Алаш аманатын абыроймен арқалап, кешегіні саралап, бүгінгіге ой тастап, болашаққа бағдар беріп отырған, ұлт үнпарағына айналған «Qazaqstan dauiri»-нің 30 жылдық мерейтойы құтты болсын!
Ел егемендігі тарихын таңбалап, тәуелсіз мемлекеттің қоғамы мен ұрпағының санасын ғибратты ой мен салиқалы сараптама, мағыналы мысал мен өткір сын арқылы қалыптастырып келе жатқан өнегелі еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін.
Ұлт шежіресін тасқа қашаған басылымның дәуір тынысын бедерлеудегі тарихы да, тағылымы да теңдессіз. Басылымның тағылым биігінен үн қатқан ұлағаты жалғасып, игілікті істері ұлықтала берсін.
Сіздердің Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына, заман талабына сай дамуына, еліміздің өркендеуіне қосқан үлестеріңіз мол.
Басылымның басшысы Сәуле Мешітбайқызын ақпараттық қызметті халық алдындағы өмірлік борыш ретінде адалдықпен атқарған жан, тереңдік пен тектіліктің, ел үшін еңбек етудің үлгісі ретінде танимыз, көпке жол көрсетер Еланасы деп білеміз. Сәуле Мешітбайқызы ана тілін, ұлттық мәдениет пен тарихты тереңінен зерделеуші, қазақтың тілін, ділін насихаттаушы азамат ретінде басылымның мәні мен мағынасын тереңдетіп отырған басшы.
Сіздердің Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуы мен дамуына қосып келе жатқан еңбектеріңіз ел тарихында таңбаланып жазылып жатыр. Алда алар биіктеріңіз, шығар шыңдарыңыз әлі де мол.
Игілікті істеріңізге табыс, шабыт тілеймін. Жазар ойларыңыз көп болсын.
Ақпарат ағынының алдында болуларыңызға тілектеспін.