Ресми деректерге сенсек, Қазақстанда 200- ден астам мұнай-газ кен орындары бар екен. Мұнай қоры 11-12 милрд тоннаны құрайтын еліміз қара алтын көлемі бойынша әлемнің 15 ірі мемлекетінің қатарына кіреді екен. Осы жағынан алсақ, қара алтынды қазақтың құты десек, оған иелік шетелдіктер қолында екені жұттай көрінетіні бар. Тарихи деректерге жүгінсек, мұнай қазақ жерінде ХІХ ғасырдың аяғында табылса керек. Бірақ, содан бері ол анау БАӘ, Кувейт, Сауд Арабиясы, Оман, Катар сынды араб елдеріндей қазақтың еншісіне басыбайлы тиесілі болып көрмеген екен. Шын мәнінде оның қызығын сол ен байлықтың иесі – қазақтар емес, «көлденең көк аттылар» көретіні жасырудан қалған шындық десек, еш қателеспейміз. Мәселен қазан төңкерісіне дейін оның қызығын ағылшын алпауыттары көрсе, Кеңес дәуірі кезінде оған КСРО атты қызыл империя иелік етті. Кремль әлемнің жарлы-жақыбайларын жарылқағанмен, өзімізге мұнайдың бір тамшысы да бұйырмай өткені бұлтартпас шындық. Егемендік алған жылдары ел экономикасының бойына қан жүгірткен осы мұнай саласы болғаны кәміл. Бірақ оның қызығын қарапайым халық ұзақ көре алмады: биліктің «жекешелендіру» атты қитұрқы саяатының арқасында әлемдік нарықта зор сұранысқа ие, бағасы жоғары шикізат кен орындарын ауқаттылар жаппай жекешелендіріп алып, былайғы жұрт арқасын ерге алдырған аттай қайқаңдап шетке шығып қалды. Қолында тұрғанда етікті қонышынан басқан билік басындағы шенділер мұнай кен орындарын пұлдап шетелдерге сатып, қалғанын шикізат ретінде сыртқа шығарып, пайдаға белшесінен батқаны кеше-тін. Қолданыстағы заңға сәйкес, елде салық өндірілген мұнайдың көлеміне қарай төленеді. Бірақ ол салықтың мұнай өнімдерін өз еркіңше сатудан түскен пайдадай болар-болмасының арасы жер мен көктей екені анық. Одан басқа елде жыл сайын өндіріліп, сыртқа сатылатын мұнай шикізатынан түсетін табыс пайдасының көлемі қандай екені жалпақ жұрт үшін жеті қат жер астындағы құпия екені тағы бар. Оны жоғарыдағылар ашып айтпайды, сол себепті халық одан бейхабар. Ал, мұнайды шикізат күйінде өңдемей сату өте арзанға түсетіні, оның өте тиімсіз екені олигархтарды алаңдатпайды, оларды қызықтыратыны – қандай жолмен болса да пайда табу. Сосын біздің елде өндірілген мұнайды өңдейтін үш-ақ зауыт бар, олардың күш-қуаты қажет деңгейде мұнай өңдеуге мүмкіндік бермейді әрі өңдеген шикізатының сапасы сын көтермейді. Содан да болса керек, елдегі жанармайлардың сапасы өте төмен, сондықтан да бағасы басқа елдерге қарағанда арзан. Ендеше шикізат сату мен өңделген тауар сатудың пайдасын салыстырып қараудың өзі күлкілі. Бұл – бір.
Екінші бір маңызды проблема – мұнай өндіру саласының қоршаған ортаға келтіретін зияны. Бұл да ел-жұртты қатты алаңдатады. Өкінішке қарай, экологтар дабылына құлақ асып жатқандар аз. Әрі кетсе кәсіпорындарға азын-аулақ айыппұл салып, сонымен бар мәселенің соңына нүкте қойылады, яғни «құда да тыныш, құдағи да тыныш». Оған Каспий теңізінде жыл сайын саны азайып бара жатқан итбалықтардың тағдырын, Батыс Қазақстан облысында қынадай қырылған ақбөкендер мен құстарды мысалға келтірсек те жеткілікті. Еліміздің жыртық-тесігін жамауға талғажау болып отырған Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған сынды кен орындарындағы жағдай көңіл алаңдатады, себебі, бұл кен орындарындағы өндірісті экологиялық тұрғыдан модернизациялау жағы кемшін соғып жатыр. Мамандар сөзіне сенсек, су басып, соның астында қалған скважиналар теңіз суын ластап жатыр екен. Сол себепті кен орнының экологиялық жағдайын жаңғыртпайынша, сол таз қалпымызда қала береріміз кәміл. Оның үстіне елімізде осы мұнай саласына қажетті білікті, кәсіби шеберлігі жоғары мамандардың жетіспеушілігі де қолға байлау болары даусыз. Мемлекеттің уақыт созбай тез арада шешуі тиіс өзекті мәселесінің бірі – нақ осы кадр проблемасы екені анық. Соның салдарынан отандық мамандарымыз мұнай саласында істеп жүрген шетелдік қызметкерлермен бірдей жалақы алмай, жұмыс беруші шетелдіктер тарапынан алалауға ұшырайды. Сосын билікті табиғи кен байлықтарының болашақ тағдыры да қатты алаңдатуы тиіс-ақ. Өйткені олар шетінен қопарып ала беретін таудың тасы емес, күндердің бір күнінде түгесілетін, қайта қалпына келмейтін стратегиялық маңызға ие қазба байлық түрі ғой. Ендеше Олимп төрінде отырған лауазымды тұлғалар сол қазба байлықтардан болашақ ұрпаққа да енші қалдыру жағын ойластырғандары жөн болмақ. Мысалы, аспан асты елі – Қытайда, мұхит артында жатқан АҚШ-та мұнай жоқ деп ешкім айта алмайды: бұлардағы мұнай қоры біздікінен артық болмаса, кем емес. Бірақ Қытай Африка елдері мен Қазақстан мұнайын игілігіне жаратып жатса, АҚШ араб елдерінің мұнайын тасымалдаудан жалығар емес. Неге десеңіз, олардың түпкі мақсаттары – мұнайдай бағалы шикізат қорын артқы ұрпақтарына мұра ретінде қалдырып кету. Ертеңдері қазақ жерінің де мұнайы сарқылатын күн туары анық, ал біз артқы ұрпағымызға сондай байлық көзін қалдыру жолында қам-қарекет жасап жатырмыз ба? Міне мәселе қайда?!
