РАДИОБИОЛОГТЫҢ ҚҰПИЯСЫ

РАДИОБИОЛОГТЫҢ ҚҰПИЯСЫ

Айналайын, шыр айналған дүние!

... Бәрі де кешегі күндей көз алдында кинолентадай тізбектеліп өтіп жатқандай. Қайран, зымыраған күндер мен жылдар!.. 

Кеше ғана еді, 16 жасында мамырдың таңғы самалымен Доңызтаудан ат терлетіп, арасы 300 шақырым аудан орталығы Жарқамысқа тәуекелге бел буып, жалғыз сапар шеккені. Ит арқасы қияннан, меңіреу маң даланы басып жас өскіннің жалғыз аттануына анасы Қырмызы мен әкесі Садық батасын берді. «Сақтықта қорлық жоқ», алайда ұлының жанына ес болар жан таппай ойы сан-саққа бөлінсе де, шарасыз іштей дұғасын оқып, тақымын қысып, Тәңіріне тапсырды. Өйткені мектеп директоры ретінде Садықтың он жыл оқыған-тоқыған білімін таразылайтын сынаққа өз баласын жібермеуге қақы жоқ еді. Сайын бұл жауапты сынға алдын ала дайындалып, жүретін мерзімді асыға күткен.  

Әлі  есінде, көкжиек қып-қызыл  алау  бояуға шомылған күн ұясына қонар шақта қарсы алдынан қызыл там көрінді. Оған әкесі ауданға баратын ескі сүрлеу, ұзын жолдың бойында әрбір 50 шақырым сайын жолаушылар аялдайтын қызыл кірпіштен өрілген үй бар екенін ескерткен. Кешкі алакөлеңкемен іштей жүрексінген аз-мұз қобалжу мен үрейдің табы сейіліп, отау айналасында қарауытқан атты жандарды көңіліне демеу тұтты. Алыстан ат арылтқан жол-жөнекей ағылған қонақтардың бірі екенін сезгендей үй-жай жанындағы күзетші иттер де иесіне белгі бергендей орын-орнында маңғаздана арс-арс жарыса үріп-үріп қойды. Жас оғлан ұзақ жүрістен аяқ-қолын жазып, қарагерінің ер-тұрманын сыпырып, сенімді серігінің жалы мен арқасын алақанымен аялай сылап-сипап, аяғын тұсады, сосын төңіректегі отқа қарай айдады. Әлгі қарайғандар да өзі сықылды ат шалдырып, бөгелген жолаушылар болып шықты. Жөн сұрасып, есен-саулықтан соң еркін тыныс алып, шаңырақ ішіне сау етіп енді. Сығырайған білте шамның жарығына дорбасынан азын-аулақ азығын ортаға салып, лезде апыл-ғұпыл жүрек жалғап, әрқайсысы ыңғайы келген орынға жата-жата қалысты. 

Желе-жорта екі күндік жолды еңсеріп, Жарқамыстың тұсына келіп, Жем өзенінің мұзы еріп үлгермесе де жазғытұрғы қызыл су жүріп кеткенін байқады... 

Көгілдір Жем өзенінен әзер дегенде ептеп-септеп бергі бетке өтіп, шоқ-шоқ зәулім көктерегі көк тіреген, Жарқамыс кентіне жеткен. О, ғажап, дүйім жұрттың қарбаласқан тіршілік қам-қарекетімен танысу – шалғай шеттегі Доңызтау, Оймауыт, Үстірт бойындағы шегенделген сегіз шыңыраудың суын ішіп, емін-еркін, ешкім бетінен қақпай бұла өскен түз баласының ой мен бойын түзеп, ширай түсуге үйретті. Қызыққа толы, қиялшыл сол шақта Құлтан ағаға суретке түсіп, өз бет-жүзі мен бой-сойының фотобейнесін тұңғыш рет көруі жан дүниесін аса тебірентіп, ерекше толқытқан. Бұл оқиға оның өмірінде құдды Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшқанынан кем соқпайтындай әсер еткені анық. 

