Қос ғасыр куәсінің бірі – Күлия Үсенова. Ол 1922 жылы 1 қаңтарда Жамбыл облысы, Талас ауданында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Талас ауданында шаруа қожалығында жұмыс істеген. Бүгінгі таңда зейнеткер. «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған. Ғасыр жасаған кейуананың бойынан қайраты қайтпаған. Әлі де сергек. Ешкімнің көмегінсіз жүріп-тұрады. Жүз жыл бойы көрген-білгендері де жадында сақтаулы. Өнегелі ғұмыр иесі Ұлы Отан соғысы басталған жылы ауылдың бас көтерер азаматтарының бәрі соғысқа аттанып, тылдағы тірліктің ауыртпалығы әйелдердің мойнына түскенін айтады. Сол ауыр жылдардың жауапкершілігін басқа замандастарымен бірге Күлия әжей де көтерген. Жарты ғұмырын мал бағып, ауыл шаруашылығына арнаған кейуана қазіргі Қаратау қаласында 1975 жылы халық қалаулысы болып сайланған. Анамыздың өмірлік жары Сәтберген қария – ҰОС қатысқан майдангер. Сағынкүл, Фархат есімді балалары бүгінде аналарының қолын жылы суға салып, күтімін жасауда. Қос ғасырдың куәгері перзенттерінен алты немере, он шөбере сүйіп отыр.
– Ел қорғаған батыр да, сөз маржанын терген ақын да ананың құрсағынан жаратылды. Алтын құрсақты аналарымыздың арқасында небір даналар, батырлар, хандар мен билер дүниеге келді. Біздің ақ жаулықты анамыз да биыл жүздің төріне шықты. Менің өзім жетпіске келдім. Анамызды аялап, алақанында ұстап отырған келінімізге алғысымыз шексіз. Мереке күндері әкімдік тарапынан түрлі құттықтау- лар келіп жатады. Елеп-ескеріп жатқаны үшін ел ағаларына рақмет айтамыз. Оның барлығын анам біліп отырады, – дейді қызы Сағынкүл Сәтбергенова.
Күлия әжейдің арман-тілегі – еліміздің амандығы мен тыныштығы. Өздері бастан өткізген қиын-қыстау жылдарын келер ұрпақ көрмесін деген жүрекжарды лебізін жеткізді.
Ал Ақтөбе қаласында туған Раиса Жандосова бүгінде 93 жасқа келді. Еңбек жолын 1954 жылы Жамбыл қаласындағы Таганович атындағы №38 мектепте орыс тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы болып бастаған. 1958-1963 жылдары орыс тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы болып Жамбыл педагогикалық училищесінде істеген. 1963-1985 жылдары Жамбыл технологиялық жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтының оқытушысы, кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1985 жылдан бастап зейнетке шыққан. 3 қыз бен 1 ұлдан 11 немере, 7 шөбере сүйіп отыр.
Әкесі Ораз Жандосов Жетісу облысы, Верный уезі, Шамалған облысында туған. 1918-1922 жылдары Верный уездік-қалалық депутаттар кеңесінің нұсқаушысы, Жетісу облыстық атқару комитеті ұлттар бөлімінің меңгерушісі, Түркістан КП мұсылман коммунистері секциясы облыстық бюросының төрағасы, Жетісу облыстық революциялық комитетінің және облыс- тық атқару комитетінің төрағасы болған. Ол 1937 жылы тұтқындалып, 1938 жылы наурызда ату жазасына кесілген. Алайда 1957 жылы маусымда ақталған. Әкенің өнегелі тәрбиесін бойына сіңірген Раиса Оразқызы 1969 жылдың 16 наурызында Жамбыл қалалық филиалының депутаты болып сайланған. ОҚО өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және мәдениетті дамытуға белсенді қатысқаны үшін, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің дипломымен, «Ветеран труда», «За доблестный труд» медальдерімен марапатталған.
– Біз тағдырдың талай тәлкегінен өттік. Ел болып, егемендік алғанға дейінгі кезеңнің барлығын бастан кештік. Бүгінде тәуелсіз мемлекеттің азаматы ретінде өзімді бақытты сезінемін. Бүгінгі біздің ұрпақ та осы бақытты сезіну керек. Біздің замандастар көрген қиын-қыстау кезеңді кейінгі ұрпақтың басына жазбасын. Бейбіт күнде, ашық аспан астында мерекеден мерекеге дейін аман-есен жетуді бәрімізге нәсіп етсін, – дейді әжей.
Шаһарда екі ғасырдың куәсі болған бұдан да басқа ақ жаулықты аналарымыз бар. Олар Ақбалық Келгенбаева – 102 жаста, Надежда Маркова – 101 жаста, Евдокия Пономаренко – 100 жаста, Асхан Көпбергенова – 101 жаста және Дамеш Қаратаева – 102 жаста. Сондай-ақ 94 жастағы Жолтан Кадримбетова, 91 жастағы Маруар Тартыкова да тұрады. Қос ғасыр куәгерлерінің тілегі де, тірегі де – ел амандығы. Мереке қарсаңында құшақтары гүлге толған апаларымыз ақ батасын беріп, бейбіт күннің тағы мәңгілік болуын тіледі.