Қазақтың ұлттық киімінен әлемдік рекорд жасалды

Қазақтың ұлттық киімінен әлемдік рекорд жасалды

Көзайым хабар

 

Ауық-ауық сіркіреген Амал нұрына ажарын тосқан Ақтау тарихи сәт куәсіне айналды. Ұлт айбыны мен көк айдыны көкжиекте тұтасып, ақжал толқындар сабалаған теңіз сағасына алапат рух тербелісі аңғарылды. Түп-түбірі мыңжылдықтар  тамырынан түйнеген,  Кеңес кезеңінде  күресінге кеткен төл тарихтың кие-кепиетін  таныту арқылы сан түрлі  мәдени тізбектер тоғысқан жаһандық  кеңістікте өз шырағымызды жаққандай болдық.  Жер ғаламды жайлаған кез келген ұлт тарихы, тілі дінімен ғана ғұмырлы. Тарихи желіден бірте-бірте қол үзер болсақ, онда ұлт ретінде өзіміздің даму үдерісімізді кілт тоқтатып, сол жерден құрдымға қарай құлай беретініміз анық. Сондықтан ұлттық киім киюден орнаған әлемдік рекорд  ол ауызбірлік пен ата ғұрыпты ұлықтаудың белгісі ғана еместарихи бірегейлік пен  тұмса тектіліктің, рухани кемелдік пен келешекке кепілдіктің  нышаны

Межелі күні таң атысымен Амфитеатр алаңына бет алған  халықтың қарасы сәт санап  қалыңдай түсті. Бірер күн бұрын арнаулы білезігін  алып, реттік нөміріне сәйкес топтаса тізілген қыз-келіншектерге бет бұрдық. Ұлттық нақышпен көмкерілген киім үлгілері көз жауын алардай көркем. Жадағайын желбегей жамылған, иініне ішік ілдірген ілтипат-ізетімен, келісті бітімі, көрікті келбетімен, жар-жұрқ етіп жасанған бұрымдылардан көңіл бүрленгендей.  Ескінің бағалы барқытымен тысталып, қызыл сәтенмен астарланған мына қамзол Қымбаттың қары шешесінің көзіндей құнды қазына. Зады асыл ана ақылына ұйып, өсиет-өнегесін көкірек көмбесіне құйып өскен ол тарихи сәтте жәдігер арқылы ғазиз бейнені ұрпақ жадында жаңғыртқандай болды. 

«Енем 96 жасқа келіп қайтты. Үстімдегі жадағай оның қайын апасына тиесілі. Былай айтқанда, ғасырдан астам шежіреден сыр шертетін шынайы экспонат. Сырты табиғи мақпал, астары шыттан, түйе жүнінен жұқалап  сырылып тігілген жадағайдың жағасы мен өңіріне зер салынған, етегі оқалы өрнекпен көмкерілген ескінің сарқытының сыны кетсе де сыры кетпеген. Өңіріне тағылған қоңыраулы түйме мен  күлте шашақ,  міні бір құралмаған қандай кәделі бұйым десеңші. Бүгінгі мына сән-салтанат, ұлы думанда дүрліккен дүйім жұрттың діттеген мақсаты да бір  дүниеге көненің көзі, ықылымнан із, жосық қалған материалдық мәдениетіміздің теңдесіз жетістігін дәріптеу. Кеудемді мақтан керіп, төбем көкке екі елі жетпей тұр»,дейді Наташа апа

«Тойдың боларынан, боладысы қызық» демекші, Гиннес рекордын орнатуға ниет еткен маңғыстаулықтар біраз бұрын даярлықты бастап кеткен көрінеді. Қай бағытқа бет бұрсаң да көз ұшыңда  ілмелі жаулық, кестелі  желек, қос етек көйлек, сәукеле, оқалы  қамзолқұндыз жағалы, етек-жеңі зерлі жолақпен жиектелген ішіккемер белбеу, сүйір тұмсықты саптама етік  ұлттық киім үлгілерін ұлықтаған қыз-келіншектердің көркем бейнесі көлбеңдейді. Ерлердің сән-салтанаты бөлек. Бөрік, малақай, қалпақ, үстеріне кестелі жейде, бешпент, шекпен, тайжақы ішік, кестелі шалбар, елтірі тон, түйе жүн шекпен киген еңселі ерлердің  кескін-бітіміне көз жүгірткен жас өрендер  ел тарихын ой елегінен өткізуге еліге түсері айқын

Жанды жадыратар жайт жасы егде жандардың да жиында бой көрсетуі еді. Ескілікте қаракөл елтірісінен тігілген тондар, шекпен-шапандар аса құнды болған деседі. Ұлыстың ұлы думанында өткен тарих еншісінде қалған өсиет-өнегесі мол әдет-ғұрыптардың әдіптелуі ертеңімізге деген сенімді нығайта түсті. 

