Қытайдағы цирк сахнасының ханшайымы, Алаш қайраткері Шерияздан Мәрсековтің немересі, Қытайдағы қазақтар ішінен шыққан тұңғыш циркші қыз Ботакөз Тоқайқызы туралы сыр-толғау.
Кейде ірі, кейде елеусіздеу бір уақиға-құбылыстардың есіңде мықты сақталып қалатын сәттері болады емес пе? Иә, сондай бір елеусіздеу сәт менің көңіл экранымнан өшпей келе жатқанына, міне, 18 жыл болып барады екен. Жанға жайлы жаз маусымының жайшылықтағы бір демалыс күні болатын. Жатын үйіміздің дуалы дүрс-дүрс ете түсті.
– Шақырып жатыр! – деді әйелім. Біле қойдым, расында шақырып жатыр. Шақырып жатқан жазушы ағамыз Қаусылқан Қозыбай еді. Қақшаңның (Қаусылқан ағаны туыстары Қауқай дейтін де, біз, қызметтестері Қақша дейтінбіз) өзі алдымнан шыға келді.
– Не шаруа, Қақша?
– Жәй әншейін, Тоқаңның бақшасына барып келмейміз бе? – деді Қақшаң. Қақшаңның анда-санда ақ ешкісін өзі «Тоқаңның бақшасы» атайтын «Жиделі баққа» апарып бағып келетінін білетінмін. Онда да марқұм ешкісі үшін емес, жазу жазып шаршағанда азырақ сейілдеп, сергіп қайту үшін, Тоқаңдармен әңгімелесіп қайту үшін баратын. Ол кездегі Тоқаңның үйі «Жиделі Баққа» өте жақын еді. Біз бақшаға барсақ, алдын ала уағдаласып алғандай-ақ Тоқаңдар сонда отыр екен. Біз енді жайғасып отыра бергенде:
– Ей, анаған қараңдар! – деді Тоқаң. Бәріміз Тоқаң нұсқаған жаққа қарадық. Енді ғана үштен асқан Тоқаңның сүт кенжесі екен, өзінен-өзі жұлынып, көк майсаға олай да, бұлай да домалап жүр. Біресе секіреді, біресе тоңқалаң асады, біресе секіріп, біресе етбеттеп жата қалады. Енді бірде отқа тиген жас талдың қабығындай тоқсан бұралады, қойшы әйтеуір, тыным жоқ. Енді бір сәт екі талдың аралығына өзінің қарғылап ойнайтын жіңішке жібін кері байлады да (жасаған доп сеткасы ұқсайды) содан қолын асыра секіріп, қара терге малшынады. Тоқаңның бір-екі рет «Қойсаңшы, ей» дегенін елеген де жоқ.
– Шіркін, балалық ай, ә! Ананың жүрегі кеудесіне симай тұр ғой, ә, Сәкіш! – деді Қақшаң. (Марқұм Қақшаң мені көбінесе солай атаушы еді)
«Болар бала боғынан» дегендей, Тоқаңның осы кішкенесінен түбінде бір өнер шығады», – дедік.
Сонда Тоқаң қалың дәптерді ашып қолыма ұстата салып:
– Ей, анау «Балама» дегенді оқып көрші, – деді.
– Қайсы балаңызға арнаған едіңіз?
– Анаған, – деп, Тоқаң жаңағы сүт кенжесін иегімен нұсқады. Оқып шықтым. Кейін «Шұғыланың» 1982 жылғы 6-санының 61-62-ші беттеріне Тоқаңның сол күні бізге оқып берген өлеңдерінен төртеуі басылды. Редакциясын мен қарадым, соның біреуі «Балама» атты өлеңі былай еді:
Әнімнің, күйімнің шабыты,
Өмірім жалғасы өзіңсің.
Желпінтер әкелік жүректі,
Ойымның асқары өрісің.
Думанға бөлеген үй ішін,
Еркелік қылығың артылсын.
Масайра бақытты заманда,
Әкеңнің көңілі шарқ ұрсын.
