Қытайдың Жаңа жылы әдетте «көктем мерекесі» деп аталады. Жыл сайын тойланатын 15 күндік мереке Жаңа жылдың басын тойлауға арналған. Қытай халқының Жаңа жыл тарихы 3500 жылдан асады. Аңыздарға сенетін болсақ, мерекенің шығу тегі Шан әулетінен (б.з.д. 1600-1046 ж.) адамдар әр жылдың аяғында құдайлар мен ата-бабаларға табынған кезден басталады. Биыл Қытайдағы жаңа жылды тойлау 12 ақпанда басталып, 26 ақпанға дейін жалғасады. Оны Қытайдың «Ай жаңа жылы» деп те атайды. Осы мерекенің соңғы үш күнінде «Шамдар мерекесін» атап өтеді. «Шамдар мерекесінің шығу тарихына» тоқталатын болсақ, Хань заманында ай күнтізбесі бойынша «Ай жаңа жылының» он бесінші күні адамдар Будданың құрметіне шамдар жағатын болған. Мұны білген император барлық ғибадатханалар мен сарайларда шам жағуды бұйырады. Уақыт өте келе бұл рәсім күллі Қытай еліне таралып, қарапайым халық тарапынан қолдау табады. Содан бері Қытайдың барлық аймағында мереке жыл сайын тойланады.
Осы мереке қарсаңында, бүгін «Шығыс әдебиеті» баспа компаниясында Қытайдың дәстүрлі «Шамдар мерекесі» аталып өтті. Оған Кітап палатасының директор орынбасары Салменбаева Толқын Тұрғалиқызы, Әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нің, Шығыстану факультетінің Қытайтану кафедрасының меңгерушісі, PhD профессоры Фарида Оразақынқызы, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті Шығыстану факультетінің ұстаздары мен студенттері, Қытай тілі оқыту орталығының оқытушылары келіп қатысты.
Әл-фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенттері келіп өз өнерлерін көрсетті. Шара соңында келген қонақтарға сый-сияпат табысталып, шағын дастархан ұйымдастырылды.
Жансая Берістем