Сізді және «Qazaqstan dauiri» газетінің ұжымын баспасөз бетінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздікпен түйдей құрдас бұл газет осы уақыт аралығында халықты елдегі және әлемдегі жаңалықтарымен сусындатып, саяси-танымдық мақалаларымен оқырмандардың ыстық ілтипатына бөленіп келеді.
30 жылда газет өзінің даңғыл жолынан жаңылмай, ел арасында ақпараттық байланыс орната білді. Газеттің алғашқы редакторлық қызметін абыроймен атқарып шыққан Қалтай Мұхамеджанов басылымның ел арасына кең таралып, халықтың көзайымына айналуына сүбелі үлес қосты. Ұлт мүддесін алғашқы шепке қойған халықаралық басылымда қазір жаңа айдарлар жарық көріп, оқырман назарына көкейкесті мәселелерді ұсынып келеді. Атағы таудай, білікті де білімді журналистер осы газеттен қанаттанып ұшып шықты. Қияға самғады. Елге танылды.
Баспасөз құралында еңбек етіп жүрген қалам иелері жоғары кәсіби деңгейімен табылып, басылым алдағы уақытта да халқымыздың мұрат-мақсаты мен қоғам дамуына лайықты үлесін қоса береді деп сенемін! «Qazaqstan dauiri» газеті ұжымын 30 жылдық мерекесімен тағы да шын жүректен құттықтаймын! Алар асуларыңыз көп болсын!