Ұлт тіліне жанашыр ұстаз

Ұлт тіліне жанашыр ұстаз

Облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Кемел Оспанов халықаралық «Qazaqstan dauiri» газетінің өңірдегі жанашыры ретінде аталмыш басылымның басшыларына кеңінен танымал. Ал оның зайыбы Балғаным Оспанова    облыстық  білім беру мен мемлекеттік қызмет саласына өзіндік үлес қосып келе жатқан ардақты жан, білікті педагог, тәжірибелі ұстаз.  Ол  осы ақпан айында  асқаралы  60 жастың мерейлі  шағына  қажымай-талмай қадам басып отыр. Бұл – мағыналы да мазмұнды ғұмырдың, маңдай термен келген абыройдың, ел игілігі жолындағы тынымсыз еңбектің жарқын белесі.

 

«Жүзден жүйрік» байқауларының жеңімпазы

Балғаным Дүйсенқызы бар саналы ғұмырын қазақ тілінің тағдырымен, ұрпақ тәрбиесімен тығыз байланыстырған, жалықпай ұстаздық етіп келе жатқан жан. Маңғыстау облысында дүниеге келген батыстық қыз «Құрмет белгісі» орденді А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша табысты тамамдап, кейіннен Омбы мемлекеттік педагогикалық университетінде «Педагогикалық білім беру» бағыты бойынша магистр дәрежесін иеленіп, аталмыш жоғары оқу орнын үздік дипломмен аяқтаған. Тынымсыз ізденіс пен рухани толысуға деген құмарлық, шеберлікті шыңдай түсу мен кәсіби дамуға деген ұмтылыс – оның өмірлік ұстанымына айналған.

Еңбек жолын жас маман бұрынғы Москва ауданындағы (қазіргі Есіл ауданы) Корнеевка орта мектебінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып бастап, аталмыш білім беру мекемесінде табан аудармай 12 жыл еңбек етті. Кейін жұбайы Кемел Қарашаұлының қызмет ауыстыруына байланысты облыс орталығына қоныс аударды. Алғашында №1 қалалық лицейде, 4 жылдан кейін М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің мектеп-лицейінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі ретінде жиырма жылдан астам уақытын шәкірттерге саналы білім мен тәлімді тәрбие беруге арнады.

Осы жылдар ішінде ұлағатты ұстаз шәкірт жүрегіне ана тілінің қадір-қасиетін сіңіріп, олардың білімге деген ынтасын арттыруға, ой-өрістерін дамытуға бар күш-жігерін жұмсады. Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкірт жетістігі десек, бұл тұрғыда Балғаным Дүйсенқызының еңбегі жемісті, жүрген жолы тағылымды болды.

Жоғары оқу орнында дәріс алып жүрген кезінде студенттердің ғылыми жұмыстарына қатысуды әдетке айналдырған Балғаным Дүйсенқызы еңбек ұжымында да шығармашылықпен жұмыс істеу қажеттігін тәжірибелі әріптестерінің уақытпен санаспай, атқарған жұмысына беріле еңбек ететін іс-әрекеттерінен үйренді, олардан кейін қалуды өзіне намыс санады. Сөйтіп, ол орыстілді ортаға мемлекеттік тілді қалай тиімді меңгертуге болады, ол үшін қандай әдістемелер қолданған жөн, заманауи жаңа технологияларды қалай оңтайлы пайдалану керек деген сияқты сауалдар төңірегінде ойлана бастады. Оны жыл сайын өткізілетін, мұғалімнің шеберлігі мен шыққан биігін танытатын қалалық, облыстық ұстаздар байқауына алып келген де осы «Мен кімнен кеммін?!» деген талпыныс болатын. Алғашқы қадамдары жеңіс әкелді. 2005-2006 жылдары облыстық «Жүзден жүйрік» байқауларының бірден-бір жеңімпазы атанды. Бұл шеберлік сынағы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті ұйымдастырған республикалық «Қазақ тілінің үздік ұстазы» байқауына облыс атынан қатысуға мүмкіндік берді. Республикалық байқауда да жерлестерінің үкілі үмітін ақтап, құзырлы сынақтың бас жүлдесін қанжығасына байлады.

Мемлекеттік тілдің үздігі 2008 жылдан бері педагогика ғылымдарының докторы Жанартай Көбдікованың «Оқытудың үшөлшемді әдістемелік жүйесі» мен педагогика ғылымдарының докторы Нұршат Оразақынованың «Сатылай кешенді талдау технологиясы» атты авторлық курстарынан өтіп, 5 түрлі сертификатқа ие болды. Осы жылдары «Оқушыларды қазақ тілінен пәндік олимпиадаға жүйелі, тереңдетіп дайындауға арналған оқу-әдістемелік құрал», «Айгөлек», «Солнышко», «Ақ көгершін» балабақшаларының мұғалімдерімен бірлесіп «Орыс тілінде жұмыс істейтін балабақшаларға арналған қазақ тілінен күнтізбелік жоспар», «Қазақ тілінен жазғы сауықтыру лагеріне арналған әдістемелік нұсқау», Нұрша Оразақынованың «Сатылай кешенді талдау» технологиясы бойынша орыс тілінде білім беретін мектептің 5-сыныбына қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің таңдау курсына арналған оқу құралдарын жазып, облыстың және республиканың білім беру мекемелеріне таратты, ғылыми-тәжірибелік мақаласы «Ш.Уәлиханов: азамат, патриот, ағартушы ғалым» жинағына енді.

