Қытай кәсіпкері қазақтың бизнесін тартып алды, өзін түрмеге тықты

Қытай кәсіпкері  қазақтың бизнесін  тартып алды, өзін түрмеге тықты

Айдың, күннің аманында Лю Жун деген қытайлық кәсіпкер Азат бауырымыздың басына құрсау салып, жазықсыздан-жазықсыз қол-аяғын матап қойды. Өзі қалыңын төлеп, қазақтан үш бірдей қатын алған деседі. Жоғарыдағы шенді-шекпенділердің аузын майлап, қалғанын қолында ойнатып жүрген бұл жылпос Астанада өзін тіптен жайлы сезінеді екен. Оның қызметіне дайын тұратын сатқын жандайшаптары да көп деседі. Астанаға тырнағы ілінген бір қытай қазақты қан қақсатып, ұрттап ішіп, шайқап төгіп жүрсе, ертең ақшасы одан да көп, одан да бетер ықпалды біреулер келсе (келіп те жатыр) күніміз не болады? Қазақстанға келу, қатын алу, сол арқылы біртіндеп тамыр жаю, байлыққа кенелу кез келген қытай еркегінің арманы. Осы жолда олар барлығын құрбан етуге даяр. Мінеки, Лю Жун де сондай үлкен арманның жетегімен келген адам. Мұндайлар ертең бір Азатты ғана емес, өзге талай қазақты сорлатуға, бизнесін тартып алуға барады.

Азат өзінің шағым хатында осы Лю Жуннің Кәрім Мәсімовтың әкесі Қажымхан Мәсімовпен бірлесіп өзін қалай «лақтырып» кеткенін, бизнесін қалай тартып алғанын тайға таңба басқандай етіп жазып жариялады. Қазақ кәсіпкеріне жаны ашып, көңіл бөлетін кісі болса, осы фактілердің өзі де жеткілікті еді. Бұл жерде Азат жоқтан бар жасап, дәйектерді ойдан қиыстырып отырған жоқ. Күрмеуі қиын, ми жетпейтін мәселе емес тіптен. Айналасы бір газоблок өндіретін зауыттың төңірегіндегі әңгіме. Бұл жерде мәселе Лю Жуннің  үлкен Мәсімов өліп, кіші Мәсімов қолға алынғаннан кейін, арты ашылып қалудан алаңдап, алдын ала әрекет етіп, «жәбірленуші» кейпіне кіріп Азатты қылмысты іске шатып отырғанында. Осы аралықта ол биліктен өзін қорғайтын жаңа қожайындар тауып үлгерген. Бүгінде Азатты бекерден-бекер қаматып, жігерін құм қылып, қытайдың сөзін сөйлеп  отырғандар да солар. Яғни, біздің прокуратура және ішкі істер органдарының кей лауазымды тұлғалары  отандық кәсіпкердің мүддесіне емес, қытайдың мүддесіне қызмет етіп отыр деген сөз. Есесіне, қазақ кәсіпкері зардап шегуде.

Біле білсек, қазақ кәсіпкерлері ұлттық өндірістің локомотиві, елдің еңсесін көтеретін, ұлттық капиталды қалыптастыратын негізгі күш. Оларды қолдау, сыртқы әсерден сақтау мемлекеттің жауапкершілігіндегі мәселе. Кеше Президент сайлауында жаңа Қазақстан үшін дауыс берген, ақкөңіл, жаны жайсаң, кім-кімге де қайырымды, елім деген есіл азамат жазықсыз істі болып, суық камерада отырғанына  төрт ай болды. Бұл қандай масқара! Сонда біз кез келген келімсек арыз берсе, өз азаматтарымызды еш жазықсыз түрмеге тоғыта береміз бе! Онда бұл қазақтың еті тірісінен кім қалады?!

