ҚР Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетовтың назарына! Қазақ баласы эксперимент құралы емес!

ҚР Оқу-ағарту министрі А.Аймағамбетовтың назарына! Қазақ баласы  эксперимент құралы емес!

Тәуелсіз 30 жылда еліміздің білім саласы сынаққа ең көп ұшырап, түрлі тәжірибе  алаңына айналғаны белгілі. Соңғы 3 жыл көлемінде халықтың жанайқайы аз да болса ескеріліп, ұлттық білім жүйесін құру проблемасы күн тәртібіне шықты. Енді кезінде қоғамның қарсылығына қарамастан мектеп бағдарламасына енген үш тілде білім беру жүйесі алынып тасталмақ. 30 жыл бойы жасалған реформаларға ҚР Парламент сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы «орта мектептерде реформалар тым асығыс жасалды, біздің балаларымызды эксперимент құралына айналдырды» деп баға берді. 

 

Тәуелсіз 30 жылда еліміздің білім саласы сынаққа ең көп ұшырап, түрлі тәжірибе  алаңына айналғаны белгілі. Соңғы 3 жыл көлемінде халықтың жанайқайы аз да болса ескеріліп, ұлттық білім жүйесін құру проблемасы күн тәртібіне шықты. Енді кезінде қоғамның қарсылығына қарамастан, мектеп бағдарламасына енген үш тілде білім беру жүйесі алынып тасталмақ. 30 жыл бойы жасалған реформаларға ҚР Парламент сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы «орта мектептерде реформалар тым асығыс жасалды, біздің балаларымызды эксперимент құралына айналдырды» деп баға берді. Депутат ҚР Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа «Халықаралық тәжірибеге емес, елдің мүддесін» басшылыққа ала отырып, білім саласындағы реформаларды қайта қарау керектігі туралы депутаттық сауал жолдап: «Шынайы сауаттылық, бұл – өмірді білу, таңдаған мамандықты терең меңгеру, өмірлік сұраныстарға жауап бере алатын дағдылар мен қабілеттерді қалыптастыру. Сондықтан ел Президенті Тоқаев шет тілін оқытуды ата-аналардың қалауы бойынша 5-сыныптан бастаған дұрыс және тиімді», – деді. 

2016 жылдары Білім және ғылым министрлігі қоғамның қатты қарсылығына қарамастан, «үш тілде оқыту бағдарламасы сәтті жүзеге асып келе жатыр» деп, еліміздің барлық мектептерін үш тілде білім беру жүйесіне көшірген болатын. Журналист Еркеғали Бейсенов айтқандай, талай қазақ «Әлемде үш тіл тұрмақ, екі тілде білім беретін ел жоқ. Бізден басқа. Демек «бұл – әлемдік тәжірибе» деп сандырақтауды доғарған дұрыс. Әлем өз ана тілінен басқа тілде білім бермейді, тек шет тілін үйретеді. Түсінікті шығар. Шет тілінде білім бермейді! Сондықтан бізде де орыс, ағылшын тілдерін бұрынғыша тек пән ретінде оқытса жеткілікті» деп шырылдаған еді.  

Бірақ билік халықтың пікіріне пысқырмай, тіпті балабақшадан бастап үш тілде оқыту бағдарламасын бекітті. Балаларымыз «а» деп әліппе бетін ашпай жатып ағылшын, орыс тілдерінің қойыртпағынан «білімді болады» дегенге амалсыз сеніп, ақыры көнгендей болып едік. Ойлау, сөйлеу қабілеті әлі толық қалыптаспаған жасөспірімді үш тілде оқыту тәжірибесі кімге қажет болғанын қайдам, нәтиже бала миын үш тілмен улау тәжірибесінің орынсыз екенін көрсетсе керек... 

Асхат Аймағамбетов: 

– Зерттеулер мен талдаулар жүргізгеннен кейін, біз 1-сынып оқушысына бірден үш тілді меңгеру қиын екенін көрдік. Бұл тиімсіз. Біз бұл мәселеге қатысты шешім қабылдадық. Енді қазақ тілінде оқитын мектептерде бірінші сынып оқушысы бір ғана тілді, яғни қазақ тілін меңгереді. Біз баланың алдымен өз ана тілінде оқуды және жазуды үйренуі үшін тиісті жұмыс жүргізіп жатырмыз. 2-сыныпта бағдарламаға орыс тілі, 3-сыныпта ағылшын тілі қосылады, – деді. 

Біздіңше, министр мырза жоғарыда айтқандай, қос шет тілді де 5-сыныптан бастаған дұрыс. Әлде сіз Президенттің айтқанын орындағыңыз келмей ме? Демек үш тілде білім беру қазақ балаларына жасалған эксперимент екені даусыз. Әлемнің ешбір елінде мұндай тәжірибе жасалған жоқ. Ешбір ел өз баласын тәжірибе құралына айналдырған жоқ. Тіпті, ғылымы мен технологиясы қарыштап дамыған Жапон елі әлі күнге дейін бастауыш сыныпта тек қана жапон тілінде білім береді. Ұрпағының уызынан жарып, ұлтының бітім-болмысын бойына сіңіргеніне мән береді. Ал біздің эксперимент жасалған балалардың ала-құла білімі мен ала шұбар тілі үшін ешкім жауап бермейді... 

