқан ұғым, түсініктерге сын көзімен қарап, оған жалпы адамгершілік тұрғысынан лұғатты баға берді. «Ескендір» дастанында дүние жүзі ұлы қолбасшы, ұлы мемлекет қайраткері, данышпан патшалардың данышпаны деп аруағына бас иген Ескендір Зұлқарнайын – Александр Македонскийді ол замандастарына мақтан сүйгіш, қызғаншақ, даңғой нәпсіге құл болған ашкөз, қанішер деп таныстырды. Оның шапқыншылық жорықтарының жолында кездескен алтын қақпа күзетшісінің аузына ақын мынадай сөз салады:

Батырмын деп мақтанба ақыл білсең,

Батыр болсаң өзіңнің нәпсіңді жең...

Абайдың пайымдауынша, адамның адамшылығы өз бойындағы жаман пиғыл, құлықтарымен – нәпсімен күрес үстінде көрінеді. Нәпсіңді жеңе алмай ерік берсең, ол саған не істетпейді. Өтірік те айтқызады. Ұрлық та қылғызады. Ашықтан-ашық озбырлық жасаттырып, әлсіздің сыбағасын тартып алғызады. Озбырлардан қол жинаттырып, алыс-жақын көршілеріне шабуыл жасататын да сол. Талау, тонауға ұшыраған ел күйзеледі. Қатын жесір, бала жетім қалып зар илейді. Нәпсінің құлы қаншама адамға қасірет шектірген жеңістерінің буына мастанып, батыр атанады. Абырой, бақыт таптым деп мәз болып жүреді. Ал шын мағынасында бұл батырлық емес, барып тұрған қаныпезерлік болып табылады.

Қазақ тарихында аты аңызға айналған батырлар көп. Олар туған жерін, елін жоғарыда айтылғандағыдай озбырлардың қанды шапқыншылығынан қорғаған. Солармен қатар өзінің қазағын, көрші аталар мен руларды шапқан, адамын өлтіріп, дүние-мүлкін тартып алған, жылқысын айдап әкеткен батырлары да аз болмаған. «Нәпсіңді жең» дегенде Абай осындай батырлықтан сақтандырған. Алыс-жақын көрші жұрттар, жалпы адам атаулымен тату тұруға, бейбітшілікке үндеген.

Абай осылай батырлықтың шын сырын ашып, оған жаңа ұғым берді. Адамды азғындық жолға түсіретін нәпсіні жеңген адам ғана батыр бола алатынын Ескендір өмірінен алынған мысалмен дәлелдеді. Бір сөзбен айтқанда, нәпсіні жеңген адам ғана ізгі жолда адал жүріп, адал тұра алады. Ақын әрбір адамға осындай батырлық керек деген ой тастады. «Нәпсіге тыю салу» үлкенді-кішілі басшыға қойылатын басты талап екенін «Қайтсе көңіл болады жұрт билемек» деп басталатын өлеңінде де еске салады.

Жастарға арнаған «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде халқымыздың көкірек көзін ашарлық көп сыр бар.

«Қатының сені сүйсе, сен де оны сүй,

Қоржаң, суық келеді кей сасық ми», – деген жолдарды ой көзімен оқып көрейікші. Қазақтың бәрі болмаса да, көпшілігі әйелді өзіне тең тұтпай, кемсітіп ұстаған. Сынықтан сылтау тауып қатынын ұрсып-жекіп, сабап тастауды кей жігіт өзіне бір ерлік көріп, мақтаныш санаған. Абай заманында әйелдің қадірін біліп, оны қорғайтын, сыйлайтын адам аз да, «қоржаң, суық, сасық ми» көп еді. Ақын сол бір жексұрын қылықты өткір өлең тілімен әшкереледі. «Ері ақылды, әйелі мінезді» болса, үйдің іші ұядай жылы болатынын, үй ішінің рахатты өмір кешетінін санаға сіңіретіндей етіп нақпа-нақ айтып береді.

Құдай тағала ұлы күш – адамды жаратқанда алалық жасамаған. Ілуде біреуді болмаса, барлығының дерлік он екі мүшесі түгел, дендері сау болып туған. Көкірек көзінің барлығына ешкім күмән келтірмесе керек. Заманына, өскен ортасына, тәлім-тәрбиесіне қарай сол көкірек көзі біреуде ертерек, біреуде кешірек ашылған. Кейбіреулерде шала-шарпы ашылып, сығырайған күйінде қалып қойған. Жеке адам ғана емес, ұлттар мен ұлыстардың парасаттылық дамуы да осы көкірек көзінің ашылуына байланысты болған. Бұл тұрғыдан алғанда Абай заманында қазақтың қай деңгейде болғаны айтпасақ та түсінікті. Мешеуліктің басты бір себебі қара танымаған кезде ғана емес, құлақтың құлқында деп білген ақын сол мінді түзетуге күш салды. «Көңілсіз құлақ, ойға олақ» деп дұрыс тыңдай білмеген адамның не жақсы, не жаман екенін ұға алмайтынын, құлақ көңілді болмай санаға сәуле түспейтінін, көкірек көзінің ашылуын қиындатып, ойлау күшін тежейтінін оңай жатталып, жадында жақсы сақталатын асыл сөзбен еске салды.