Бұл Доңызтаудағы Жаңа жол орта мектебін тамамдаған 1959 жыл еді. Ол да бір дәурен екен. Қарауылкелді, Қаражар, Алтай, Доңызтау елді мекенінен білім нәрімен сусындаған әрбір шәкірт, тәртіп бойынша 10-кластың қорытынды емтиханын мамыр айында аудан орталығы Жарқамысқа келіп өткізетін. Арман қуған жас түлек Есенбай, Қажығали, Тынымбай, достарымен бірге басы қосылып, үлкен өмірге қадам басқан. Сол жылы ол Алматы медицина университетіне құжатын тапсырады. Өкініштісі, Сайынның құжаттарындағы ресми тегі Аймағанбетов біресе Садықов деп ала-құла таңбалануына байланысты университет қабылдаудан бас тартты.  

Сөйтіп, елге оралған Сайын жылқы бақты. Жастайынан қара жұмыспен өскен қайратты жас небір жүген-құрық тимеген шу асауды бұғалық салып ұстап, жуасытатын. Үстіндегі киімінің алба-жұлбасы шығып жыртылғанына қарамай бұғалықтан айырылмайтын шабандоз жігіттің ептілігіне талайлар тәнті болатын. «Жануар, бір жарым, екі шақырым жер сүйреп, аузынан ақ көбік ағып, булығып құлайды. Бір асау жылқыны жуасыту 14 күндік еңбекке бағаланады. Сондағы беретіні шамалы ғана тиын-тебен», – дейді сайын далада сақайған бүгіндері сексеннің сеңгіріне шыққан Сәкең жастық шағын еске түсіріп.

Айналайын, шыр айналған дүние!..

 

Тіл қорлығына налыған балаң жігіт

Сайын Садықұлының табиғаты алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын бірбеткейлігінде. Келер жылы жоғары оқу орнына қабылдануға арналған емтиханның бәрінен өте жақсы баға алған ол Ақтөбедегі мемлекеттік медицина институтының студенті атанады. Алайда институтта оқу мәселесі өте қиынға соқты. Шынын айтқанда, күллі оқу үдерісі мен бағдарламасы түгел орыс тілінде жүргендіктен, мүлдем ештеңені ұқпай, берілген тапсырманы күндіз-түні құр жаттап айтуға мәжбүр етеді. Қазақ бола тұрып, өз еліңде ана тіліңде білім ала алмау неткен қорлық, неткен бейшаралық екенін қатты сезінгені сондай – түнгі тәтті ұйқысын бөліп, түсінбейтін мәтіндерді жаттаумен өткізген қиналған сәттерін де талай мәрте Тәңіріне шағынып, налығаны, әсте, есінен шығар ма! Тілің болмаса, қалған тірлігіңнің бәрі түкке тұрмайды. Егер тіліңе тыйым салса, бүгінгі тәуелсіздік, егемендік дегеніңнің құны көк тиын екенін ол – сонда шын сезініп, әбден түйсінген. Иә, ана тілің мемлекеттің барлық саласында еркін қолданыста жүрмесе, табаныңа жабысқан балшық құрлы құның жоқ сорлысың! Сол кепті киіп, сондай күйде өмір сүрген шақ көңілге түскен дық болып көкіректе қалып қойды. «Үш күннен кейін адам көрге де үйренеді» демекші, көнуге, көндігуге тура келді. Өмірінде тірі орыс көрмей өскен оған жат тілді меңгеріп кету оңайға түскен жоқ. «Доңызтауда ел Мәтжан атаған Василий Тимофеевич Иванов дейтін орыс-казак өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары жер ауып келіп, егін мен мал азығын молайтуға үлес қосқан. Оның ұрпағы қазақпен мидай араласып, қазақ болып кетті. Мәтжанның  кенжесі Юрий екеуміз он жыл бір партада бірге оқыдық. Бір қызығы, ол орыс болғанмен бір ауыз орысша білмейді. Мен институтқа кеткенімде, ол әскерге шақырылды. Юрий Василевич Иванов  әскерге барғанда «направо, налево»-ны түсінбей әбден қорлық көреді. Шамасы орыстар мұқатып, тиісетін болған ғой. Содан үйіне «әскерде жағалай орыс, жалғыз қазақ – мен», – деп жазған хаты тұтас Байғанин өңіріне таралған. Менің көрген тірі орысым – жалғыз сол», – деп шау тартқан қарт Сәкең езу тартады. 

