ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Олимпиада және Паралимпиада ұлттық құрамаларының мүшелерімен кездесті. Мемлекет басшысы жуырда Бейжің қаласында өтетін ХХІV қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының барша спортсүйер қауым үшін айтулы оқиға екеніне тоқталып: «Қазақстан осы сайысқа ең үздік спортшыларын аттандырады. Дүбірлі додада ел намысын қорғау – мәртебелі міндет әрі зор жауапкершілік. Біздің спортшыларымыз Олимпиада ойындарында талай рет жеңіс тұғырына көтерілді. Көк туымызды желбіретіп, Әнұранымызды әуелетті. Сондай сәтте әрбір азаматымыздың кеудесін мақтаныш сезімі кернейтіні сөзсіз. Сіздер алдағы сайыста халқымыздың сенімін ақтайсыздар деп сенемін. Бұған дейін Қазақстан атлеттері қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарында жалпы саны 2 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль олжалады. Олимпиада тарихында есімдері алтын әріппен жазылған Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Денис Тен және Юлия Галышева сынды спортшылардың даңқты жеңістері азаматтарымыздың патриоттық сезімін арттырды. Алдағы Олимпиадада сіздер де лайықты өнер көрсететіндеріңізге сенімдімін», – деді. Кездесу соңында Олимпиада құрамасының капитаны Абзал Әжіғалиев пен Паралимпиада құрамасының капитаны Александр Герлиц Президенттің қолынан Мемлекеттік туды алып, ант берді. Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларымыздың көк туымызды Олимп шыңына шығарып, мемлекетіміздің мерейін көтере беруіне тілектестік білдірді.