Қылмысқа қарсы күрес нәтижесіне көңіл толады

Қылмысқа қарсы күрес нәтижесіне көңіл толады

Елімізде қылмысқа қарсы күрес табанды түрде жүргізілуде. 2026 жылғы 4 ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен қару-жарақты өткізу және сақтау, қорқытып алу, ұрланған автокөлікті заңдастыру, сондай-ақ өзге де қылмыстарға қатысы бар бірқатар қылмыстық топтардың заңсыз қызметін тоқтатуға бағытталған арнайы операцияны жүзеге асырды. Іс-шаралар бір мезгілде Алматы, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Абай және Жетісу облыстарында өткізілді. Нәтижесінде 20 адам ұсталды, олардың 10-ы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тінту барысында күдіктілерден атыс қаруы, оқ-дәрілер, есірткі заттары, ірі көлемдегі ақша қаражаттары, сондай-ақ өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Осыдан-ақ елімізде қылмысқа қарсы күрестің жүйелі жүргізіліп жатқанын білуге болады.

Ұлттық қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, 2025 жылы ҰҚК полиция органдарымен бірлесіп, сондай-ақ прокуратураның үйлестіруімен 20 қылмыстық топтың әрекетінің жолын кескен. Кісі өлтіру, бопсалау, есірткі мен қаруды заңсыз сақтау күдігімен 70-тен астам адам ұсталған. Олардың арасында Қазақстанда және шетелдік құқық қорғау органдары іздеу жариялаған тұлғалар да бар.

Сондай-ақ, биыл ҰҚК сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі прокуратураның үйлестіруімен қаржы министрлігінің «Проблемалық кредиттер қоры» акционерлік қоғамының бұрынғы төрағасын ұстады.

Тергеу мәліметінше, ол жекеменшік иесіне қорға аударылуы тиіс кепіл мүлкін сатудан түскен қаражатты ұстап қалу құқығын заңсыз берген. Соның салдарынан мемлекетке 11,4 млрд теңге көлемінде шығын келген. Бұдан бөлек, мемлекеттік мүлікті төмендетілген бағамен сату арқылы бюджетке 1,3 млрд теңгеден астам қаражат түспеген.

Сондай-ақ, құжаттарды қолдан жасау арқылы кепілге қойылған жер учаскелерін сатып, қорға 800 млн теңге көлемінде залал келтірген борышкер компаниялардың иелері мен олардың сыбайластары ұсталды. Соттың санкциясымен олар Қылмыстық кодекстің 190 және 361-баптары бойынша қамауға алынды.

Бұдан бөлек, биыл қаңтар айында ҰҚК шетелдік әріптес органдармен бірлесіп халықаралық антинаркотикалық операция өткізді. Операция барысында Алматы қаласында 8 келі синтетикалық «метамфетамин» есірткісін алу кезінде Қазақстан азаматы ұсталды.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сот санкциясымен күдікті қамауға алынды.

Ведомство мәліметінше, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Құқық қорғау және арнайы органдардың бірлескен жұмысы ұйымдасқан қылмыс, есірткі айналымы, заңсыз қару саудасы және сыбайлас жемқорлық сияқты қоғамға қауіпті әрекеттердің жолын кесуге бағытталған. Мұндай кешенді шаралар елдегі қоғамдық тәртіпті нығайтып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар қылмыстың алдын алуға, құқықтық тәртіпті сақтауға және заң үстемдігін нығайтуға бағытталған.

Соңғы жылдары Ішкі істер министрлігі ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін әшкерелеу және тоқтату жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Жыл басынан бері қылмыстық құрылымдардың басшылары мен қатысушыларына қатысты 51 қылмыстық іс қозғалды.

Алматы қаласының полиция департаменті күзет қызметі түрінде әрекет етіп, іс жүзінде бұзақылық, бопсалау және қару сақтау сияқты заңсыз әрекеттермен айналысқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған қатысу фактілері бойынша қылмыстық істерді тергеп жатыр.

«Олардың заңға қайшы әрекеттері ағымдағы жылдың қаңтар айында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері тарапынан тоқтатылды. Сонымен қатар трансұлттық сипаттағы жеті ұйымдасқан қылмыстық топ бойынша және бір қылмыстық қауымдастық құру фактісі бойынша істер тергелуде», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Қазақстан криминалитетінің өкілдеріне қатысты трансұлттық қылмыстық қауымдастық құру және оған басшылық ету фактісі бойынша алғаш рет сотқа дейінгі тергеу басталды.

Аталған істер бойынша қылмыстық қудалау аясында тек ел ішінде ғана емес, шетелде де ауыр және аса ауыр қылмыстар жасаған адамдар бар. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі және Бас прокуратурамен бірлесіп, дәлелдемелер жинау бойынша кешенді іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Жалпы 150-ден астам адам жауапкершілікке тартылуда.

«Соңғы екі жыл ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтарды құру, басқару және оларға қатысу фактілері бойынша қозғалған 90-нан астам қылмыстық іс аяқталып, сотқа жіберілді. 13 ұйымдасқан қылмыстық топ бойынша сот шешімдері шығарылды. Аталған істер бойынша 130-дан астам адам 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Мысалы, «Qarmet» АҚ нысандарынан ұрлық жасауға қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты көп эпизодты қылмыстық іс бойынша 24 адам әртүрлі мерзімге сотталды, оның ішінде топ басшысы 12 жылға бас бостандығынан айырылды», – деді Қуандық Алпыс.

Ұйымдасқан және трансұлттық сипаттағы қылмыспен күрес Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында.

Нағашыбай Қабылбек
26.03.2026

Ұқсас жаңалықтар

Балалар суицидінің алдын алу жолдары
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ - 28.03.2026 30
Ақ пен Қараның тайталасы
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 27.03.2026 87
Жер қатынастары  жүйесі нені реттейді?
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ - 27.03.2026 31
Кешеннің негізгі мәселелері
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ - 27.03.2026 30

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 24051
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23719
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 41199
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 37123
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41384