Бақытым, базарым деп сүйем,
Жанындай көреді анашың.
Әлдилеп күрестің отын да,
Бақытты дәл сонан табасың.
Жамандық жаныңа келмесін,
Мәз болма әр күні тойғанға.
Әзірден игеріп ғылымды,
Зымыра болашақ арманға.
Мақаламның әу басында «Есіңде мықты сақталып қалатын» деп отырғаным да осы өлеңге байланысты айтылып еді. Олай дейтінім, бұл өлең сол майданда марқұм Қақшаңның көңіліне қатты ұнап еді. Марқұмның бас бармағын шошайтып, Тоқаңа жамбастай бұрылып, «Жарайсың, ішіңді т...!» деп зілсіз боқтайтыны Қақшаңның әдеті еді.
Ал, сондағы «Баламаның» нысаны былайша айтқанда, осы мақаламыздың кейіпкері сол кездегі көкмайсада домалап жүрген жұдырықтай қыз – Ботакөз еді. Біз бүгін он сегіз жылдың алдындағы әке тілегінің асқар шыңнан енді жә деген өнер саңлағы Ботакөзді көріп отырмыз. Он сегіз жылдың алдында әже омырауын иіскеп, ана құшағында ұйықтайтын Бота қызымыз енді міне Еуропа, Азиядағы талай-талай елдерді тамсандырған цирк шолпанына айналып, арысы ұлы Отанымыздың, берісі өлкеміздің мәртебесін өсіріп, салауатын асырып келеді. «Дәуір-Время» газеті 1996 жылғы 8 мамырдағы санының 4-бетіндегі «Бағың жансын, Ботакөз!» деген мақаласында:
«Кейінгі кезде тауарларының арзанқол әрі сапасыз болуына орай шығыстағы көршілерімізге деген көңіліміздің суи бастағаны рас. Алайда, құмырсқадай еңбекқор, бір сәт те тыным табуды білмейтін қытай халқы бұл жолы цирк өнеріндегі тамашаларымен талайымыздың «Батысымызды шығыс етіп» таңдайымызды қағуға мәжбүр етті. Тұрмыс тапшылығынан санамыз сансырап, сең соғып қалған осы күнде өнер құдіретін мойындатып, оның да бір үлкен кәсіп екенін түсіндіргендей болды. Кемдік көріп отырған рухани дүниеміздің бір кетігін бүтіндеп тастағандай сыңайлы. Біз әңгіме еткелі отырған қытай цирк ойындары Астанамызда көкектің он жетісінде басталып, көрермендерімен жақын күндері ғана қош айтысты. Жиырма күннің ішінде Алматы жұртшылығы мен Астана қонақтарын өз өнерлеріне тәнті ете білген Үрімжі қаласының өнерпаздар қатары түрлі ұлт өкілдерінен құралған екен. Солармен қатар ұлттық оюлармен көмкерілген, қазақы киім киіп, домбыра ұстап, аренаға шыға келген бір топ қыздың арасындағы қандасымыз Ботакөздің ғажайып өнері көпшілік қошеметін өзіне аудара берді. Алғашында Абай әнінің әуеніне ілесіп мың бұратылған буынсыз қыздар Цирк аренасына ерекше рең, қазақы рәуіш ала келгендей әсер етті. Аузына қамшының сабындай қысқа таяқшаны көлбей тістеп, оның ұшына үстіне төрт қатар құмыра тізілген домбыраны құлағы төмен қарата тіке шаншып талай аударылып түсіп жатқан Ботакөздің ойыны құрыққа ине жалғап жоқ іздеген Тазша баланың өтірігін шындыққа айналдырып жібергендей...» деп жазса «Егеменді Қазақстан» (Бұрынғы «Социалистік Қазақстан» газеті) «Біз талай циркті көріп жүрміз, бірақ Тәңіртаудың ар жағынан топ жарып жеткен бұл көркемдік ұжымының қызық