Кәмелеттік жасқа дейін қазақ тілімен өмір кешкен пендені бірден басқа тілде тең дәрежеде игеруді талап ету ішкі жан күйзелісі мен наразылығын туғызары кәміл. Осы бір тілдік теңсіздіктен қиналып, ызаға булыққан шақта оқу жүйесін қарғап-сілеп, тірі болса, медицина саласында ана тілінде оқу құралын жазуды қиялдап кететінін өзі сезбей қалатын. Ол қанша жанына батса да, ата-ананың үмітін ақтауға, діттеген үдеден шығуға бар күшін салып бақты. Дегенмен, үшінші курстан былай дәрігерлік мамандыққа құштар студент тынымсыз еңбекқорлық пен ұдайы ізденістің нәтижесінде орыс тілін терең игеріп, дәрістің теориялық мән-мағынасы мен іс жүзіндегі тәжірибелік парқын пайымдауға ден қоятын сана деңгейіне жетеді. Міне, оның қанында бар, бойына біткен осы асыл қасиет үнемі алға жетектеп, қандай қиындықпен болсын күресуге әманда дайын құдіретті қайрат берді. Сөйтіп, Садықов Сайын аталған жоғары оқу орнының емдеу факультетін 1968 жылы ойдағыдай тамамдайды. Жас маманның алдында қиындығы мен қызығы мол еңбек жолына араласудың, қоғамның салауаттылық мәдениетіне өз үлесін тигізуге мүмкіндігі туды. Ой жіберіп қараған жанға мынау жарық пәниде денсаулықтың қадірінен артық дәнеңе жоқ. Қазақ мақалдап «денсаулық – зор байлық», «тәні саудың, жаны сау», есендескенде «Армысыз!», «мал-жан аман ба?» деуінің сыры тегіннен-тегін емес. Демек, өмірдің бар мәні де, сәні де денсаулықтың арқасында екен.   

 

