Референдум ел рухын көтере ала ма?

Референдум ел рухын көтере ала ма?

Референдумға да санаулы күн қалды. Қазірден-ақ халық екіұдай күйде. Баяғы талас-тартыс. Әлеуметтік желіні ашсаңыз, қып-қызыл шоқ маздап тұр. Небір «қақталған» ойлар мен «бапталған» пікірлердің жалыны «күйдіріп» жібереді. Бұл да болса бұқараның саяси сауатының оянғанын, ой-арманын аңғартатын тәрізді. Заңдылық та шығар. Біреу күйініп, біреу сүйініп жатыр. Күйінетіндердің уәжі мынаған саяды:

 Мен...,  ҚР  «Ата Заңының» 7-бабының 2-тармағында жазылған және Қазақстан Республикасының «Тiл туралы» Заңындағы 5-бабында: «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген мәтінді алып тастауды талап етемін». 

«ҚР Президенті Тоқаев референдумдағы 46-баптың 1, 2, 3 тармақтарынан бас тартпаса,  «Жаңа, әділетті Қазақстан құрамыз!»  дегені – жалған ұран!» «Шешілмесе тағдыры жер мен тілдің, «көктиындық» құны жоқ референдумның».

Сүйінетіндер мынаған мәз: «Аманат» партиясының өкілдері ел аралап, депутаттар  референдумды насихаттап, елді жиып, уәделерін үйіп-төгіп  жүр. 30 жыл бойы ұрандатқандардың дені әлі аттан түскен жоқ... Жаңа Қазақстанды ескі кадрлармен жаңарту оңай болмасы қазірден-ақ байқала бастады. 30 жыл бойы «ғажайып таңның» атарына сеніп келген халық та дел-сал. Міне, осыдан барып алалық пен құлалық ел арасына жік салуда...

 Бір анық нәрсе бар: Ол – халықтың Ата Заңдағы өзгерістер мен толықтыруларға деген ілтипаты. Өмір сүру кодексі  жақсарса, елдің де мерейі өсеріне, халықтың да тұрмысы жақсарарына көпшіліктің сенімі зор. Бұны ерекше айтқым келеді. Әсіресе отыздан аса заң нормасына толықтырулар енгізілмек. Өз басым соның он шақтысын ерекше құптаймын. Алайда қолға берілетін бюллетенде «Қолдаймын», «Қарсымын» деген екі ауыз сөз жазылатыны айтылуда, бұл менің азаматтық құқығымды таптап тұрған жоқ па?

Күні ертең билік халық референдумға толық қатысты, құптады деп ұрандатар болса, ұяттан екі беті «өртенетіндер» аз болмас.  Себебі халық әлі референдумның түп-тамырына терең бойлай алған жоқ. Тым асығыстық байқалады... Мұндай шараны өткізуге кемі бір жыл уақыт керек еді негізі...

ҚР Конституциясының халық билігі туралы заңы:                                  

 3-бап. 1. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық.

  2. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады.

Жә, Ата Заң солай дейді. Ал билік не дейді? Билік халықтың 30 жыл талап етіп келе жатқан жер мен тіл мәселесін референдумға кіргізбепті. Билік референдумға кіретін мәселелерді алдымен халықпен ақылдаспай, халықтың талап еткен мәселесін талқыламай, заңдағы ең қысқа бір айлық мерзімді белгілеп, орысшадан аударылған Конституцияға кіретін толықтырулар мен түзетулер туралы мәтін мен Президенттің жарлығын халыққа жария етті.

Референдумның мәтінімен танысқан соң, «апам да аң-таң, мен де аң-таң» болып отырмыз. 

 Референдумда жер де жоқ, тіл де жоқ! Қазақтың қос қанаты қиылған күйі қалыпты.               