Мен Азаттың кісілік болмысы мен адамгершілігіне, отансүйгіштігіне куәмін. Айтып-айтпай, ол Алаш арманын ту еткен арда азамат. Жақсы көретін бауырым! Онымен ұлттың арғы-бергі тарихы, қилы тағдыры туралы талай мәрте әңгіме-дүкен құрғаным бар. Ол барған жерінен маған кітап ала келетін.  Кітаптарымның ішінен «Мәңгітасты» құныға оқыған. Тіпті, онда айтылатын көк түріктердің ізімен Ордостан Орхонға дейін жүріп өткен жайы бар.  «Табғаш қағанның сөзіне алданғандықтан, жібегіне қызыққандықтан, түркі бектері түрік атын жойып, табғаш атын тұтынды, елін, жерін Табғаш қағанға жаулап алып берді, бек ұлдары құл болды, сүліктей сұлу қыздары күң болды...» деген жолдарды оқығанда кітапты бір ашып, бір жауып басын шайқап отырушы еді. Енді сол көк түріктің бүгінгі «бектері» бір қытайдың ақшасына сатылып, айтқанына жүгіріп, өзін қаматып отыр. Жалпы, түркі бабаларымыздың басынан өткен алмағайып сол заман, қидалы қиын тарих қайталанып келе жатқандай. Мен осыдан қорқамын. Ертең бір Азат емес, жүздеген, мыңдаған кәсіпкерлер тар есік, тас босағада  телміре ме деп қорқамын. Біздің шенеуніктер солардың «жібегі мен ақығына алданып», «елін, жерін, төрін жат жұртқа жаулап алып бере ме» деп қорқамын. Айналайын халқым, жаман айтпай, жақсы жоқ,  тура сол Түрік қағанаты тәуелсіздігінен айырылғандай сұмдық тағдыр біздің де басымызда қайталанса қайтеміз!?

Азат 2023 жылы 30 қарашада қамалған соң, ішкі істер органдары екі ай ішінде жедел сараптама жасалып, әділ шешім шығарылады деп сендірген еді.  Бірақ қаңтар айының 25-і күні болған онлайн түрдегі тергеу сотында уақытты тағы да бір айға созды. Осы барыста бірде-бір тергеуші келіп, онымен сөйлескен жоқ. Сөйтіп, ақпан айының соңында іс автоматты түрде тағы бір айға созылып кетті. Енді Азат осындай өз ісіне жауапкершілікпен қарамайтын немесе істі әдейі тастап қоятын құқық қорғау  және прокуратура органдарына сеніп, мерзімсіз отыра бермек пе!?  Сол құрлы желкелеп ұстап отыратындай бұл не бүлдірді? Оның түрмедегі жағдайынан күдікті ретінде ұстап отырылған азаматтарға деген қарым-қатынастың, тіпті түрмедегі жағдайдың қаншалықты қиын екенін, ол жердегі адамдардың өлген-тірілгенімен ешкімнің жұмысы жоқ екенін көруге болады. Адамдар қорадағы мал екеш малға да мұндай мәміле жасамайды. Әрине, ол жерде Азат ешкімге керек емес. Бірақ ол ең әуелі үйдегі 4 баласына, жарына, қарт анасына, ақсап жатқан жұмысына және ондағы қызметкерлеріне керек. Қоғамға, бізге керек. Ондай қазақтың интеллигент азаматының нақақтан-нақақ күйіп, қамауда отырғанын біз де қаламаймыз. Мүмкін болса өзім кепіл болып шығарып алайын деп хат та жаздым. Сөзім өтетін азаматтарға айтқан өтінішіміз әзірше ақталмады. Ал уақыт болса зымырап өтіп жатыр. Біз асыққанмен, тергеушілер, прокурорлар, эксперттер асығар емес. Істі әдейі созып, шыдамымызды тауысып, шаршатып, сиырқұйымшақтатып, ақыр аяғында Азат бауырымызды Людің пайдасына жығып бергелі отыр.

Мінеки, жағдай осы. Мен істің нақты барысына, бүге-шігесіне тоқталмадым. Тек оған негіз болып отырған басты себептерге тоқталдым. Егер Азат ісі осылай сөзбұйдаға салынып, түптің түбінде әділ шешілмейтін болса, мұның түбі басқаларға жол болып, біз сенім артқан құқық қорғаушылар мен прокурорлар «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының да қадір-қасиетін кетіретін болады. Онда халық кімге сенеді, кімге сүйенеді?

 

 

Тұрсынхан ЗӘКЕН,

Тарих ғылымдарының докторы, «Құрмет» орденінің, 

Түркология саласындағы 

«Күлтегін»,  халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының иегері,  

профессор, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі

04.04.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 42
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 125
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 36
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 42
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 51
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 42
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 121
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 125
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 317
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 310
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 933

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9006
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8401
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11627
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9384
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10611