Онкологияға 52 жыл ғұмырын сарп еткен ғалым

Ол бар оқыған-тоқығанын тағдыр тәлкегімен сырқатқа ұшыраған отандастарының сауығып кетуіне, дертіне шипа үміт сәулесін түсіруге қажыр-қайраты мен кәсіби ақыл-парасатын аянбай жұмсады. Дәрігер 1970 жылға дейін Ақтөбе облысы, Хромтау қаласында емші-дәрігер, хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып жемісті қызмет етеді. Осы жылдары өңірдегі адам денсаулығының өзекті мәселелерімен етене жақын танысқан сайын оның көзқарасы түбегейлі өзгеріп, ем-домның ғылыми-технологиялық тиімді жаңа түрлерін тәжірибеде батыл енгізу мен қолданудың заман талабына сай аса ділгірлігін сезеді. «Шешінген судан тайынбас» деген ол енді осы діттеген жоспарын жүзеге асыру мақсатымен бар қабілет-қарымын бірыңғай зерттеу жұмыстарымен айналысуға тәуекел етіп, белін бекем буады. Дәл сол жылы ол Алматыдағы С.Ж. Асфендияров атындағы Медицина университетінің [ҚазҰМУ] аспирантурасына қабылданады. Ғылыми зерттеу жұмысы мен тәжірибені ұштастырудың орайы енді туып, қуанышында шек болмайды. Әйткенмен аспиранттың зерттеу нысаны ретінде маммологияға, гинекологияға қатысты тақырып беріледі. Гинекологиямен шұғылдану ер-азаматқа халықтық менталитетімізде теріс көзқарас қалыптасқандықтан, ол басқа тақырып алуға әрекет жасайды. Іздегенге – сұраған, жаңалыққа құмар жігіттің айы оңынан туып, әйгілі академик Сайм Балмұқановтың оған таңдауы түсіп, өзінің жетекшілігімен онкология саласынан тақырып ұсынады. Сөйтіп Сайын Садықұлының ғылымдағы тынбай еңбектенген, шығармашылық ізденісі басталады. Сол жылы ол қарашаның 15-де Қазақтың онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері болып орналасады. 1987 жылы клиникалық радиологияның аға ғылыми қызметкері міндетін атқарады. 1996-1999 жылдар аралығында оған осы бөлімшенің меңгерушісі болуға сенім артады. Садықов Сайын қатерлі ісік ауруларын сәулемен емдеу бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, ісіктің ионданған сәулелерге сезімталдығын жоғарылатуға бағыттаған. Медицина саласындағы көп жылғы көз майын тауысқан жаңалық тұжырымын ғалым 1991 жылы Мәскеудің оқымыстылары алдында «Өкпенің қатерлі ісігін сәулемен емдеуде дозаларды әртүрлі тәсілмен бөлшектеудің салыстырмалы нәтижелері» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Бұл емдеу тәсілінің нәтижесінде өкпе, өңеш, жатыр, жұтқыншақтың қатерлі ісіктерімен ауырған науқастардың өмір сүру сапасы жақсарды. Зерттеуші-ғалым 1991 жылдан Қазақтың медициналық ұлттық университетінде әуелі ассистент, сосын доцент, 1999 жылы онкология, маммология және сәулелік терапия кафедрасының доценті ретінде өзіне жүктелген ғылыми-ұстаздық мәртебелі жауапкершілікті қатар алып жүреді. Ғалым-ұстазға 2003 жылы ЖАК-тың доценттік дипломы, 2008 жылы сәуірдің 15-де ҚазҰМУ-дың ғылыми кеңесінің шешімі бойынша академиялық профессор атағы берілді. Садықов Сайын ұзақ жылғы ұстаздық, ғылыми шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде 6 монография, 11 оқулық, 3 тиімді ұсыныстар, 1 авторлық куәлік, студенттер мен оқытушыларға арналған бірнеше оқу-әдістемелік еңбектер жазып, сәулелік терапияның барлық тарауларына қайтадан өзгеріс енгізіп, қазақ тілінде толықтырып бастырды. Профессор Қазақтың медициналық ұлттық университетінің барлық факультеттеріне, интерндерге арналып ситуациялық есептер, тестілер құрастырды. Онкология кафедрасының негізгі бір базасы – Қазақтың онкология және радиологиялық ғылыми-зерттеу институты. Садықов Сайын осы институттың радиология бөлімшесінде 52 жыл бойы сәулемен емдеу проблемасымен шұғылданатын жоғары санаттағы білікті маман болып саналады. Профессор бүгінгі таңда еліміздегі инновациялық технологияны қатерлі ісіктерді емдеуге қолдана білетін бірден-бір жоғарғы кәсіби маман. Ұстаздық пен ғылыми шығармашылықты құстың қанатындай қатар алып жүрген айтулы тұлға 230-дан астам елеулі еңбектің авторы. Бір ғажабы, осы оқулықтар мен монографиялық еңбектердің біріне де мемлекет тарапынан қолдау жасалмай ғалымның жеке қаржысына баспадан жарық көргендігін айта кету лазым. Медицина институтының [қазіргі таңда университет] табалдырығын аттаған [орысша ләм демейтін] шәкірт шағында білімді ана тілінде игеретін оқу жүйесі мен бағдарламасын қиялдап, түбі осы өзекті мәселеге үлес қоссам деген тәтті үмітпен талай ой құшағына батқан. Асылы, талап пен еңбек ойдың заттануының кепілі. Сайын Садықұлының «Медициналық радиобиология негізі», «Сәулемен емдеу», «Иондаушы сәуленің физикалық және радиобиологиялық негіздері», «Клиникалық радиобиология», «Қатерлі ісіктің сәулелік терапиясы», «Клиникалық онкология», «Клиникалық онкология», «Клиникалық онкология», бұл үш томдық 2021 жылы толықтырылып, екінші  қайтара басылды.  Аталған  оқулықтар қазақ  тілінде  тұңғыш  рет  жарық   көрді.   Республикадағы  дәрігерлік  университеттердің студенттеріне 1-курстан бастап «Медициналық радиобиологияның негіздері» пәні оқылады. Ғалым-ұстаздың ана тіліндегі ізашар оқулықтары – ғылыми-тәжірибелік және педагогтік өміріндегі елеулі ерлігі.  Күллі саналы өмірін медицина ғылымының өркендеуі мен дамуына арнаған, осы салада буын-буын шәкірт баулыған ұлағатты ұстаз Сайын Садықұлының бұл еңбектері ұлт қазынасын рухани байытуға қосылатын өшпес мұра. 

