Газ бағасы, жалпы қымбатшылықтан басталған наразылық жиналған жұрт саны көбейген сайын саясиланып, үлкен талапқа ұласып жатыр. Бұл 30 жылдық сірескен жүйе мен ат төбеліндей олигархтардың халық қазынасын қанағатсыз тонап, шектеусіз билеп-төстеуіне деген наразылық. Бұл тек Жаңаөзен, Ақтаумен тоқтамай еліміздің басқа қалаларына да өтуі ықтимал. Осы тұста түрлі провокаторлардың әдейі ұйымдастыруы мүмкін арандату әрекеттерінен өте абай болған жөн.
Бұл ретте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев батыл әрекеттер жасауға тиіс. Ол үшін қауіпсіздік кеңесті тарқатып, билік тізгінін толықтай өз қолына алуы, өкіметті отставкаға жіберуі керек. Бұған елбасы да қарсы болмайды. Себебі Назарбаевтың билеуші партия Нұр Отанның тізгінін президентке тапсыру туралы жақында ғана жариялаған шешімі түбінде билікті толықтай бір қолға өткізетіндігінің ниеті деп түсіндік. Сондықтан Мемлекет басшысы билік тізгінін толықтай өз қолына алып, түбегейлі саяси, экономикалық реформаларды тездетуі қажет.
Бұл анархия мен саяси берекетсіздіктің алдын алу һәм еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы үшін аудай қажет қадам. Алла елімізді бітпейтін бүлік пен даудан сақтап, тыныштығымыздан айырмасын!