қалыптасып, барған сайын орындау шеберлігінің шыңына көтеріліп келе жатқаны байқалады. Қалай болғанда да ұлттық өрнек, нақыш пен сипаттың нышандары сүйсіндірмей қоймайды. Әне, жап-жас Ботакөз Тоқайқызы бастаған бір топ қазақ ән-күйінің қағылез қанатында домбыра мен гүлді сауыттармен билеп жүр. Бірде уақыт желінің астында мың бұралып, нәзік жүрек жапырақтарымен сыбдыр қағатын өрімтал көзге елестесе, енді бірде таудың талшыны ырғалады. Балапан шыбықтарын бауырынан өрбітіп, өрге қарай өркен жайған шынар жанды баурайды» деп емірене ақпар жариялады. Он сегіз жылдың алдында әкесіне «Балама» атты өлең жаздырып, «Қазірден игеріп ғылымды, зымыра болашақ арманға» дегізіп тілек тілеткен сәби Ботакөз енді міне сонау Орта Азияның төріне шығып, төбе көрсетті. Кезіндегі әке тілегі бүгін міне Отан, халық тілегімен сабақтас, өнер бәсекесіндегі Ботакөзді әлем аясында шалқытты. Ботакөздің өнері жетіле бастаған тұста тістеуіктей тегеурінді әке ұзақ жылдық «ұрда-жық» қозғалыста жарым денесі салданған болса да, қызының сахнаға көтерілгенін, өзі жете алмаған қиырға барып, өзі жеңе алмаған қиынды жеңе алғанын көріп, көңілі көншіп, пәни дүниеден көз жұмды... Иә, солай болды.
Ал, Ботакөздің бүгінгі жеткен биігін сөз етер болсақ, бұл да бір хикметті хикая болып шығар еді...
«Мен цирк үйірмесіне 1985 жылдың желтоқсанында Үрімжідегі 17-бастауыштың 2 жылдығын бітіріп барып қабылдандым», – деп бастады Ботакөз өзінің өнер сапарына қалай аттанғанын әңгімелегенде.
«Қанша азапты жаттығуларды бастан кешсем де, шыдадым»
«Сол жылы мен 9 жаста едім. Алғашында әжем де, анам да, әуелі әкем де мені цирк мектебіне бергісі келмеді. Осы күнде ойласам, ол кезде мені өте кішісінсе керек, әрі бірер нәтиже шығара алмай қалуыма алаңдаса керек. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, өзінің кесірінен менен үлкен балалары (менің алдымдағы ағамнан басқа 3 әпкем, бір ағам) жоғарылап оқи алмағанына құсаланып, шаршаған әкем байғұстың алғашында менің цирк үйренуімді құптамайтын да жөні бар еді. «Жетпей желкең қиылар ма екен, қарғам» деп аттандырғаны есімде қалыпты. Әкемнің бір мінезі – сынса сынады, бірақ, иілмеуші еді. Ақын атаның бір жолғы кеңесінен кейін әкем:
«Ал, онда барса барсын!» деп қолын бір-ақ сілтеді. Сөйтіп 1985 жылы бір мектептегі өзім қарайлас балалардан жалғыз талданып, желтоқсан айында цирк мектебінің босағасын аттадым ғой, әйтеуір. Мектептегі тәртіп темірдей қатты болатын. Аптаның 6 күнінде сабақ пен негізгі жаттығулардан бір минут қолымыз босамайды. Әр күні таңертең бес жарымда сирағымыздан суырып тұрғызады, ұйқымыз ашылар-ашылмастан ұзаққа жүгіртеді. Содан сағат 9-ға дейін жаттығу жасаймыз. Таңертеңгі тамақтан кейін 4 сағат жаттығумен боламыз. Кеште екі-үш сағат пән сабақтары өтіледі. Қысқасы, бір тәуліктің жарымынан астамы осылай әбігермен өтеді.