 

Бұл ілім – ұлт болашағының кепілі

Профессор Сайын Садықовпен дидарласып, ғылыми ізденістерінің мәні мен үлгі тұтқан ұстаздары туралы пікірін бөлісуді өтіндік. «Радиология дейтін бұрын-соңды қазақта ғылым болмаған. Бұл өзі бірнеше ғылымның қосындысынан құралған әмбебаптық қыры бар, атап айтқанда: медицина, ядролық физика, радиология, биологиядан тұрады. Ядролық физика дегеннің пайдасы мен зияны бірдей. Оның жаман жағы – жер жүзін бүлдіретін алапат ядролық қару; екінші жағы – медицинада пациенттің ағзасындағы қатерлі ісіктерді сәуленің түрлерімен ем жасаймыз. Әлбетте, ең әуелі дерттің биологиялық, физикалық қасиеттерін, иондаушы сәулелерді зерттейміз. Аталған ғылымның Қазақстанда негізін салушы, арнайы лабораториялар ашып, ілгері дамытқан академик Сайм Балмұқанов. Академик ағамыздың жетекшілігімен ғылыми мектеп қалыптасып, шоқ жұлдыздай талантты ғалымдар қатары өсті. Олар – Жаңалық Ниязұлы Әбдірақманов, Қайыржан Әбисатұлы, Нариман Ғалилұлы, Леонид Иванович Шапранский, тағысын тағылар. Сол кісі 1945 жылдан бергі Қазақстандағы атомдық сынақтарды тексеріп, оның қоршаған ортаға, адам мен жануарлар ағзасына тигізген зиянын, әсерін, қанша доза мөлшерінде екенін анықтап, қай уақытта қандай ауру түрлері болуы мүмкін деген сұрақтарды ғылыми дәйекті түйін жасады. Жалпы, осының пайдасы мен зиянды жақтарын анықтап, ғылыми дәлелдеп берді. Ісік ауруы түрлі-түрлі болып бөлінеді. Әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері бар. Қазақтың онкология және радиология институты тұңғыш рет осы қатерлі ісік ауруының себеп-салдарын зертханалық тәжірибелер арқылы ғылыми зерттеумен шұғылданып келеді. Академик С.Балмұқанов, Ж.Әбдірахмановтың осы салада шетел ғалымдарымен бірлесіп елеулі-елеулі еңбектер жасады. Қазақ ғылымының әлгі әйгілі тұлғаларының жетегімен біздер шетелдік, атап айтқанда, Италия, Англия, Швецария, Германия, Чехословакия, Австрия, Нидерландия, Грекия ғалымдарымен бірлесіп зерттеу жүргіздік. Тұңғыш осы институт қабырғасында бұрынғы Кеңес Одағы бойынша эксперименттік тәжірибелер жасалды. Содан кейін бұл басқа жерлерде жасала бастады. Қазақтың онкология және радиология зерттеу институты әлемдегі басқа ғылыми орталықтармен салыстырғанда сәулемен емдеудің уақыт пен кеңістік аралығында таратуды айтарлықтай нәтижеге жетті. Қазақстанда алғаш рет сәулемен емдеуде Сайын Садықұлы Берокко аппаратын қолданды. Өкініштісі, бұл өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін зор қарқынмен жүрді. Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан қаржыландыру тоқтап қалды. Сөйтіп, институттың радиология саласы Денсаулық министрлігінің ескеруінсіз қалды. Білікті ғалым тұрақты түрде Қазақтың онкология және радиологиялық ғылыми зерттеу институтының ғылыми және клиникалық конференцияларына, 2010 жылы 1-4 қыркүйектегі Душанбе қаласындағы онкологтар мен радиологтардың IV съезіне, 11-13 қараша 2010 жылы Қазақстанның онкология және радиология институтының 50 жылдығына арналған мәжіліске, 2012 жылы қыркүйекте Астана қаласында өткен онкологтар мен радиологтардың VII съезі сияқты мәртебелі жиындарға қатысып, келелі мәселелерге ғылыми зияткерлік ортаның назарын аударды.