Оның есесіне, Меншік туралы 6-баптың 3-тармағы жерді, кен байлығын т. б. сату мен меншіктеуді заңдастыратын заңды, Президент туралы заңның 50-бабы 2-тармағы сайлауға қатыспай 10 (5 ҚХА-ның ұсынысымен) сенат депутатын Президенттің жарлығымен тағайындайтын Ата Заңға қарсы заңды кіргізген! Бұл заңнан мемлекет иесі қазаққа жаны ашымайтын, халықтың қаржысын текке шашып отырған,  бұрынғы басшылыққа «мұрындық» болған Қазақстан Халықтар Ассамблеясының таратылмай, «бесінші доңғалақ» болып «доңғалай» беретіні белгілі болды.                                                             

 Қуанатын жаңалықтары – Президенттің еш партия мүшесі болмауы, оның туыстарының билік саласында болмауы, Конституциялық соттың қайта қалпына келтірілуі, адам құқының қорғалуы, сот жүйесінің жаңаруы, Президенттің құзырының біразы Парламентке берілуі, сайлау өткізудегі жағымды өзгерістер т. б. жаңалықтар бар екен.

Референдумды насихаттап ала-шапқын болып жүргендердің өзі халық талап етіп отырған «Мемлекеттік тіл» заңынан «аттап» өтіп жатқаны жаныма батады. Себебі тіл – мемлекетті ұйыстыратын ұлы күш. Тілсіз ұлттың рухы пәс. Дәл қазіргі кезеңде қазақ үшін тіл мәселесі өзекті. Референдум қарсаңында өзекті дүниені көзге ілмеу аманатқа қиянат деп білемін. Халықтың үнін естиді деген үкіметке халық осыдан кейін қалай сенбек?  Халықтың сауалына нақты жауап берген бір депутат, не бір шенеунік көрсем, көзім шықсын!

Ұрандатуға құмар топ «ескі Қазақстаннан» безініп, «Жаңа Қазақстанға» кезігіп, баяғы «әндерін» қайта шырқауға кіріскен сыңайлы. Ұйқыдағы халық оянып, енді аянып қалмауға тырысып жатқанын ұғынатын кез келгенін билік қашан түсінер?!   

Ұран демекші, «ескі Қазақстаннан» «жаңа Қазақстан» шығарудың не қажеті бар осы? Әрине, ескі киім тозса, лақтырып жіберіп, жаңасын сатып алуға болар. Ал Отаныңды «жаңарту» үшін оны бәлкім тастап, басқа жұртқа көшіп кету керек шығар. Отан қастерлі ұғым емес пе? Ол мәңгі таза қалпында қалуы тиіс. Ескіретін, көнеретін біз, адамдар, ғана...

P/S: «Дауысты кімге берсең де бәрібір. Санайтын өзіміз» деп, референдум өткізушілер масайрап отырса, кешегі қаңтар оқиғасын есіне бір салып қойғым келеді...

Өмірде бұлжымайтын құндылық бар болса, біздіңше, ол – ұлттың ар-ұжданы, ұяты мен намысы, бірлігі мен сенімі. Оған сызат түспеуі тиіс!  Ал саяси реформа – мемлекетті модернизациялаудың құрамдас бөлігі, яғни мемлекеттік басқарудың жаңа тетіктерін қосу, әлеуетін арттыру деген сөз. Бұған есі дұрыс қазақ қарсы келмейді. Референдум – тағдыршеш түйінді мәселені көпшілікпен бірге шешетін рәсім, халықтың талабы мен таңдауы таразыға түсетін тұс. Қазақ билігі осыдан қателік жіберіп алмаса болды. Референдум осынысымен ғана құнды. Референдумға қатысып, дауыс беріп, белсенділік таныту – әр азаматтың абыройлы борышы! 

Әлбетте, «Мұсылман болу әсте- әсте, кәпір болу бір пәсте», не де болса қозғалыс бар, осымен өмір бітпес. Бәріміз де бір кісідей референдумға қатысып, үн қосайық!  Үміт бар. Үміт өшпесін, ағайын!..

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
02.06.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 56
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 582
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 696
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 611
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 620

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8755
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8155
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11385
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9138
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10369