Мәселен, жасы сексенге жуықтаған Сай-Өтес ауылының тумасы Мамай Байғалиұлы бұл іс-шараға қарашаңырақтағы бала-келінімен арнайы келді. Руы медет Мамай ақсақал дауылпаз ақын Махамбет Өтемісұлының жиеншары. Қапсағай денелі, қайың қапталды қарияның  болмысы алыстан-ақ көзге бірден шалынады. Еңсесі биік, ерен болмысын үстіндегі   елтірі тоны ерекшелей түседі.  Жетпіс жылға жуық тарихы бар құнды жәдігер өткен-кеткеннің көзіне оттай басылып, білмекке құмарлығын оята түскендей

Рекорд қоюға тіркелгендер саны бес мың. Ал  Амфитеатр алаңына жиылған халық ауаны бұл межеден асып артылмаса, кем түспесі кәдік. Теңіз жағалай тігілген ақшаңқан үйлердің саны алпысқа жуықтады. Амал мерекесінде айдынды атырап өнерпаздары керуен көш ұйымдастырып, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерімізді жаңғыртты. Олар нағыз қазақы көштің үлгісін көрсетіп, мерекенің шырайын келтірді. Ақ пейілін ақтарыпақ дастарқаннан дәм ұсынған киіз үйлер маңында тұсаукесер, сырға салу секілді дәстүр дәріптелді. Одан бөлек бұл күні ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жастар алтыбақан аясында ән салды. 

«Best Fest Nauryz» атауын иемденген ауқымды іс-шараны жетік ұйымдастыру жоғары жауапкерлікті жүктері анық. Ұйымдастырушылар үлкен еңбекпен міндет үдесінен шыға білді.  Жаяу-жалпылаған халыққа кедергі келтірмес үшін бір бағдарда қоғамдық көлік қозғалысын  ұйымдастырды. Нөсерлі күннің суық сызына сыр білдірмей, ұлт тағдырындағы тарихи сәтке үлес қосуға ниет еткендерге  дәм үлестірген еріктілерге де ел-жұрт дән риза болысты.  Пейілі  паң даладай дарқан, мейірі таң нұрындай кіршіксіз, қонақжай халықтың қадір-қасиетіне шетелден келген қонақтар да таңдай қағысты. Ұлан-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен Ұлыстың ұлы мейрамын ұлықтау үшін арнайылап жеткен жұртшылық та алғысын жаудырып, ақжарма тілектің тиегін ағытты. 

Мен сонау Алматыдан ат арытып жеткен жанмын. Мына керемет көрініс, ұлттық киім мен отаншылдық рух үйлесімі мерейімді асырып, мейманамды тасытты. Ұлттық киім  көшпелі өркениет сарқыты, жаңаның жақұты. Асыл мұрамыздың алтын сағасын, тұнық бастауын аршу өскелең ұрпақтың ұлы мұратына айналуы тиіс. Ал мұндай тарихи тағылымы зор іс-шаралар ілкі буын мен ізбасарларды іргелі бастамаларға ынталандыра түсері анық. Әлемдік рекорд оң болсын, Алаш жұрты! – деді Балырыс Меңдікенова

Санаулы сағатқа созылған санақ нәтижесінде әлемдік рекорд Маңғаз Маңғыстауда ақ шулан толқынды қарт Каспий жағасында ақмаржан Ақтау шаһарында 22 наурыз күні түскі сағат орнады. Осылайша Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбайға  Біріккен Корольдіктен Гиннесс рекордтар кітабының ресми өкілі Ричард Стэннинг  «Қазақ ұлттық киімімен ең көп адам жиналуы» аталымы  бойынша  арнайы сертификатты  табыстады.

Ұлыстың ұлы күнінде тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Қазақ халқының терең тарихы мен бай мәдени мұрасын, ұлттық дәстүрімізді жер жаһанға паш еттік. Маңғаз Маңғыстауымызда қазақтың ұлттық киімінен әлемдік рекорд орнады. Осынау зор жетістікпенен барша отандастарымызды құттықтаймын! Қазақ халқының мәдениетін насихаттауға атсалысқан бастамашы топқа, Лондон қаласынан арнайы келген Гиннесс рекордтар кітабының өкілдеріне және рекорд орнатуға үлес қосқан барша қатысушыларға алғысымды білдіремін! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда Ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында Наурыз мейрамының орны айрықша екенін атап өтті. Президентіміздің бастамасымен Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал мерекесінен бастап 10 күн бойы атап өтіп жатыр. Күн менен түн теңеліп, Жер-Ана жаңа күйге еніп, тіршілік атаулы оянып, айнала мәре-сәре болатын Ұлыстың ұлы күні жыл бастауы әз-Наурыз баршаңызға құтты болсын, ағайын! – деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Гиннесс рекордтар кітабының ресми өкілі Ричард Стэннинг тамаша нәтижеге қол жеткізген қазақ халқын құттықтады. 

 Құрметті қазақстандықтар, халқыңыздың басты мерекесіНаурыз мейрамында рекорд жасадыңыздар. Бүгін қазақ елінің салт-дәстүрге берік екеніне, рухты, талғамы жоғары халық екеніне куә болдым. Шара да өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Тарихи оқиға жасауларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! – деді Ричард Стэннинг.

 Бірді-екілі емес, бүкіл әулетімен әлемдік рекордты орнату іс-шарасына арнайы келген жандардың жайдары жүзі, абысын-ажындардың бал-бұл жанған ажары, қыз-қырқынның қыр қызғалдағындай қырмызы өңі, қапсағай денелі  ер-азаматтардың өр еңсесі Ұлысқа ортақ ұлы мейрамның  мән-маңызын үстемелей түсті. Алты алашқа ортақ, ғасырдан-ғасырға жалғасқан өнерпаздық дәстүрлерді бір арнаға тоғыстырған Ұлы той кешкі мерекелік концерт пен отшашуға ұласып, өңір тұрғындары мен қонақтарының көңілін серпілтті.

Голрох ЖЕМЕНЕЙ

10.04.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 4377
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 4555
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 19503
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 18159
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 21606