ХПК баспасөз қызметі: «Халықаралық паралимпиада комитеті шешімін өзгертіп, ресейлік және беларусь спортшыларына Бейжіңдегі Паралимпиада ойындарына қатысуға тыйым салды»,— деп мәлімдеді. Сәрсенбі күні ХПК Ресей мен Беларусь спортшыларына ойынға бейтарап мәртебеде қатысуға рұқсат берген еді. Шешім ХПК алқасының арнайы шақырылған отырысынан кейін өзгертілді. «Соңғы 12 сағат ішінде бізге көптеген қатысушылар хабарласып, ойын ашық айтты. Мен бұған ризамын. Олар бізге шешімімізді қайта қарастырмасақ, оның Бейжіңдегі Паралимпиада ойындарына кері әсері тиюі мүмкін екенін айтты. Бірнеше ұлттық паралимпиада комитеті ол жағдайда жарысқа қатыспайтынын айтып наразылық білдірді», - деді ХПК президенті Эндрю Парсонс. 28 ақпанда Халықаралық Олимпиада комитеті халықаралық спорт федерацияларына Ресей мен Украина арасындағы жағдайға байланысты Ресей және Беларусь спортшыларының халықаралық жарыстарға қатысуына жол бермеуді ұсынған-ды. Ресей Паралимпиада комитеті ойыншыларын жарыстан шеттету шешімін негізсіз деп санайды. Бейжіңдегі Паралимпиада ойындары 4-13 наурыз аралығында өтеді.