Бес балаға бір мұғалімнен жауапты болды. Екі жылға дейін негізгі жаттығу өнерін үйрендік. Мысалы: сіңір созу, буынды икемдеу, тоңқалаң асу, екі алақанмен жер тіреп аяқты жоғары көтеріп тұру, екі қолды аяқ етіп төбемен жүру секілді. Осының қайсы түрін жетік орындай алмасақ, мұғалімдер соны жаттықтырады. Айта берсем, екі қолыммен жер тіреп неше сағат төбеммен тұрған кезім де болды. Туада ана сүтімен бойыма сіңіп, әкем мен әжемнің ақыл-кеңесінен өзіме дарыған қайсарлығымның арқасында бәріне шыдадым. 6 күнде арып-шаршап үйге бір келемін. Сонда да көрген қиыншылығымды қыңқ етіп айтып көрмеген екем. Арыстандай айбатты әкемді, Алатаудай аңғарлы әжемді, құшағы күндей шуақты анамды көргенде алты күнде тартқан азабым әп-сәтте есімнен шығып кетеді. Бәрінің тілеуі біреу ғана – «Жақсы үйрен» дейді.
Өтілетін сабақ та, жасалатын жаттығу да қытай тілімен жүргізіледі. Мен қытай тілін де сол жерде үйрендім, – деді Ботакөз.
Сөйтіп жүріп алты жылды да өткіздік қой, аға. 6 жылда оқу өнеріміздің сапасы да қатты қадағаланды. Жыл аралатып емтихан алады. Ал, емтихан кезінде өзіңнің алдыңғы жолғы сынағыңнан кейін, жаңадан үйренген өнерің өлшем етіледі.
Жаңалығың болмаса, қатардан өздігіңнен шегінуің шарт етіледі. Міне, осындай «қыл көпірден» әу баста бір сыныпқа қабылдаған отыз баладан мектеп бітіргенде жиырмамыз қалыппыз. Қазақтан мен жалғызбын...
Ботакөз әлі мектеп бітірмеген 1990 жылы сыныбынан таңдаулы сегіз баланың ұйытқысы болып Кеңес Одағының бірнеше республикаларына барып, үш айдай өнер көрсетеді. Сол жолында Алматы қаласы бастығы орынбасарының қабылдауында болды. 1991 жылы бес айлық уақытпен Орта Азия республикалары мен Ресейде, Ресейдің Ленинградтан басқа барлық үлкен қалаларында, орталығы Мәскеуде болып, бірнеше рет өнер көрсетеді. 1993 жылы төрт айлық уақытпен Тайландқа барып, ойын қояды әрі Тайландтың Мемлекеттік мәдениет министрінің қабылдауында болады. Ал, 1996 жылы ақпанда және қыркүйекте екі рет Қазақстанның бірнеше облысы мен қалаларында қонақта болып, өнер көрсетеді. Сондай бір ораймен барғанында, Ботакөздің өнеріне әбден тәнті болған Талдықорған облыстық Спорт сарайының бастығы оған оқалы камзол жауып, көйлек кигізеді. Ботакөздің Алматы сахнасында көрсеткен бір жолғы өнерін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың жұбайы арнайы ұйымдастырып, өзі де келіп тамашалап қайтады.
Қытайдағы қазақтан шыққан тұңғыш циркші
– Сонда, қарағым, өзіңді бүгін қаншалық өреге көтерілдім деп есептейсің? Бұдан былайғы нысанаң, жоспарларың қандай? – деп сұрағанымда, Ботакөз тосырқамады.
