САБЫР! СЫН САҒАТТА ІРГЕМІЗ СӨГІЛМЕСІН ЕЛ АМАН БЕЙБІТ ЗАМАН БОЛСЫН!
Ел арасына бүлік салған лаңкестердің кесірінен орын алған опасыздық пен сатқындық халқымызды қайғыға душар етіп отыр. Бүгін – 10 қаңтар Президент Жарлығымен Жалпыұлттық аза тұту күні. Қаралы күн. Отан үшін әрбір азаматтың қазасы қасіретті. Төтеннен келген ажалдан қара жамылып, қайғы жұтқан отбасыларға, ата-аналарға, халыққа қабырғам қайыса көңіл айтамын. Отанымыз тыныштығы үшін күзетте көз жұмған қыршын жастарымыз бен құқықтық сала қызметкерлерінің иманы саламат, жандары жаннатта болсын! «Қайғыны бөліссе азаяды» дейді дана қазақ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл шешімі елді сабырға, бірлікке, бейбітшілікке шақырған ақ ниеті, тілегі.
Міне бірнеше күннен бері «Ел басына күн туды» дегендей-ақ болып тұр. Бұл халықтың қасіреті, қайғысы. Дегенмен, «Сабырға келейік! Сақ болайық! Әркім өз бала-шаға, аға-бауыр, іні-қарындасына ие болуымыз керек. Бел шешпей ел азаматтары жұмыс істеп жатыр. Неге бұлай болды, неге былай істемейді деуден аулақпын! Кейінірек бәрі сарапталып, талданып айтыла жатар. Қаншама жастарымыз, бүлдіршін балаларымыз қыршын кетіп жатыр. Қарапайым халық шеруде заң бұзған жоқ, елге лаң салған жоқ!
Жаңаөзеннен «Газ 50» ұранымен басталған бейбіт шеруді қолдаған халық екі-үш күнде біртіндеп республикамыздың барлық өңірінен әлеуметтік теңдік сұрап алаңға жинала бастаған еді... Бірақ, Алматы аз ғана уақытта отқа оранып, халық зар илеп қалды. Бұл сойқанды салған содырлар. Қазақ, қарапайым халық өз Отанына өзі оқ атпайды қастандық жасамайды.Бұр бүлік бірнеше облысты болып қиратып ел тыныштығын бұзғаны белгілі.
Мұны арнайы жасақталған топтар, арандатушылар, криминалист бүлікшілер ұйымдастырғаны анық. Мынау алмағайып аз уақытта мемлекеттің қауіпсіздігі мен ақпараттық қауіпсіздігіміздің әлсіз екенін түсіндік. Қиындыққа төзген, намысқа бекінген елді басқарған ерді көрдік. Сын сағатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев билікті толық өз қолына алып, халықты тыныштыққа, сабырға, арандап қалмауға шақырып Үндеу жариялағаны елдің күпті көңіліне сенім ұялатты. Әр сөзінің мәні, салмағы бар. Президент әлеуметтік салаға қатысты мәселелер бойынша алты бағыттан тұратын шешім қабылдауды тапсырды. Нақты реформалар жасалады деді. Маңызды шешімдер қабылдап, халқымыздың амандығы мен тыныштығы, қауіпсіздігі мен бейбіт өмірі сүруі үшін елдегі ахуалды бақылауға алды. Тиісті батыл қадамдар жасады. Интернет бұғатталды деп «атбауырына алып» туламайық. Интернет, әлеуметтік желіні қалай болса, солай қолдануға болмайды. Әлеуметтік желінің әлегін талай рет айттық та...
ҚАЙТКЕН КҮНДЕ БҰЛ АЛЛАНЫҢ ТАҒЫ БІРІ СЫНАҚТАРЫНЫҢ БІРІ "ЕСІҢДІ ЖИ БЕЛІҢДІ БУ, БІРЛІКТЕ БОЛ АРАЛАРЫҢДА САТҚЫНДАР БАР КӨЗІҢ АШ" .."МЫҢ ӨЛІП МЫҢ ТІРІЛГЕН" БИЛІККЕ, МОМЫН ҚАЗАҒЫМА ЕНДІ ҮЛКЕН САБАҚ БОЛДЫ.
Күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер жанымызды аяздай қарып барады. Жаңа жыл қарсаңында ару Алматыма келген едім. Екі күннен бері қаланы аралап жүрмін. Бүлікті, лаңды өз көзіммен көрдім. Азаттықтың алтын бесігі, Алатау бауырайындағы аяулы Алматымның әсем ғимараттары мен саялы көшелерінің отқа оранғанын өз көзіммен көрдім. Жылаған ата-ана, боздаған халық, қайсар, қайыспай, тыныштық күзетінде тұрған қауіпсіздік қызметін көрдім. Әттең, аңдаусызда арандап қалған халықты көрдім. Жүрек шошиды., көңіл құлазиды, жаның түршігеді.
