Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен Тұрар Рысқұлов ауданында болды. Құлан ауылдық округінің тұрғындарымен Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде кездесу өткізген облыс әкімі облыста бүгінге дейін атқарылған жұмыс барысымен және алдағы жоспарларымен таныстырды.
Облыстың әлеуметтік-экономикасында оң динамика қалыптасқан. Дегенмен, шешілуі тиіс мәселелер бар. Олардың шешілу жолдарын қарастырудамыз. Өздеріңіз білетіндей, қызметке кіріскеніме он күн болды. Облыс әкімі ретіндегі алғашқы сапарым сіздердің ауданнан басталып отыр. Бұдан кейін апта сайын аудандарды аралап, ауылдардың жағдайымен жіті танысып отыратын боламын, – деген аймақ басшысы облыстың сан-саласындағы оң көрсеткіштерді атап өтті.
Бұдан соң ауылдық округ әкімі Еркін Сейітжапаров 19 мыңнан астам тұрғыны бар үш елді мекеннің тіршілігімен таныстырып өтті. Оның айтуынша, ауылдық округте 1528 шағын және орта бизнес нысаны, 137 шаруа қожалық бар екен. Округ әкімі ауылда қазір жайылым жер мен су тапшылығы мәселесі шешіліп жатқанын да атап өтті. Тіршілік нәріне байланысты құны 634 миллион теңгені құрайтын су ғимараты келер жылы ел игілігіне айналмақ.
Кездесуде Шөңгер ауылының тұрғындары ағын су тапшылығы мәселесі қашан шешілетінін сұрады. Аудан әкімі Ернар Есіркепов «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында тау суына канал тарту мәселесі кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
Шөңгер ауылы бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленгенін, келер жылы бюджетке ұсынылатынын атап өтті.
Жиын барысында ауылдағы мүмкіндігі шектеулі балаларға арнайы ғимарат қажет екендігі, «Жауқазын» балабақшасынан берілген нысанның ескіргені де айтылды. Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек «Жауқазын» балабақшасы сметалық жобасын жасап берсе, бюджетке ұсынылатынын атап өтті. Ауыл халқы қайтарымсыз грант сомасының аздығына да алаңдаушылық білдірді. Аудан әкімі Ернар Серікәліұлының айтуынша, ауданға жетпіс грант бөлінсе, өтініш берушілер екі мыңға жуықтаған. Осыны ескере келе келер жылға 50 миллион теңге қойылып отыр екен.
Ал, құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалардың мәселесіне облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы өңірге келтірілген жалпы шығын 3,7 миллиард теңге көлемінде болғанын, қаражат мәселесі алдағы аптада шешілетінін айтты.
Құландықтар «Ауыл аманаты» жобасына ауыл қашан енгізілетінін сұрады. Аудан әкімінің айтуынша, 2025 жылға жоспарланып отыр екен. Дегенмен, облыс әкімі ауыл шаруашылығы басқармасына үнемделген және қосымша қаражат көздерін пайдаланып, мүмкіндігінше ауылда 2024 жылы жобаны бастап кетуді тапсырды.
Қарақат ауылының тұрғындары мал базарына дейін жарықтандыру мәселесінің шешілмегенін жеткізді. Аудан әкімі жарық бір ай көлемінде толығымен шешілетінін атап өтті.
«Арай» алабының тұрғыны Дания Мырзагелдиева тұрғын үй кезегіне қатысты мәселе көтерді. Айтуынша, жаңа баспана кілтін алғандардың көбі үйде өздері тұрмай, жалға беретін көрінеді. Ал үйге мұқтаж көпбалалы отбасылар кезегін күтіп, пәтер жалдауға мәжбүр.
Аймақ басшысы аталған мәселеге орай жауаптыларға жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Жиында ауылдағы пошта мен медициналық қызмет сапасы, атаулы әлеуметтік көмек алу, жұмыссыздықпен күрес мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Кездесуден соң Ербол Шырақпайұлы тұрғындардың жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді.
Жаңатұрмысқа жаңа мәдениет үйі қажет
Облыс әкімінің сапары Жаңатұрмыс ауылдық округінде жалғасып, ауыл тұрғындарымен кездесті.