 

Емі жоқ сырқатпен алысқан азамат

Радиология ілімінің ұлт болашағының кепілі екендігін академик Сайм Балмұқанов зерттеулерінде дәлелді тұжырым жасады. Білімпаз жан қатерлі ісік диагнозы қойылған пациентке клетка деңгейінде емдеу әдістерін қолданатын. Әрбір аурудың себеп-салдарын зерттегенде қандай клетка қалай өзгерді, белгілері, көлемі қандай, соған сәйкес математикалық модельдеу арқылы есептеп шығарып, математикалық модельдеу әдісін тұңғыш енгізді. Енді оның шәкірттері осы әдісті тереңірек зерттеу үстінде. Осы мәселемен айналысатын зерттеушінің бірі – Сайын Садықұлы. Мәселен, бір аптада клетка еселеніп қанша мәрте көбейеді, соны математикалық модельдеу арқылы есептеп, анықтауға болады. Яғни бұл ғылым математика, биология, химиямен де тығыз байланысты.    Болашағымыз қалай болады, соның бәрі генетикаға, клеткаға байланысты. Мәселен, судағы балдыр бір клетка, жұмыр басты пенде атаулының ағзасы 300 триллион клеткадан тұрады, минут, секунд сайын бәлен клетка өліп, жаңа  клеткамен  толығып отырады. Сайын Садықұлы сол «клеткалардың болашағы қандай?» деген мәселемен шұғылданады. Клетканың ядросы, яки өзегінде сатоплазма, протоплазма, митрохондра бар. Осының барлығын ғалым қазақ тілінде жазып, сөздігін жасаған. Генетикадағы ДНК, РНК, АТФ митрохондада өседі. Митрохонда деп отырған – клетканың ішіндегі пешенек. Қазақ: «адам туғанда маңдайына не жазса, сол болады» деп баяғыда айтқан. Бірақ пешенекті де өзгертуге болады. Тұқым қуалаушылық қасиет митрохонда, яки пешенеңде екен. Бала дүниеге келгенде жолдасымен туады ғой, сол жолдасы – аптекасы. Аптек сөзі – аб[п] ежелгі қазақтың үй ұғымын, тек бөлігі шыққан негізі дегенді білдіреді. Сол аптектен клетканы шығарып, ағзадағы қалаған мүшені [көз, құлақ, қол, т.т.] жасап алуға болады. Ғалымдар осы жаңалықты енді білді. Жаңа туған сәбидің жолдасын қазір тоңазытқышта сақтап қояды. Бүгінгі таңда осы үдеріс зерттелу үстінде. Ол кіндік қан – нақақ. Клетка микроскоппен қарағанда ақ [түсті]. Нақақ (столбовые клетка) содан келесі тұқымды қайтадан шығарып алу мүмкіндігі бар. Митрохондадағы жан – от. Қазақ дүниеден қайтқан жанды оты сөніпті дейді. Бұл ғылыми дәлелденген, ал осыны ана тілінде дұрыс жеткізу кемшін.   

