Шығыстағы «тәртібі темірдей қатал, жер жылыса жылымайды» деп әспеттелетін ҚХР-дың әрбір аймақтарында көшеге шыққан адамдар Үкіметтің қатаң карантиндік шектеулеріне қарсы наразылықтарын білдіріп, ереуілдетіп жатыр.
Шыңжаңдықтардың төзімін тауысқан оқиға
Шыңжаң автономиялық аймағының әрқайсы аудандарындағы карантин шаралары жергілікті жағдайға қарай жүзеге асырылып жатқандығы айтылып келген еді. Алайда орталық қала Үрімжіде соңғы 3 ай бойы атқарылған қатаң карантиндік шектеулер адамдарды әбден титықтатқан шағында, 24 қараша күні 19:49 минут өткенде Үрімжі қаласы Тяньшань ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде алапат өрт шықты. Құтқарушылар 3 сағаттан астам уақытта өртті толығымен сөндірген. Өкініштісі апат болған ғимараттың ауласындағы жолға иін тіресе қойылған көліктер өрт сөндіргіш техникалардың қозғалысына кедергі келтірген. Қалалық әкімдіктің таратқан ресми ақпаратына қарағанда «17-20 қабаттарды шарпыған өрттен 10 адам қаза болып, 9 адам жараланған». Ал шетелдік сайттар 44 адам қаза болып, қыруар адам ыс тиіп, уланып қалған деп жазып жатыр. Бұл айтылғандарға негіз болған дәлел әлеуметтік желі беттерінде таралып кеткен жантүршігерлік видеолар еді. Онда карантин талаптарын қатаң сақтауды ғана мақсат еткен басқарушылардың ғимараттың апаттық есіктерінің сыртынан сым темірмен байлап тастағандығы себепті адамдардың сыртқа шығуына кедергі болғандығы алдымен айтылған еді. Сол күннің ертесінде-ақ бұл аянышты жағдайдан хабар тапқан тұрғындар 3 айдан бері аяқ басуға тыйым салынған көшелерге шығып, жолдардағы бөгетке қойылған темір шарбақтарды лақтырып тастап, билік өкілдеріне деген наразылықтарын ашық айта бастады. Халықтың қарасы көбейген тұста қалалық әкімшіліктің басшылары келіп, бірер күннің ішінде жағдайды ретке келтіретіндіктерін айтып, ашулы жұртты сабырға шақырғандай болды. Ал күллі әлемге таралып кеткен бейнежазбалар туралы аудан басшысы «бұлардың барлығы жалған, мамандар барлығын анықтап шықты, апаттық есіктердің сыртынан байланбаған» деп түсініктеме берген...
Шанхайдағы наразылық
Үрімжі қаласында орын алған оқыс оқиғаның жай-жапсарын естіген жұрттың барлығы үкіметтің карантиндік шектеулеріне қарсы наразылықтарын білдіріп көшеге шықты. Алдымен қозғалған Шанхай қаласының тұрғындары қаладағы Үрімжі көшесіне жиналып, қаза болғандарды еске алып, үкіметтің қатаң шектеулерді алып тастауын талап етіп, ұсыныстарын білдірді. Алайда оның соңы саяси сипат алып кетті.
Шанхай қаласы Қытайдағы экономикалық артықшылықтарынан бөлек саяси салмағы басым өңір есептеледі. Өйткені ҚХР құрылудан ілгері, тұтас Қытай топырағында капитализмнің өркен жайған ошағы ретінде танылған Шанхай қаласы сонан бергі уақытта өзінің еркіндігін, батыл ұстанымдарын жоғалтқан емес. Осы қаланы басқарған адамдардың арасынан орталық билікке келгендері де көп болған екен.
Шанхайдағы наразылықтардан түсірілген кадрлардан «компартия биліктен кетсін, Си Цзиньпин биліктен кетсін!» деген ұрандар айтылғандығын барлығымыз көрдік. Келесі кезекте Бейжіңдегі ЖОО-лардың студенттері де наразылықтарын ашық білдіре бастады. Олар да «еркіндік, демократия!» деп ұрандатып жатқандығы күллі дүниеге тарап кетті. Бір ерекшелігі, Қытайдың ірі қалаларында жалғасып жатқан наразылықтардың соңы саяси сипат алып бара жатыр. Олар басында қатаң карантин шектеулерге қарсылық танытса, енді «Си Цзиньпин, биліктен кет!», «Өмірлік қызметте тұруды тоқтат!», «Біз нуклеин қышқылын қаламаймыз және бостандықты қалаймыз» (адамдар әр 3 күнде бір рет сілекейден анализ алып тексеруден әбден мезі болған) деп ұрандатып жатыр.
Осы жолғы наразылық шерулерінің тағы бір ерекшелігі көшеге шыққан адамдар арасында ақ парақ көтеріп шығушылардың көптігі дер едік. Батыс басылымдары мұны қазірдің өзінде «Ақ парақ революциясы» деп атай бастады. Қазір Бейжіңдегі студенттердің санының көбеюіне байланысты мұны 1989 жылғы 4 маусымдағы айтулы студенттер ереуілінен кейінгі кең көлемді бас көтеру деп бағалағандар да бар.
Соңғы уақытта шетелдерде тұратын этникалық қытайлар да сол елдердегі ҚХР елшіліктерінің алдына барып, ҚХР үкіметіне «сәлем жолдап» жатыр. Олар да карантиндік шектеулердің саяси науқандармен астасып кеткендігіне, халықтың тұрмыстан қинала бастағандығына қазіргі биліктің кінәлі екендігін айтып, наразылықтарын білдірді.
PS: 2019 жылы Ухань қаласынан басталған COVID-19-дан кейін Қытай елі қатаң карантин шараларын енгізе отырып, аурудың алдын алуда белгілі жетістіктерге жеткен еді.
Қытайда жасалған бірнеше түрлі екпелердің арасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Sinopharm және Sinovac компаниясының CoronaVac қатарлы екі түрлі вакцинаны ғана «төтенше жағдайда қолдануға болады» деп рұқсат берген. Дегенмен Қытай билігі осы екпелерді елдегі 1,5 миллиардқа жуық адамға түгелдей егіп шығуды бастаған болатын. Соның нәтижесінде алды 4 рет, ең азына 2 мәртеден екпе салынған екен. Алайда биыл жаздан бері індет қайта өршіп, әрбір аймақта қатаң карантинге көшті. Өздері сипаттағандай «ең тиімді вакциналарына» өздері сенбеді ме, әлде компартияның 20-құрылтайы төңірегіндегі саяси тартыстардың алдын алуда карантинді көзір етті ме, кім білсін? Бір анығы, халықтың тұрмысы қиындап, елде тұрақсыздық белең ала бастаған шақта, Үрімжіде туылған өрт қоламтаны үрлеп жібергендей болды.
Қазірге дейін жер-жерде болып жатқан наразылықтарға қарата қару қолдану фактілері болмаған сияқты. Ал наразы жұрттың талабының соңы немен аяқталары алдағы күннің еншісінде.