2600-ден аса тұрғыны бар округте әкімі Ерсайын Қуандықтың айтуынша, 120 шаруа қожалық егін және мал шаруашылығымен айналысуда. Асыл тұқымды қой өсіру ісі де қолға алынған.
Биыл ауылда 15 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған. Тұрғындар көгілдір отынмен, жаңа ауыз су жүйесімен қамтылған. Келесі жылы спорт мектебі ғимараты ел игілігіне берілмек. Жоспарланып отырған 90 орындық мәдениет үйінің құрылысын да халықтың санына қарап 140 орынға көбейту мәселесі зерделенуде. 18 километрлік жерасты су құбырларын жүргізудің құжаттары әзірлену үстінде. 13 километрлік Жаңатұрмыс каналының жартысы тазаланып, қосымша анықталған 5 километр каналды игілікке айналдыру жоспарда. Ауылдық округте былтыр он тұрғын қайтарымсыз грантқа ие болса, биыл екі адам кәсібін бастаған. «Асар» жобасы да жүйелі жүргізілуде.
Жиында ауыл тұрғыны Қалдыбек Карипов білім саласы бойынша мәселе көтеріп, ауыл мектебінде алты ай бойы басшы жоқ екенін жеткізді. Сонымен қатар, мектеп асханасы жөндеу көрмеген, асхана мен акт залы қыста жылымайтынын айтты.
Білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбек облыста 140 мектепке күрделі жөндеу қажет екенін атап өтіп, алдымен апатты мектептердің мәселесі шешілетінін, ал Жаңатұрмыстағы мектептің жөндеуі 2025 жылдық жоспарда тұрғанын айтты. Ауданның Құрметті азаматы Қадірбек Құлбарақ ауыл маңындағы автобаннан көліктер жоғарғы жылдамдықпен өтетінін, жүргізушілер жол белгісіндегі шектеуге қарамайтынын атап өтіп, оған қоса ауылдағы аты жоқ көше, саябақ, енді салынатын мәдениет үйіне ауылдан шыққан ғалым Әдібай Табылды, ақын Қуандық Шолақ секілді азаматтардың есімі берілсе деген ұсынысын жеткізді. Жауаптылар алдағы жылдан бастап күре жолдың бойындағы ауылдардың қауіпсіздігі толығымен қамтамасыз етілетінін тілге тиек етті. Ал аймақ басшысы еңбек адамдарына құрмет көрсету бағытында атау беру мәселесі қолға алынатынын айтты.
Сонымен қатар, жаңатұрмыстықтар жастарды жұмыспен қамту, жол жөндеу мәселелерін көтерді.
Облыс әкімі кездесу барысында айтылған барлық мәселе бойынша аудан және ауыл әкіміне нақты тапсырмалар жүктеп, тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Басты мақсат – халықты жұмыспен қамту
Іссапар барысында облыс басшысы Құлан агротехникалық жоғары колледжінің жұмысымен жан-жақты танысты. Қазіргі таңда 12 мамандық бойынша 590 студентке білім беріп отырған оқу ошағының директоры Олжас Мұсақұлов алдағы екі, үш жылда тәрбиеленушілердің санын мыңға жеткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Сонымен қатар, колледж директоры қыз балаларына арналған мамандықтар ашу, жаңа ауқымды жобаларды жүзеге асыруда оқу ошағының базасында тәжірибе шыңдауға мүмкіндік берілсе деген ұсыныстарымен бөлісті. Бітіруші түлектердің 80 пайыздан астамы жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болып отырған оқу ордасының материалдық-техникалық базасымен толыққанды танысып шыққан аймақ басшысы өндіріске ең қажетті маман даярлау ісі қашанда қолдау табатынын жеткізді.
Ербол Қарашөкеев ауданға қарасты «Арай» алқабындағы 300 орындық жаңа мектеп құрылысымен танысып шықты. Мұндағы басты мәселенің бірі – мектепке барар бір жарым километр жолдың мәселесі де шешілетін болды. Облыс басшысы мердігері «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жаңа мектептің құрылысын оныншы қазанға дейін аяқтап, екінші тоқсанда оқушыларды қабылдауды тапсырды.