Еске сала кетер жайт – күллі әлемді дүрбелеңге салып келген былтырғы коронавирус жылғы дерек бойынша, елімізде әлемнің 15 еліне тиселі 86 мұнай өндіретін ірілі-ұсақты компания тіркелген екен. Олар өткен жылдың 6 айында 44,9 млн тонна мұнай мен газ конденсатын өндіріпті. Солардың ішінде таза отандық компания «ҚазМұнайГаз» – 26 пайыз нарыққа иелік етіп, елімізде өндірілетін мұнайдың 23,6 млн тоннасын ғана еншілеп отырса, қалған 5,9 пайызы өзіміздің ұлттық шағын компаниялардың үлесіне тиесілі екен. Отандық мұнай нарығын жіті бақылап отырған KazService мәліметіне жүгінсек, алғашқы үштіктің көшін – 29,5 пайыз немесе 26,747 миллион тонналық үлесімен АҚШ бастап тұрса, қазақтар Алла Тағала бере салған төл байлығы – мұнайды игеруде одан бір саты төмен жайғасып, 29,5 пайыз немесе, 26,714 миллион тоннамен екінші орынды еншілеп, аспан асты елі –ҚХР – 17,7 пайыз немесе 16,051 миллион тоннамен үшінші орынға табан тірепті. Еуропа мен Ресей – 17,1 және 3,3 пайыз миллион тонна мұнай өндіруге қол жеткізген. Елімізге соңғы 30 жыл ішінде мұнай өндіру саласына әлемнің 15 елінен инвестиция тартылыпты. Ата Заңымызда жердің үсті мен астындағы қазба байлықтардың барлығы қазақ елінің меншігі деп тайға таңба басқандай анық жазылғанымен, оны инвесторлардың қалай пайдаланып жатқаны жайлы дерекке күмән да, күдік те көп. Аталған саладағы бұрғылау жүргізудегі отандық бизнестің үлесі – 57 пайызды құраса, Қытай жағының үлесі – 23 пайыз. Геофизика мен геологияға жете ден қойып, Теңіз мұнай кеніші арқылы 1990 жылдардан сенімді бизнес серіктес болып келе жатқан АҚШ-тың еншісіне осы басым бағыттың 54 пайызы тиесілі. Біздің елдің аталмыш саладағы үлесі – 27 пайыз көлемінде болса, қазақ-америка бірлескен өндіріс орындарының саны – 2 пайыздың төңірегінде. Осы деректерге зер сала қарасаңыз, қазақ мұнайын Ресей де емес, Қытай да емес, мұхиттың арғы жағында жатқан АҚШ саяси жағынан да, экономикалық жағынан да өз мүддесіне жаратып жатқанын байқау онша қиынға соқпайды. Осының өзінен-ақ қазақ мұнайынан кімнің пайда көріп отырғанын зерделеуге болады. Тәуелсіз қазақ елінің қазба байлығы шаш-етектен деп жаһанға жар салудан алдымызға жан салмаймыз. Бұл – шындық. Байлығымыздың табиғи қорының көлемі жағынан алсақ та, мәселен: мұнай, уран, көмір, алтын, күміс, мыс, мырыш рудалары жөнінен дүние жүзіндегі мемлекеттер арасынан алдыңғы ондықтан ойып тұрып орын алады екенбіз. Кейбір деректерде: «Қазақ елінің зерттелген қазба байлығының қоры 10 триллион АҚШ долларын құрайды», – деген мәліметтер де кездеседі. Бұл деген керемет, шексіз байлық қой! Осы байлықты елде мекен ететін әрбір жан басына шаққанда да әлемдегі алдыңғы ондықтың қатарына енеді екенбіз. Ал біздің билік болса, ел байлығын әкесінен қалған мұрадай көріп, жатқа шүлен таратқандай үлестіріп жатыр. Қазіргі таңда мемлекетімізде өндіріліп жатқан байлығымыздың 95 пайызы шетел асып, оның ішінде «қара алтын» – мұнайымыздың 80 пайызына шетелдік инвесторлар иелік етіп отыр. Ал сол мұнайдың, кен орындарының нақты иесі – қазақ жұрты ел байлығына шынайы қожайын бола алмай, жатжұрттықтардың қас-қабағына жалтақтаумен күн кешіп келеді. Бұндай «құлдық психологиядан» қашан айырыларымыз бір Аллаға ғана аян. Бұл мәселе қазақ ұлтты азаматтардың барлығын мазалауы тиіс деп ойлаймыз. Бұған сіздер не дейсіздер, патша көңілді оқырман?..