Профессор Сайын Садықовтың ұстаздық, ғылыми-шығармашылық көп жылғы еңбегі мемлекет тарапынан бірнеше мәрте медальдармен, «Құрмет грамоталарымен» марапатталды. Ол – Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі. Сәкеңнің жұбайы Валентина Омарғалиқызы физиология пәнінің оқытушысы, қазір құрметті зейнеткер, қызы Венера ғылыми қызметкер, ұлы Мағжан Қазақ-Ресей Медицина университетінде «Радиология» кафедрасының доценті [ассоциацияланған профессоры] міндеті қызметінде, медицина ғылымдарының кандидаты және еліміздегі ірі Ақпарат технологиясы бірлестігінде [IT компаниясында] бас маман. Сәкең төрт немере, бір шөбере сүйген аяулы ата. Талант көп қырлы болады деген рас. Абзал азамат Сайын Садықов қолы қалт еткенде қазақтың салт-дәстүрі, ән-күйі, шежіресіне де шама-шарқынша үлесін қосып жүр. Оның жазған «Ажым бесбұршақтың шежіресі», «Шөмішті табын (бозым) шежіресі», «Өмір тарланы» монография, тағы басқа еңбектері бір төбе.  Ел ішінде Сайынның сөзіне жазылған сазды ән әуені де кездесіп қалады. Шойыннан құйылғандай ірі денелі, жауырыны қақпақтай Сәкең студенттік өмірде күреске түсіп, белдескенін жеңген балуан. Ол 1966 жылы Ашхабад қаласына бір айлық әскери жиынға шақырылады. Осы жолы Орта Азия мен Қазақстанның студенттері арасында күрестен жарыс өтеді. Ақтық шешуші айқаста 80 келі салмақ дәрежесіндегі Сәкеңнің қарсыласы 120 келі тартатын Әзербайжанның жеңімпазымен белдесуге шығады. Қазақстанның намысын қорғаған Сәкең төреші ысқырығы естілісімен қас қағым сәтте әзербайжандық түйе балуанды алып ұрып, жауырынын жер иіскетеді. Сөйтіп, жарыс жеңімпазы атанып, спорт шебері атағын иеленеді. Белгілі ақын Есенбай Дүйсенбаевтың: 

«...Емі жоқ сол сырқатты

Емдеп жазып сен жүрсің,

Жаны рақат бір тапты,

Жақсылыққа кең-дүрсің!

...Онды бірге бітірген 

Оймауыттық өндірсің.

Бір анаға телі боп,

Қатар ұшып қаңқылдап,

Арман бастап келіп ек

Алматыға аңқылдап! 

Балқытам деп тасты да, 

Мен жүргенде тіл безеп, 

Белдескенді астыңа 

Алып ұрып бір кезек. 

Бақыт отын маздатар 

Бастан кештің сапар-күн: 

Айхановпен қаз-қатар 

Қара балуан атандың!..» деп жырға қосуы осы оқиғаға байланысты болса керек. 

Дала да аппақ, қала да аппақ, Алатау да аппақ, күллі дүние ақ көрпесін жамылған, тап-таза ауамен тыныстаған ақпан айының 6-да аңқылдаған азамат, ұстаз, ғалым Сайын Садықов мерейлі 80 жасқа толып отыр. Ақпандағы ақ қардай жаны таза радиолог-ғалым Сәкеңнің ғылыми-шығармашылық белсенділігі – алар асуы биіктей бермек.

АМАНҚОС МЕКТЕП-ТЕГІ
10.02.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 237
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 234
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 736
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 859
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 772

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8927
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8323
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11548
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9307
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10535