Иә, олар қазақ тілін менсінбейді, «Қайрат» футбол клубындағы қазақ тілінің жағдайы осындай. Алматының орталық стадионының жүргізушісі Әділет Бисариев қазақ тілінде хабар таратқаны үшін командадағы жұмысынан босатылған. Мұны ол Instagram желісіндегі парақшасында жариялады. Әділет 2019 жылдан бері «Қайрат» футбол клубының жүргізушісі болған. Жұмыстан босатылуына футбол клубының демеушісі «1Xbet» букмекер компаниясының шағымы себеп болған. Мұны жүргізушіге «Қайраттың» бас директоры Асқар Есімов айтқан. Әділеттің сөзінше, шағымда «одиниксбет» сөзінің орнына «уаниксбет» қолданғаны да айтылған. Сонда «Қайрат» футбол клубының күні букмекерлік кеңселерге қарап қалған ба? Жүргізуші «1Xbet» өкілдерімен де сөйлескен. Компания қызметкері «Ты ведешь на тойском», «Что такое Әп бәрекелді?» деп айтқан. Әділет бұл жағдайды қазақ тіліне қыспақ дейді. Сонымен қатар жүргізуші жұмыс барысында қазақ тіліне қатысты мәселелердің бар екенін жасырмайды. Әділет іс-шараларда қазақша сценарий мүлдем алмағанын, ойындарда қазақша әндер қосылмайтынын айтады. Әділеттің сөзінше, «Қайрат» командасы өзін халықтық команда деп таныстырғанымен, қазақ тілін менсінбейді. Адамды қазақша сөйлегені үшін жұмыстан шығару барып тұрған заңсыздық пен дискриминация екенін естеріне салып, басшыларын жазаға тарту керек. Алайда жүргізуші Әділет Бисариевтің жұмыстан босатылуына қатысты пікір білдірген «Қайрат» ФК маркетинг бөлімінің басшысы Абылайхан Әділханов Әділетпен келісім алдағы екі матчқа тоқтатылғанын, шеттету туралы алдын ала ескертпегені үшін кешірім сұрайтынын айтады. Ал Әділет Бисариевті ешкім жұмыстан шығарған жоқ дейді. «Іс жүзінде біз Әділетті жұмыстан шығара алмаймыз, өйткені ол ресми түрде «Қайрат» футбол клубының қызметкері емес. Оның клубпен жұмысы жалдау бойынша жүзеге асады» дегенді айтады. Сонымен қатар «Қайрат» футбол клубы мен клуб серіктестерінің мемлекеттік тілді құрметтемейтіндігі жайлы пікірлерге де жауап беріп, «Қайраттың» Қазақстанды халықаралық аренада танытатын клуб екендігін, олар елді, рәміздер мен мемлекеттік тілді құрметтейтінін атап өтті.
Әділет Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтан тіл мәселесін шешуді сұрады. Сонымен қатар букмекерлік кеңселердің жарнамасына бір заң шықса екен дейміз. Ал Алматының орталық стадионына қаншама жастарымыз барады, онда жас балаларды ертіп баруға қауіптенесің. Себебі неше түрлі ойындарымен, конкурстарымен өздеріне тартатыны сөзсіз. Ресейлік бір букмекерлік кеңсенің қазақ жерінде саясатын жүргізіп, қазақ тілін қорлауына жол бермей, «Қайрат» футбол клубының да, букмекерлік кеңсенің де басшылығын тексеріп, жауапқа тарту керек. Бұл жайт бұлай қараусыз қалмайды деген ойдамыз. Құрметті Абаев мырза, мұнда «Базз Лайлтерден» де маңызды мәселе бар.