Қордай ауылының Абай көшесінде (Красный партизан) бүгінде қызу жұмыстар қолға алынған. Нысан басына барып, құрылысшылармен сұхбаттасудың сәті түсті. Мердігер «МБН Билдинг» ЖШС өкілі - бригадир Айбек Өксекбаевтың айтуынша, мұнда қазір ауыл көшелеріне ауыз су құбырларын төсеу жұмысы басталған.
Алдымен алып техникамен орны қазылып, одан соң полиэтилен (пластик) құбырлар төселетін болады. Бұл дегеніңіз жұмыстар аяқталған соң мұндағы тұрғындар таза ауыз су желісіне қосылатын болады.
Жұмыстарды жүргізіп жатқан бригада 12 адамнан құралған. Барлығы да Олардың ішінде алып техниканы басқарып жатқандары, құбыр құрастырып жатқан мамандар да бар. Тараз қаласынан келіп жұмыс істеп жатқандар. Облысымыздың бірнеше ауылдарында осындай жұмыстар атқарып келген. Солардың қатарында экскаваторшы Нұрқажы Иманқұлов мұндай жұмыстармен бірнеше жылдан бері айналысып келе жатқанын айтады. Ал дәнекерлеушілер Нұрдос Әлтаев пен Нұржігіт Серіков құбырларды құрастырумен айналысуда.
«Су – тіршілік көзі десек, барлық тіршілік салалары үшін судың маңыздылығын айтудың өзі артық. Көшеміз ауыз су желісіне қосылмаған. Әр үйде өз бетінше тереңдік сусорғыларын орнатып алып ішіп отырмыз. Енді мынау жұмыстар игілігін береді деп сенеміз», - дейді жергілікті ақсақалдар. Олар тағы көптеген жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселенің қолға алынғанына қуаныштарын жасырмады.