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Қанша жасырып, жапқанмен, білім саласын қазақшаландыру, ұрпақты қазақша оқыту ұлтты құтқарудың басты құралы екені ақиқат. Қазір балабақшаларды түгел қазақ тіліне көшіру мәселесі мен бастауыш сыныпта тек қазақша білім беру мәселесі «жабулы қазан...» күйінде қалып отыр. Соңғы 30 жылда қазақ мектептерінің санының орнына аралас мектептер саны артып келеді.  Мысалы: былтыр елордадағы 36 қазақ мектебінің екеуі ата-аналардың сұранысы деген сылтаумен аралас мектепке айналып шыға келді. Қазақ мектебі көбейгеннің орнына екі мектепке азайды. Отандық білім жүйесінің қазақ мектептерін ашуға келгенде тайғанақтық танытып, «жергілікті білім басқармасының шаруасына министрлік араласа алмайды» деп сылтауратуы қазақ тіліне, тіпті қазақ елінің болашағына жасалған қастандық десек, қателеспейміз. 

Өкінішке қарай, қазір ата-аналардың көбі баласын орыс тілінде оқытуға құмар. Оған себеп  «орыс мектептері мықты, қазақ мектептері әлсіз» деген таптаурын түсініктің өміршеңдігінде. «Көзі ашық, көкірегі ояу» кейбір өзге ұлт өкілдері қазақ тілін үйренуге белсене құлшынып отырғанда, қаракөз қазақ ұрпағын орыс мектебіне сүйреп, орыстануға дайын. Сәуір айында қазақ мектебінен орыс сыныптарын ашу туралы шу көтерген бір топ қазақ әйелі «Талабымыз орындалмаса, Путинге айтамыз» деп қоқан-лоқы көрсетіп, ана тілінен жерініп жүргенін де көрдік. 

 

Қазақ ата-аналар балаларын орыс сыныбына бергісі келетінінің тағы бір себебі –  биліктің әлі күнге дейін мемлекеттік тіл – қазақ тілінің тағдырына атүсті қарап отырған екіұшты саясатының кесірі екені айтпаса да түсінікті. «Орыстың тілі ұшпаққа шығарады» деген тәтті қиялмен өмір сүргісі келетіндер мен «орыс тілі – ғылым тілі» деп ұғатындар көп арамызда. Әрине, тіл білу керек. Қазақ «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» дейді. Алайда әркім ең алдымен өз ана тілін құрметтеп, еліне қызмет қылуы керек емес пе!?

– «Жалпы аралас, орыс мектептерінде оқитын балаларға мемлекеттік тіл қандай деңгейде оқытылады?» деген сұрақ еріксіз туындайды. «Мұғалім өзі үшін бәрібір қояды» деп, қазақ тілден «өтірік» бағалар алып жүрген оқушыда мемлекеттік тілді білемін деген құлшыныс бола ма? Ал жүрегінде мемлекеттің тіліне деген сүйіспеншілік болмаған баладан елін, жерін ойлайтын патриот шыға ма? Олар орыс тілін «ана тілім» деп оқып, солай қабылдайды. Ана тілін оқытқанда адамда бір-ақ ана тілі болатынын, ол туған топырағының нәрімен, ата-бабасының қанымен, анасының сүтімен берілетінін біле ме? Қазақ қана өз тілін әр адамзат баласы үшін киелі, қастерлі ұғым – «ана» сөзімен атайтынын қазақ болып туған, бірақ тілі мен ділі өзгерген өскелең ұрпақтың жетесіне жеткізу керек деп ойлаймын. Аралас мектептердің мәселесі қаншама жылдан бері айтылып жатса да, әлі де шешімін тапқан жоқ, – дейді «Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру жобасының авторы, тарихшы-этнограф Тұрар Саттарқызы. 

Егер мемлекеттік тілге деген биліктің көзқарасы өзгермеcе, ата-аналардың да талабы өзгермейді. Мектеп қабырғасында қаланған орыс тілінің үстемдігі біртіндеп арта береді. Билік келесі оқу жылынан бастап, елімізде мемлекет қаржысына Ресейдің екі университетінің филиалы ашылайын деп жатыр. Өйткені сұраныс бар. Тіпті орыс лингвистері ТМД елдерінде орыс тілін қалай сақтап қаламыз деп жанталасуда. Олардың пікіріне сүйенсек, 2017 жылдан бері орыс тілі Қазақстанда өз позициясын қайта орнықтыра бастады. Әрине, таралымы бұрынғы Кеңес өкіметі кезіндегі деңгейге жете қойған жоқ деп алаңдаулы.

Ал жаңа құрылған Оқу-ағарту министрлігі балабақша, мектеп, колледж, яғни орта білім жүйесінің дамуы мен сапасын арттыруға мүдделі болмақ. Сонымен қатар Білім және ғылым саласын үш жыл басқарып, білім жүйесін айтарлықтай өзгерте алған Асхат Аймағамбетов «орыс әлемінен» тыс, ұлттық білім жүйесін құра ала ма? Кешегі алаш арыстарының тәуелсіздікке деген аңсары жапонның ұлттық мемлекет құру ұғымымен астасып, жапондар секілді ұлттық тәрбие мен техника, технология, рухани және материалдық байлықты үндестіре отырып, әлемде ең озық ұлттық оқу бағдарламасын қалыптастыруды мұрат еткенін ескерсек... Ендігі жерде қазақ баласын эксперимент құралына айналдыра бермей, нақты рухани толысқан ұлттық білім жүйесін құрудың маңызы зор.

 

 

Тілекгүл ЕCДӘУЛЕТ
16.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 44
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 146
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 40
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 48
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 57
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 45
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 141
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 146
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 333
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 326
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 949

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9024
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8420
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11648
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9404
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10630