Теледидардан республика көлеміндегі жағдайдан хабардар етіп, «Хабар», «Хабар 24», «Қазақстан» тб.телеарналары үздіксіз ақпарат таратып отыр. Тәуелсіздігімізге қауіп төнген сын сағатта халық Президенттің сөзіне тоқтады. Халықтан биік ешкім жоқ. Еститін үкімет ендігі жерде халық үніне құлақ асуы керек. Естіді де... Әттең кеш естіді. «ештен кеш жақсы» дейді қазақ.
Демократия деп жалған ұранды қалқан қылып, халық пен билік арасына жік салған арандатушыларды «майдан қылшық суырғандай» ажырата алу, әділ жазасын беру Президентке аманат. Белгілі қаламгер, журналист,айтары бар АЗАМАТ сенатор Нұртөре Жүсіп «Қазақстан» телеарнасынан мақтамай, даттамай салиқалы, салмақты, парасатты пікірін білдірді. Жылпос, мәймөңке пиғылды , тіпті Парламент депутаттарының арасынан да табылады. Екіжүзді, екі сөйлеп, «кімнің тарысы піссе, соның тауығына айнала салатын» жағымпаздар көп.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа айтарым, елі тілеуін тілейді. «Екі кеменің басын ұстаған, суға кетеді» деген... Ел тыныштығы үшін..! Биліктен толық бас тартып, халқының ақсақалы ретінде азат елінің тілегіне қосылып, халқының, Тәуелсіз мемлекетінің тілеуін тілесе екен. Отанымыздың кемел келешегіне, жасампаз қазақ халқының бейбіт өміріне куә болса деген тілегім бар. Бастысы содырларды тоқтатып, елде тыныштық орнату парыз. Талап-тілектер сосын да айтылады. Істің қалай насырға шапқаны талдап, сарапталады. Бұгінге дейін билік көп қателік жасады. Оған ешкім қарсы дау айта алмайды. Халықтың төзімі таусылды. Елдегі қымбатшылық, әлеуметтік теңсіздік, кедейлік ушығып кетті. Бірақ «Ашу дұшпан, ақыл дос» ақылға келейік! Қақтығыста жеңімпаз болмайды. Бір-бірімізді кінәлап, текетірескеннен елге келер пайда жоқ. Мемлекетіміз тәуелсіз 30 жылдағы ең күрделі, ең қауіпті, ең қиын жағдайда. Сын сағатта мемлекет басшысына қолдау көрсетіп, тығырықтан шығуға жұдырықтай жұмыла бірігу – азаматтық парыз, адами міндет. Президент саяси модернизация бағдарламасын жариялайтынын айтты. Сенейік. Ел де, жер де өзіміздікі. «Найзаның ұшы, біліктің күшімен» бабадан қалған аманат – дархан даламыздың, кең байтақ Отанымыздың іргесінің сөгілмеуі бізге сын. Иә, сын сағатта қазақ ынтымағы мен бірлігін, сабыры мен шыдамын көрсете білді. Әлі де үйден шықпайық, тыныштық сақтайық! Билік естіді...
ТАБАЛАУШЫДАН БОЛМАЙЫҚ , АЙНАЛАЙЫНДАРЫМ ТАБАЛАМАЙЫҚ..!
Әлі сараптама жасалып айтылады жазылады ұсыныстар айтылыды халықтың пайымды, үніне құлақ асады деген сенімдемін.
11 қаңтарда Президент жаңа Қазақстанның, жаңа дәуірінің жаңа парағын ашатынына сенейік. Жаңа үкімет құрамын мемлекеттік тілді жетік білетін, елге жаны ашитын, халықтың мұң-зарын жанжүрегімен сезіне алатын, «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп Әлихан Бөкейхан айтқанындай, шын халық қалаулыларынан жасақтау басты міндет. Тоқмейілсуге болмайды. Елдің ертеңі үшін енді әліптің артын бағудың қажеті жоқ. Бізге енді батыл қадам, шұғыл шешім жасап жатқан Президентке кеселімізді тигізбей, адал жұмыс жасауына мүмкіндік беруіміз керек.
ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІ Қ. ТОҚАЕВТЫҢ ҮНДЕУІ-КЕЛЕШЕКТІҢ КЕПІЛІ БОЛСЫН..
ҚАЗАҚСТАННЫҢ "ЖАҢА ДӘУІРІ БАСТАЛСЫН.
Президент халықпен бірге! Халық та қолдайды, күш бірлікте! Қасиетті Отанымыздың, албырт жастарымыз бен қарапайым халқымыздың амандығы үшін сабырға келейік!
АНАЛЫҚ ТІЛЕК ОСЫ..!