Путиннің Украина жайындағы уәжі шындықтан алшақ. Оның сөздері айтуға адам ұялатын қып-қызыл өтірікке, әлімжеттікпен белден басуға, жұрттың көзін бақырайтып қойып бұра тартуға, ежелден келе жатқан шовинистік сасық пиғылға құрылған. Оның жалған сөйлеуден өзге жолы қалмағандай.
Мамырдың 9-ында Мәскеудің қызыл алаңында болған әскери шеруде дүниежүзі алдында баяғы қисынсыз сөзін тағы да қайталады. Оның айтуынша, Ресейдің ақпанның 24-інде Украинаға басып кіріп, алдын ала соққы беруі дұрыс шешім болыпты. Егер бұлай етпесе, АҚШ пен НАТО елдері Ресейге қауіп төндіргендей екен. «Украинаны Ресейге қарсы соғыс ашуға сол үшін дайындаған» деп соқты.
Соғыс бастағалы бері Ресей қисынға келмейтін небір өтірікті боратып келеді. «Украин халқын ұлтшылдар мен бандеревшілдерден қорғаймыз» дегені адам иланарлық сөз бе?
Алайда Ресейдің көпшілік орыстары осы сөзге иланып қалған. Расында өздері осыған иланғысы келеді. Илануға бейім тұрады. Путиннің соғысты тоқтатпауын, бүкіл әлемді басып алуын іштей тілейді. Бұны өздері ашық айтып жүр. «Біз бастаған жоқпыз соғысты, біз соғысуға мәжбүр болып отырмыз» деп ауыздары қисаңдатады.
Ресейдің орыстарын қоялық, біздің орыстардікі не жорық десеңші! Мысалы төменде «Настоящее время. Азия» радиосы түсірген бейнесюжеттен алынған екі адамның фотосына назар аударалық. Оларға «Қазіргі соғысқа кім кінәлі? Ресей ме, әлде Украина ма?» деген сұрақ қойылған. Екеудің жоғарысындағы астаналық (нұр-сұлтандық) мосқал орыс бұл сұраққа былайша жауап береді. «Егер көршің сенің бақшаңа келіп, «бұл менің бақшам, мен бұған картоп егем» десе не істейсің? Қуып жібересің ғой. Ресей де солай істеп отыр. Ресейдің әрекеті заңды және дұрыс деп есептеймін!» дейді. Оның ойынша, Украина Ресейдің жекеменшік бақшасы екен. Украин жеріне жергілікті украин адамының картоп егуі қылмыспен тең көрінеді.
Ал төмендегі әйел (ол да нұр-сұлтандық): «Фашизмді жою керек. Бұл (соғыс) мәжбүрліктен (амалдың жоқтығынан) болып жатыр» деп, Ресейдің басқыншылығын ақтап алып тұр. Оның сөзінде де Украина фашизмнің ұясы деген түсінік аңғарылады.
Ресей басшысының арам пиғылына дем беріп отырған кремль насихатшыларының бықсығы саналарына әбден орнығып қалғанын осыдан-ақ көруге болады.
Ал қадірлі оқырман, сіз қалай ойлайсыз, Украина жерінде болып жатқан соғысқа кім кінәлі? Ресей ме, әлде Украина ма?