Қош бол, 2021! Тарих табалдырығын жақсы жаңалықтармен атта, 2022 жыл!

Қош бол, 2021!   Тарих табалдырығын жақсы жаңалықтармен атта, 2022 жыл!

Қадірлі оқырман!

Уақыт-тұлпар қандай жүйрік еді десеңізші?! Кеше ғана емес пе, XXI ғасырдың ресми 21-жылын қарсы алғанымыз. Уақыт көші бұрқ-сарқ етіп аққан өзен сынды тез-ақ өтіп, мінеки 2022 жылдың табалдырығын аттайын деп отырмыз. Ресми деп қадап айтып отырғанымызда зор мән бар. Марғау Барыс жылымыз біздің данышпан ата-бабаларымыздың есептеуінше 22 наурызда келеді. Сондықтан төл жаңа жылымызды қарсы алып, тойлауға әлі де екі-үш айдың жүзі бар. Әзірге осы жыл, кезекті ресми жыл 2022-ні салтанатпен қарсы ала тұрайық. 

Сонымен 2021  жыл Тарих баба құшағына қарай жылыстап, кетіп барады. Бұл жылға ешқандай өкпе, ренішіміз жоқ. «Адамның басы Алланың добы» деп айтқандай басқа түскен тағдыр-жазмыштың жазғанын көріп, қал-қадарымызша қиындықпен күресіп, келген қуанышқа қуанып, жетістіктерімізге серпіліп дегендей бұл жылды да шығарып салуға дайындалып жатырмыз. Иә, қиындық демекші пандемия, карантин деген қызылкөз пәлекеттерге де үйрендік. Әрине оларды жақсы көрмейміз. Бірақ сүлікше жабысып қалмай, олар бізбен бірге өмір сүріп жатыр. Ара-арасында алып қабаған иттей «арс!» етіп, адамзатты аямай бір қауып алады. Талайларымызды ажал аранына да алып кетіп жатыр. Әрине бұрынғыдай үрейленбесек те қорқамыз. Адамзат дәл қазір жабырқау, тұнжыраңқы. Бірақ өмір ағысымен қарекетімізді істеп, «көппен көрген ұлы той» деп тіршілік етіп жатқан жайымыз бар. 

Ең басты сүйінішіміз ол тып-тыныш, бейбіт өмір сүріп жатқанымыз. Елімізде болып өткен оқиғалармен жақсы таныссыздар. Оларды айтып бастарыңызды ауыртпай-ақ қояйық. Тек кеше ғана тойлаған Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын қалай айтпасқа?! Кеңес империясының шаңырағын шайқалтқан Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы біздіңше «Мен қазақпын!» деген әрбір жанды бір тебіренткені хақ. Небір ұлыларымыздың мерейтойлары өтті. Әрине қарашаның қабырғасына қатты батып бара жатқан қымбатшылықты ауыздықтай алмаған билікке өкпеміз қара қазандай. 

 

Қадірлі оқырман!

 

Қиындық, ауыртпашылық кезінде өздеріңіздің сүйікті газеттеріңізді тастамай, бірге болған сіздерге мың алғыс! Күнкөрістің әуенімен кей-кейде оқылмайтын дүниелер беріп, өкпелетсек кешірім өтінеміз. Бірақ уақыт тынысынан қалмай, сіздерді хабардар етіп, қолдан келгенше сарабдал мақалалар жариялап отырдық. Өткір-өткір, көкейтесті мәселелерді қақырата көтерген тұстарымыз да баршылық.

Енді Құдай қаласа, алдағы уақыт еншісінде ресми 2022 жылға деген жоспарлап отырған таудай-таудай мәселелер де жетерлік. Әрине басты мәселе ұлттық мүдде, халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қомақты үлес қосу. Басқа басылымдардан ерекшелейтін «Ауыл – Ел бесігі» экспедициясы үнемі қозғалыста болады. «Саясат», «Қамшыбасар», «Отбасы», «Ақпарат-сараптама» сынды сіздердің көзайымдарыңызға айналған беттерімізді, айдарларымызды жандандыра түсеміз. Қысқасы газетіміз сіздердің көңілдеріңізден шығатыны сөзсіз. Ол үшін өздеріңіз де  араласыңыздар, жазыңыздар. Ең бастысы жазыла алмай қалсаңыз, тез арада жазылыңыздар! Бар болғаны бір апта уақыт қалды. Иә, келе жатқан ресми жаңа жылдарыңыз құтты болсын! Халқымызға, сіздердің ауылдарыңызға, қалаларыңызға және отбасыларыңызға жақсылық, қуаныш, береке, сәттілік тілейміз. Келер жылы бірге болайық, қадірлі бауырлар!

Зор құрметпен Ертай Айғалиұлы, «Qazaqstan dauiri» газетінің бас редакторы
23.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 843
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 6917
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10756
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 6988
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7127