Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Бақытты Отбасы» орталығында қала әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бірлескен отырысы болды. Кездесуге қатысушылар ҚР Конституциясына толықтырулар мен өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум өткізудің мақсат-міндеті мен маңыздылығы жөнінде ойларын ортаға салды.
– Біздің «Бақытты Отбасы» орталығында бір үстел басына Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның барлық мүшелері – елорданың дамуына үлес қосып жүрген белсенді әйелдер жиналды. Елорданың, елдің барлық аналары болашақ ұрпақ, Жаңа Қазақстан үшін референдумға бірігіп, қолдау көрсетуі маңызды деп санаймын. Бәріміз барып, дауыс беруіміз керек. Дегенмен еліміздің саяси өмірінде айтарлықтай өзгеріс бола қоймас. Өзім де қоғамды түбегейлі өзгерту деген көзқараспен келіспеймін. Меніңше саясаттың да өзінің даму жолы бар. Сондықтан әр нәрсе өз уақытымен болады деп ойлаймын, – деді «Алтын орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы, белгілі этнодизайнер, «Алтын сапа» номинациясының иегері, «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Ырза Тұрсынзада.
Конституцияның үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізілгелі отырған референдумға халық неғұрлым көп қатысып, еліміздің жаңа саяси жүйеге көшуіне ықпал еткені маңызды. Сондықтан қазір республика көлемінде халықты референдумға жұмылдыру мақсатында әртүрлі деңгейде талқылаулар мен үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елорданың іскер-белсенді әйелдері халықтың референдумға жаппай қатысуының қоғам үшін маңыздылығына назар аударды. – Жағдайды өзгерту үшін және тек теледидар экранынан немесе Президенттің аузынан жаңа Қазақстан туралы естіп қана қоймай, жаңартылған Қазақстанның саяси жүйесін қалыптастыруға өзіміз қатысуымыз маңызды шығар. Мен әрқашан өз парақшамда халықтың референдумға қатысу керектігі туралы айтып келемін. Қарапайым түрде түсіндіреміз, бізге сенетін әйелдермен кездесеміз. Менің ойымша, бұл біздің миссиямыз – адамдарды түсіну және түсіндіру, – деді Нұр-Сұлтан қаласының Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі, журналист Айгүл Мүкей.
Өздеріңізге мәлім, Конституцияға өзгерістер енгізу туралы референдум 5 маусымға жоспарланып отыр. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, референдум өткізу шарттары мен оның рәсімі Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен реттеледі. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Қарлығаш Саркенова:
– «Бақытты Отбасы» орталығының базасында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері негізгі заңға түзетулерді қабылдауды және осы процеске азаматтық қоғамның қатысуын талқылауға, конституциялық реформаларды түсіндіруге белсенді қатысуда. Бұл өте маңызды модель. Референдум өткізу шарттары мен оның рәсімі Қазақстан Республикасының Конституциясымен және заңдарымен реттеледі. Өздеріңіз білетіндей, 33-бапқа түзетулер енгізу көзделуде, бұл жүйеде аса елеулі өзгерістер болады деп санаймын. Нұр-Сұлтан қаласының Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы референдумды белсенді қолдайды және оған әрбір қазақстандықтың қатысуы маңызды деп санайды, – деді.
Сонымен қатар жиын қонақтары «Бақытты отбасы» ғимаратын аралап, кәсіп үйреніп жатқан аналардың жұмысымен танысты. Ұлттық құндылыққа толы ғимараттың аурасы өте керемет. Осы керемет энергетика қолөнер үйреніп жатқан келіншектердің адал еңбекке деген құлшынысып арттырып, өмірге деген көзқарасын өзгертетіні сөзсіз. Аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі және көп балалы аналардың кәсіп меңгеруіне мүмкіндік берген Ырза Тұрсынзада мәртебелі қонақтардың қатысуымен түрлі кәсіпке үйренген келіншектерге сертификат табыстау рәсімінің де орайын келтіріп:
– Сертификатты үнемі менің қолымнан ала бергенше, табысты-іскер әйелдер тапсырсын. Сіздер де осы мәртебелі қонақтар секілді қоғамға қызмет етулеріңізді тілеймін, – деп, түрлі кәсіп үйренуші әйелдерге ақ жол тіледі.