Осыған орай қазақтың өзі көріп білмеген, ерсілігі жоқ әдет санаған бір жаман қылығы, міні жөнінде де айта кетуге тура келеді. Күнделікті өмірде туып жататын көп мәселенің біріне байланысты ата, ру, ауыл адамдары бас қосады. Озық ойлы азаматтар бірінен соң бірі сөз алып, басқа түскен ауыртпалық, одан шығу жолдары туралы таусыла айтып жатты. Ал тыңдаушылар ше? Олардың бәрі болмаса да үлкен бір бөлегі бірін-бірі жаңа көргендей сыбырласып-күбірлесіп, ара-арасында жыртыңдап күлісіп отырады. Бірде о жағына, бірде бұ жағына қарап, әлдекімдерді іздеп көзімен амандасып, ымдасып сөйлесетін де амал табады. Бұл кезде төрде отырғандардың айтқан сөздері құлағына енбей, айдалаға кетіп жатады. Абай «біреуді олай, біреуді былай қарап, түгел сөзді тыңдауға жоқ қой қазақ» дегенді осындайды көріп күйінгендіктен айтқан. Көкірек көзінің ашылуына кедергі болатын жаман әдеттен сақтандырып, ақылды сөзді байыппен тыңдап, одан тәлім ала білуге шақырған.

Жұмыр Жер-ананы мекендеген жан иелерінің арасында жұмыр басты, екі аяқты адамның алатын орны ерекше. Саналылықпен қауымдасып іс қылып, табиғаттан бар керегін ала білетін де, одан қанша алса сонша беріп, қайта түлететін де сол. Ала білу мен бере білуді тең ұстау, зорлық-зомбылыққа қатаң тыйым салған әділетті қоғам болуы үшін оның әрбір мүшесінің көкірек көзі ашық, жақсылыққа құштар жаны ізгі болуға тиіс. Сондықтан да Абай: «Атымды адам қойған соң, қайтып надан болайын» деп кесіп айтқан. Адам болған соң оның надан болуы кешірілмес айып деп білген. Жаратушы Құдайынан тілегені, бар арманы туған халқының көкірек көзін ашып, надандықтан құтқару болған.

Адам дегенді Абай жеке адам емес, қауым, қоғам, тұтас ұлт пен ұлыс деп түсінген. Ұлттық адамзат көшінде өзіне лайықты орын алып, замана талабына сай өркендеуі үшін белгілі адамдар тобының надандықтан құтылып, парасатты адам болуы жеткіліксіз. Ұлттың өзгелермен терезесі теңелуі үшін оның ұлттық сана деңгейі көтерілуі шарт. Жалпы ұлт жетілмей, қараңғылық тұманы басып тұрғанда талаптылардың көбін сол тоғышарлық құрдымы тартып кетеді. Осыны көкірек көзімен көре білген ақын жоғарыда мысалға келтірілген өлең жолдарынан кейін «халқым надан болған соң, қайда барып оңайын» деп күйінішін айтып кеткен. Адаммын деп жүрген әрбір азаматқа ұлт деңгейін көтеру үшін оның көкірек көзін ашуға қызмет ет деп өсиет қалдырған.

Абай қазақтың өткенін жақсы білді. Өз заманының құбылыстарын терең түсінді. Ұлттық пиғыл, әдет-ғұрыпты, «құлақтан кіріп бойды алар» өлең жолдарымен өрнектеп, болашаққа жол сілтеді. Қорыта айтқанда, туған халқының болмыс-бітімін бейнелеп, тайға басылған таңбадай көрсете отырып, көкірек көзін ашуға бар күшін, өнерін жұмсады. Сол көзге шел қаптатып, оң мен солын танытпау үшін ақ пен қызыл империялар не істемеді? Бір жақсысы, олар құлады. Еліміз тәуелсіздік алды. Халқымыздың адамзат көшіне дербес қосылуына жол ашылды. Тәуелсіздігіміз баянды болып, қазақтың көкірек көзі ашыла бергей!

 

Сапабек Әсіпұлы

(Редакцияға ұсынған – Сапабек Әсіпұлының зайыбы 

Зинахан Күнешқызы)

19.09.2025

Ұқсас жаңалықтар

БАЛА ӨЛІМІНЕ БЕЙ-ЖАЙ ҚАРАУ – БОЛАШАҚҚА ОПАСЫЗДЫҚ ЖАСАУ
Сәуле МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері - 26.09.2025 320
Бас жоспар   жарты млн тұрғынға арналған
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы (Облыс әкімінің баспасөз қызметінің мәліметі негізінде дайындалды) - 25.09.2025 165
Пәкістаннан пана таппаған қазақтар
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 25.09.2025 466
22 ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ЖИЫН НЕСІМЕН ҚҰНДЫ?
Нағашыбай Қабылбек - 25.09.2025 313

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 18231
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 18091
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 33279
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 31829
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 35535