– Жеткен жетістігімді, біріншіден, ұстаздарым, екіншіден, көрермендерім біледі ғой, аға. Өзімше цирктің бірнеше жанрына недәуір жаттыққандаймын. Ұстаздарым мені «сен қазақтан шыққан 1-ұрпақ циркшісің» дейді. Рас сондаймын ба деп ойлаймын. Ұлы жаратылыстың жаныма сыйлаған титімдей таланты мен алты жылдық талмай талаптанып, ерінбей еңбектенуімнің нәтижесінде марқұм әжем мен әкемнің, солардың тірі көзіндей алдымда жүрген аяулы анамның үмітін ақтай бастадым деп те ойлаймын. «Отан отбасынан басталады» деген ғой. Әжемнің, әке-шешемнің үмітін ақтағаным, әрине, ұлы Отанымның да үмітін ақтай бастағаным шығар деп ойлаймын. Ал, ойлаған ойымды айтар болсам, осы өнерде жалғызсырай беремін. Туысқан ұлттардың өзіммен шамалас өнерлі ұл-қыздары көбейіп барады. Ал, бізде мен ғана жалғызбын, алдымда өнеге алар аға (цирк өнерін айтамын), артымда өнерімді үйретер бауырларым жоқ. Сөйтіп «көппен көрген ұлы той» деп кетіп барамын. Әттең, біздің ұлтымызда да мен секілді бір топ циркшілер болса, өз алдымызға цирк үйірмеміз болса дегенді ойласам, ас батпайды, – деді Ботакөз.
– Көп жерлерге барыпсың, тілдері бөлек, діндері де бөлек елдерде де өнер көрсетіпсің. Сонда олармен қалай тіл табыстың? – деген сұрағыма Ботакөз жымың етіп бір күліп алды да:
– Цирк өнері негізінен тілмен түсіндіруді қажет етпейтін, көзі көретін әрбір адам іліммен түсінетін өнер ғой, аға. Менің жаттыққан өнерім көз бояу өнеріне мүлде ұқсамайды. Тоқ таяқтармен шошындырып, құлқынын шырғалап ойнататын хайуанаттардың ойыны өз алдына бір дүние. Ал, біздің өнеріміз өз денеміздің барлық мүмкіншіліктерін іске салып, өз денеміздің (адам денесінің) ғажайып сұлулығы мен сиқырлы нәзік хикметті рөлін әйгілейтін өнер. Өнер деген ұлт, жыныс, жас, шекара, дін деген шектемелерге ұшырамайтын көшпелі ырыс көрінеді ғой. Сондықтан, оған кім шынайы берілсе, сол үйрене алады екен. Бұл менің көңіліме түйген бір тәжірибем. Мен барған жерлерімнің бәрінен мақтау естіп, халықтың алғысына бөлендім. Барған жерлерімнің бәрінде газетке суреттерім басылып, өнерім көгілдір экраннан көрсетіліп жатты. Сонау бала күнімде өзім тамсана қарап, еліктейтін «сиқырлы өнерді» енді міне өзім қиналмай ойнайтын болдым. Демек, бәрі де үйренумен, еңбектенумен, ізденумен келеді екен. Осы арада бір шынымды айтайын, аға, егер сіз «Қане, қайсы өнерді қалай орындайсың?» десеңіз, мен оны тіліммен түсіндіріп, айтып бере алмаймын. Ал, «Қане, бір өнеріңді көрсетші!» десеңіз, мен дереу көрсете аламын. Мына суреттерімді көріңізші, осындағы мен жасап тұрған қимылдарды сіз қалай жазып түсіндірер едіңіз? – деп бетіме сұраулы жанарын қадай қарады. Мен оның өнер сахнасынан түсірілген бірнеше суретін қызыға тамашаладым. Көрер көзге хикмет қызық көрінгенімен, айтып түсіндіруге тілім жетпейтінін сездім де, мен де Ботакөздің өнер сахнасынан алынған бір-екі суретін оқырмандар қауымының көруіне ұсындым да, «Өнерің үстем бола берсін, ұлтымыздың көзін ашып көрген, аузын ашып сүйген тұла бойы тұңғыш циркші қызы – Ботакөз қарындасым!!!» – деп ақ тілегімді білдірдім.
– Рақмет, аға! – деді ботаның көзіндей мөлдіреген жанарына қуаныш пен мақтаныштың мөлдір меруерті жарыса келіп, бір сәт іркіле қалған Ботакөз.
Менің көз алдыма он сегіз жыл бұрынғы сәби Ботакөз бен өнер биігінен мен мұндалаған бүгінгі Ботакөз алма-кезек елестей берді...
Сәли СӘДУАҚАСҰЛЫ