Аймақ басшысы «Аяна» жекеменшік бөбекжай бақшасының жұмысымен де танысып шықты. Қазіргі таңда бөбекжай бақшасында 160-тан астам бүлдіршін тәрбиеленуде. Мұнда жекеменшік бөбекжай бақшасы тәлімгерлерінің жалақысын көтеру мәселесі айтылды. Өңір басшысы бұл мәселені жіті назарына алатынын жеткізді.
Одан бөлек, Ербол Шырақпайұлы Абай ауылдық округінде «Ауыл аманаты» жобасы аясында 9 мүйізді ірі қара, 8 жылқы алған Жадыра Нұрпейісова мен 50 бас қой, 5 жылқы және 2 сиыр алған Рүстембек Айдарбековтің шаруашылығымен де танысты. Айта кетсек, жалпы бұл ауылдық округте 150 адам аталмыш жобаның аясында 2,5 пайызбен мал алып, табысын еселеп отыр екен. Аймақ басшысы ауыл іргесіндегі 23 мың гектар жайылым жердің игілігін көріп отырған тұрғындардың тіршілігіне табыс тіледі.
«Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты бойынша 8,5 миллион теңге несие алған «Құлан профнастил» цехының жұмысы да жемісті. Кәсіпкер Нұржігіт Оршабек құрылысқа қажетті өнімін базар бағасынан 600-1000 теңгеге арзан өткеруде. Аймақ басшысы жобаның басты мақсаты – халықты жұмыспен қамту екенін айта келе, цехтың қуаты өскен сайын, жұмысшылардың санын көбейтіп, өнімнің сапасын арттыруға баса мән беруді тапсырды.
Іссапар соңында Ербол Шырақпайұлы «Ақтоған» шаруа қожалығына атбасын бұрды. Шаруашылық басшысы Сеит-Хасан Ахаевтың айтуынша, өндіріп отырған ұн және 25 түрлі макарон өнімдері аудан халқын толыққанды қамтып отыр. Сонымен қатар, шаруа қожалық тарапынан электр жарығына субсидия алу мәселесі көтерілді. Аймақ басшысы жауаптыларға ауыл шаруашылығы тауарөндірушілердің өнімдерін ұлғайтуға басымдық беруді және сапалы өніммен тұтынушылардың сұранысын қамтамасыз етуді тапсырып, аталған шаруа қожалықтың жұмысына табыс тіледі.
Үшемді дүниеге алып келген отбасының қуанышымен бөлісті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтауында: «Бақытты әрі берік шаңырақ – еліміздің игілігі мен өркендеуінің кепілі. Мемлекет отбасы институтын қолдап, осы салада кешенді саясат жүргізе беретін болады» деп атап өткен болатын. Осы ретте аймақ басшысы Меркі ауданындағы Найзабековтер отбасына арнайы атбасын бұрып, үш бірдей қыздың әкесі атанған мемлекеттік қызметкер Нұрбол Найзабеков пен жұбайы, №17 И.Трубицын атындағы жалпы білім беретін мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гүлжан Әбдібаеваны құттықтап, Алғыс хат және сый-сияпатын табыс етті. Ербол Шырақпайұлы былтыр өңірде 25 мың, биыл 16,5 мың нәресте дүниеге келсе, солардың 191-і егіз, үш отбасында ғана үшем өмірге келгенін айта келе, алдында егіз ұлдың, енді Аяна, Айша, Айла есімді үшемнің ата-анасы атанған Найзабековтер жанұясына ізгі тілегін айтты.
Ұлағатқа ұйыған осындай отбасылар – жаңадан шаңырақ көтерген жас отау иелеріне үлгі екенін тілге тиек еткен Ербол Қарашөкеев, жас отбасылар және ана мен балаға мемлекет тарапынан әрдайым қамқорлық пен қолдау болатынын жеткізді. Үшемнің ел үшін қызмет ететін азаматша болып өсуіне тілеулестік білдіріп, Найзабековтер шаңырағына шаттық тіледі.