 

Кембридж университетінің марапатына ие болған

Орта мектеп пен қаладағы заманауи озық лицейлерде мол тәжірибе жинақтаған Балғаным Оспанова білім беру мекемелерінен кейін облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында аға оқытушы болып еңбегін жалғастырды. Бұл ғылыми-тәжірибелік орталықта ХХІ ғасырдың оқушыларына білім-тәрбие беретін ұстаздар қауымына жаңа технологиялар негізінде дәстүрлі емес әдістерді таныту, сындарлы оқыту теориясын меңгерту, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануға баулу, рефлективті ойлауға үйрету мақсат етіледі.

– Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында қызмет атқарғаннан кейін біз ұстаздардың ұстазы болуға міндеттіміз. Өйткені, курсқа келген мұғалімдер бізден өз қоржынын толтырып, кейін оны сабақтарында пайдалана аларлықтай жаңалық күтеді. Дайын білімді таратуға арналған дәстүрлі әдістің заманы өткен. Заман ағымына орай үйренемін, оны өз жұмысымда пайдаланамын деген ұстазға қалыпсыз ерекше бағдарлама қажет. Біліктілігін арттыра келген мамандар заманауи жаңа технологияны меңгеруді мақсат етеді. Сондықтан институт қызметкерлері олардан бір саты жоғары болуы керек. Соны сезінгендіктен, республикалық мұғалімдер біліктілігін жетілдіру институтының Астанадағы мұғалімдер шеберлігі орталығында Кембридж университеті ұйымдастырған халықаралық емтихандар кеңесінің үшайлық бағдарламасына қатысып, валидациялық марапатына (сертификатына) ие болдым, – деген болатын осыдан бірнеше жыл бұрын Балғаным Дүйсенқызы. Оның айтуына қарағанда, өзі қатысқан курс «бетпе-бет», «мектептегі тәжірибе жұмысы», «тағы бетпе-бет» сияқты нақты үш кезеңнен тұрады екен. Оның алғашқысында ЮНЕСКО және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсыныстарымен үйлесетін жеті модульдік тәсіл көрсетіліпті. Екіншісінде мұғалімнің өз тәжірибесі туралы ойланып, зерттеу жүргізуі, ең соңында оны қорғап шығуы талап етіліпті. Ол қазақстандық мұғалімдердің қарқынды өзгеріп жатқан өмір жағдайында үздіксіз кәсіби дамуға дайын болуына көмектесуді мақсат еткен көрінеді.

– Сол кезде институтта курс тыңдаушыларын үш кезеңдік бағдарлама бойынша оқытып шығардық. Өз тәжірибесін 3-ші кезеңде сәтті қорғап шыққан ұстаз 1-санатты мұғалім дәрежесіне иеленіп, айлық жалақысына 30 пайыздық үстеме қосылыпты. Бұл – ынталандыру ғана емес, өскелең ұрпақпен жұмыс істейтін мамандарды шығармашылыққа тарту, ынталандыру болып саналатын, – дейді заман ағымына қарай Педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтында еңбек еткен білікті маман.

2019 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Балғаным Дүйсенқызы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалында аға оқытушы қызметін абыроймен атқарып жүр. Бұл жауапты қызметте ол мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуына, басқарушылық мәдениеті мен коммуникативтік құзыреттерін жетілдіруге, академия тыңдаушыларын іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізе білуге зор ықпал етуде. Оның дәрістері мазмұндылығымен, өмірлік тәжірибеге негізделген практикалық бағытымен, мемлекеттік тілге қоса орыс тілін жетік меңгергендігімен ерекшеленеді. Сондықтан болар, аға оқытушы Мемлекеттік басқару академиясының Ақтау, Түркістан секілді өңірлік филиалдарына да арнайы шақыртумен барып, дәріс оқып, тәжірибелерімен бөлісіп жүр.

Елеулі еңбегі мемлекет пен қоғам тарапынан лайықты бағасын алды. Ол – ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің «Қазақ тілі» пәнінің жыл ұстазы І дәрежелі дипломымен, облыс әкімінің, облыстық білім басқармасының құрмет грамоталарымен, республикалық байқаулардың жүлделі дипломдарымен марапатталды.

Іскерлік қабілеті мен адами болмысы қатар үйлескен Балғаным Дүйсенқызы – жауапкершілігі мол, талапшыл, әділ әрі принципшіл маман. Қай ортада болмасын беделге ие, ұжымда сыйлы, жастарға үлгі бола білетін тұлға. Ол – Солтүстік Қазақстан облысында қазақ тілінің дамуы мен қолданыс аясын кеңейтуге жанашырлықпен атсалысып келе жатқан азамат.

Қызметтегі табысты жолымен қатар, ол – отбасына ұйытқы болып жүрген ардақты жан, екі баланың қамқор анасы, үш немеренің сүйікті әжесі, Кеңес Одағының батыры Жәлел Қизатовтың ерекше құрмет тұтқан жиен келіні. Отбасылық құндылық пен кәсіби жауапкершілікті қатар алып келе жатқан өнегелі жанның өмір жолы көпке үлгі, өнеге.

Балғаным Дүйсенқызы – білім беру мен мемлекеттік қызмет саласының нағыз майталманы, ұлт тілінің жанашыры, ұрпақ тәрбиесіне ғұмырын арнаған ұлағатты ұстаз. Білікті маманды мерейлі 60 жасымен шын жүректен құттықтай отырып, зор денсаулық, шығармашылық шабыт, отбасына амандық, ел игілігі жолындағы еңбегіне толағай табыс тілейміз!

 

Нұрсайын ШӘРІП,

Қазақстанның құрметті журналисі,

Солтүстік Қазақстан облысы

 

06.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23073
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 22828
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 38854
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36365
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 40455