Қазақ халқының ұмытылып бара жатқан қолөнерін жаңғырту, ата-бабалардан қалған асыл мұраны кейінгі ұрпаққа аманат ету, ұмытылып бара жатқан көне дүниені күнделікті қолданысқа енгізу мақсатында «Ұлы дала өрнектерін түскиізде бейнелеу өнері» атты фестиваль ұйымдастырылады.
Қатысушылардың өтінімдері 2023 жылдың 10 желтоқсанына дейін (Тараз қаласы, Желтоқсан көшесі, № 28) қабылданады және taraz_zhastar@mail.ru, anar.19.78@mail.ru электронды мекенжайына жіберуге болады. Байланыс телефондары: 8 (7262) 54-21-90, 8 707 992 08 08 (Ұлжан Каленова).
«Ұлы дала өрнектерін түскиізде бейнелеу
өнері» атты фестивальдің ережесі:
Ұйымдастырушы: Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
Фестивальдің мақсаты: Қазақ халқының ұмытылып бара жатқан қолөнерін жаңғырту, ата-бабалардан қалған асыл мұраны кейінгі ұрпаққа аманат ету, ұмытылып бара жатқан көне дүниені күнделікті қолданысқа енгізу, тұрмыста қолдана білуге тарту, дәстүрлі түскиіз жасау өнері мен технологиясын халық арасында насихаттау.
Фестивальдің талаптары мен шарттары:
Фестивальға тек Тараз қаласының тұрғындары қатыса алады.
Түскиіз түрлі түсті жіппен өрнектеліп, кестеленген бір түсті матамен (барқыт, шұға, т.б.) көмкеріледі. Ортасына үйлесімді мата (жібек, мақпал, т.б.) салып киізбен астарлайды. Ақ киізге қызыл, сары, көк түсті ою жапсыруға, қызыл былғарыны күміспен әшекейлеп жасауға болады. Түскиіздің кестесі көбіне біртұтас бірнеше өрнектің (мүйіз, гүл, жапырақ, шырмауық, түйе табан, алқа) үйлескен желісін жасау арқылы түрлі түсті жіппен тігіледі. Түскиіздің көлемі 2х1,30 м кем болмауы керек. Түскиізді қазіргі заманға сай, ата-бабалардан қалған үлгіні жоғалтпай, қиялға ерік беріп жасап шығу керек.