Қос министр балалар шығармашылығына назар аударды

Қос министр балалар шығармашылығына назар аударды

13 қаңтар күні Алматы қаласындағы «Достық үйінде» қатарынан үш шара өтті. Бірінші болып Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың өз саласы бойынша ашқан жиналысы басталды. Екінші болып Қазақстан Республикасының әдебиеті, мәдениеті және өнер газеті – «Қазақ әдебиетіне» 90 жыл толу мерейтойы аталып өтті. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ханым оқып берді. Онан соң газет туралы тоқтала келіп, «Қазақ әдебиеті» газетіне әр кезде қызмет еткен ардагер қаламгерлерге министрдің атынан Алғыс хаттар тапсырды. 

Онан ары келесі жиналыс басталды. «Қазақстан балалары шығармашыл интеллигенция» атты балалар басылымдары өкілдерімен кездесу өтті. 

Бұл жиналысты қос министр бірлесіп ұйымдастырды. Аталған жиналыс өте ауқымды, мазмұны кең болды. «Балалар контентін қалай дамытамыз?» деген тақырыптың айналасында өрбіген мәжілісті Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ханым мен Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мырза қатар отырып жүргізді. Қос министрлік қатар қолға алған шара балалар әдебиеті, балаларға арналған өнер саласы, басылымдардың жай-күйі, балалар контентін қалай дамыту керек... деген жан-жақты мәселелерді қамтыды. Министр Аида Ғалымқызының маңызды сөзінен соң, келесі сөзді Ғани Бектайұлы жалғады. Балалар басылымдары сөз болған соң, ол мектепке, оқушыларға ойысатыны анық. Басылым мәселесі, ақпараттандыру жағы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қараса, оқырман, оқушы, балалар шығармашылығы жағынан Оқу-ағарту министрлігі аумағына кіреді. Балалардың шығармашылығын дамыту, олардың еңбектерін жарыққа шығару, басылымға жазылу түгелдей мектеп аумағында жүзеге асады. Ендеше, екі министрліктің бірлескен жобасы өте үйлесімді және нәтижелі болатыны анық. 

Министрлердің сөзінен соң Оқу-ағарту министрлігі тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Әскербекқызы Медетбекова ханым арнайы баяндама жасады. Ол ұлттық мүдде, ар-ұят, талап қатарлы үш құндылық туралы тоқтала келіп, осы үштіктің бірлесе атқарылуы мектептегі біртұтас ұлттық тәрбие болады деп атап өтті. Онан кейін сөз алған «Айгөлек» журналының Бас редакторы Қымбат Әбділдақызы, жазушы, ғалым, Жазушылар одағы тарапынан балалар әдебиеті кеңесінің төрағасы Нұрдәулет Ақыш, халық жазушысы Смағұл Елубай, сыншы Әлия Бөпежан, «Балдырған» журналының Бас редакторы Дүйсен Мүсірәлі және өзге де сөйлеген шешендер балалар шығармашылығы туралы, басылымның айналасындағы мәселелерді, оқырманның жазылу жағдайын тізіп шықты. Сөз кезегі бізге келгенде ойымызды ортаға салдық.

«Мөлдір бұлақ» журналы – «Qazaqstan dauiri» газеті аясында 22 жылдан бері шығып жатқан басылым. Басшымыз – Сәуле Мешітбайқызы. Біз әр жылы «Ауыл аманаты – Ел аманаты» экспедициясы жобасымен қызмет етіп келеміз» деп бастадық. Жоба бойынша әр жылы 20 облысты екі рет аралап шығамыз. Өткен жылы мен бастықпен бірге 6 облысты аралап шықтым. Сондағы байқағаным «Оқуға құштар мектеп» жобасының аясы тар. Ол мектеп кітапханасының көлемімен ғана шектелуде. Сырттан балаларға арналған газет-журналдарға жазылу көрсеткіші төмен. Себеп – құлықсыздық және қаржының жоқтығы. Біз «Мөлдір бұлақ» журналына жазылу туралы айта бастасақ, олар алдыңғы министр тарапынан айтылған «Басылымдарға жазылуды мәжбүрлеуге болмайды» деген сөзді «заң» ретінде қабылдап, мүлде теріс түсініп, «жазылуға болмайды» деп атқарып отырғанын көрдік. Егер мектепте балалар басылымына жаздырмаса, онда балалар шығармашылығын қалай дамытамыз? Балалар контентін қалай ілгерілетеміз? Оқу-ағарту министрлігі көтеріп отырған «Біртұтас тәрбие бағдарламасын» қалай өрістетеміз?.. Осы мәселені көзіміз көріп, құлағымыз естіген жағдаймен бірлестіріп айтып бердік. Алдағы жерде осы теріс түсінікті өзгертуге ықпал жасау туралы ұсыныс қойдым. Екі министр де өз кезегінде ұсынысқа тоқталып, лайықты жауабын берді. Аида Балаева ханым басылымның сапасын көтеру, көркемдік дизайнын жаңалау, қызықты етіп шығару бағытында ой қозғады. Ал, Ғани Бейсембаев мырза мектептердегі бұл түсініктің бұрмаланып жүргеніне қынжылыс танытып, жазылуға кедергі келтірмеуіне ықпал ететінін айтты. Жалпыға ортақ шаруа болған соң, біз де алғысымызды білдірдік. Осы жерде ойымызда болса да, уақытқа байланысты айтып үлгере алмаған мәселе бар. Ол – мектептердегі кітап оқудың өте төмен дәреже екені. Ұлттық құндылық бағытындағы тәлім-тәрбиенің баяу жүруі. Сонан соң жазылу мен таратуға жер-жердегі «Қазпошта» қызметінің өте салғырт қарайтынын айтқым келеді. 

Қос министрлік өткізген дөңгелек үстел дер кезінде ашылған жақсы жиналыс болды. Әр тарап өздерінің көкейінде жүрген көп мәселеге жауап алды. Бала – әулеттің ғана ертеңі емес, Отанымыздың болашағы. Бүгінгі баланың басқан қадамы ертеңгі мемлекеттің келбетін көрсетеді. Бала туралы бас қатыру – ел келешегіне алаңдаудан туған үлкен жауапкершілік. Сондықтан да Аида Балаева ханым мен Ғани Бейсембаев мырзаға «Мөлдір бұлақ» журналы ұжымы атынан зор алғыс білдіреміз! Әсіресе, біздің «Ауыл аманаты – Ел аманаты» экспедициямызға Ауылшаруашылық министрлігі, «Аманат» партиясы, Республикалық ардагерлер қоғамының қатарында Оқу-ағарту министрлігінің де қолдап, мектептердің есігін ашқаны үшін ерекше рақметімізді айтамыз. 

Жиналыста айтылған пікір, көтерілген мәселе, берілген уәде орындалады деген сенімдеміз. Жиналыстың қорытындысында балалар басылымдары қатарында біздің «Мөлдір бұлақ» журналы да Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлының қолынан марапат алдық. 

Дәулетбек Байтұрсынұлы
19.01.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1169
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7216
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 11080
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7281
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7427