Ресейдің Украинаға жасаған шапқыншылық соғысы басталғанына бір жылға аяқ басты. Өкінішке қарай, соғыстың қашан аяқталып, нендей нәтижеге жетері белгісіз болып тұр. Соғыс туралы жорамал айтумен шектелушілер соңғы уақытта «Ресейдің күні бітуге таяу қалды. Алдағы 10 жылда Ресей ыдырауы мүмкін» деген секілді болжамдарын айта бастады. Алайда бұл жорамалдың жүзеге аса қоюы екіталай екендігі туралы өз пікірлерін айтып жатқан сарапшылар да көптеп шығып жатыр.
Мұндайда әлемдік геосаясаттың нәзік тұстарына дейін үңіліп, белгілі бір тақырыпқа дендеп кіріп зерттей алатын саясаттанушылардың пікірлерімен санасқан жөн. Ал теледидар жаңалықтарына ғана арқа сүйей отырып жорамал айтатын «саяси жауырыншылардың» сөзі көбінде көздеген жерінен шықпай жататыны бар.
Соғыстың созылатын түрі бар
Жақында әлемдік деңгейдегі ақпарат алпауыттарының бірі BBC агенттігінің сайтында «Украинадағы соғыс: BBC тілшілері Ресей шапқыншылығына қатысты бес түйінге жауап іздеп көрді» атты мақала жарық көрді. Онда агенттіктің орыс тілі бөлімінің редакторы Стив Розенберг пен халықаралық жаңалықтар бөлімінің редакторы Джереми Боуэн «BBC Radio-4» арнасының «Today» бағдарламасында сөйлеген сөздері жинақталған екен.
Сөз басында «Бір жылға жуық соғыста Ресей де, Украина да қыруар шығынға ұшырады, Путиннің бұл соғысты тоқтататын түрі бар ма?» деген сұраққа жауап берген Стив Розенберг: «Путин соғыстан жалықпайды, тіпті мұндай ойдың нышаны да байқалатын емес. Путиннің жаңа жыл қарсаңындағы сөйлеген сөзіне қарағанда, оның қазір не ойлайтынын, ресейліктерді қай бағытқа бастағысы келетіндігін аңғарғандай болдық. Оның шын мәнінде не айтқанынан гөрі, аудиторияға ұсынған бейнесі бәрін аңғартқандай. Өйткені ол сөз сөйлеп жатқанда, артында әскери киім киген әйелдер мен ер адамдар тұрды. Бұл өте таңқаларлық сурет және ол Ресей халқына: «Бұл сіздердің отандарыңыз. Бұл 2023 жылды да соғыспен өткізетін Ресей» дегенді аңғартқандай еді. Мұндай көрнекі бейнелерді (әскери фонда) жасауды былай қойғанда, Путиннің жаңа жылдық құттықтау сөздерінде бейбітшілік туралы бірде-бір сөз айтылған жоқ. Тіпті ымыраға келу, шиеленіскен жағдайды шешудің балама жолдары туралы да ештеңені аңғартқан жоқ», – деп жауап беріпті.
Жалпы АҚШ-тың соғыс басталғалы бері Украинаға көрсетіп жатқан көмегі орасан зор болғаны белгілі. Өз кезінде Ресей басшысы «АҚШ-тың бұл әрекеті Ресейге бағытталған жанама соғысы» дегенді емексіткені есімізде. Өкінішке қарай, екі елдің арасындағы шиеленіс бейбіт келіссөздермен аяқталатын түрі жоқ. Себебі Путиннің мақсаты Украинаны біржолата өз ықпалына алып, НАТО-ның шығысқа қарай ықпал етуін тежеу, сол арқылы Ресейдің әскери жақта ешкімге есе жібермейтін қуатты ел екендігін дәлелдеп шығу болмақ. Ол үшін майданда өліп жатқан жауынгерлердің құны көк тиынға барабар. Елдегі бүкіл БАҚ-тарды Кремльдің мүддесіне қызмет етуге көндіріп алған билік, ертелі-кеш Украинада орыстардың мүддесінің тапталып жатқандығын алға тартып, «әскери операция» жүргізудің ешқандай шапқыншылыққа жатпайтындығы туралы адамдардың құлағына құйып болған. Әрі елдегі барлық азаматтарынан мұндай мақсатты қолдауды күтеді. Осы жерде шынайы ақпараттардың таралмауы, мәліметтердің қисынға келмеуі салдарынан екі елдің халқы екі түрлі көзқараспен өмір сүріп жатқандығын айта кеткен жөн. Соғыс бастала салысымен-ақ кейбір сарапшылар «Путинді Ресей халқынан өзге ешкім де тоқтата алмайды» деп болжаған болатын. Ондағы ойлары Ресейдің қалың бұқарасы ереуілге шығып, билікті райынан қайтарар деген үміт еді. Өкінішке қарай, ақпан, наурыз айларындағы халықтық шерулер нәтижесіз аяқталды. Тіпті өздері айтып жүргендей «әскери операция» туралы талқылаулар мен пікірталастарға мүмкіндік берілмеген. Тек қана Путиннің шешімі барлығының нүктесін қоятындай.
Шетелдіктер қашанға дейін көмектеспек?
Соғыс басталғалы бері көмектің көбі АҚШ-тан Еуропадан жеткізілгені белгілі. Көптеген елдер Украинаға қаржылай және әскери қару-жарақтарымен көмектесіп келе жатыр.
Америка Құрама Штаттары өткен бейсенбіде (5 қаңтар) Киевке ресейлік басқыншылармен күресуге көмектесу үшін жаяу әскерлерге қажетті Брэдли (Bradley Fighting Vehicle) брондалған көліктерінен 50 данасын беретінін мәлімдеді. Ал Германия мен Франция елдерінің де Украинаға әскери техникалармен көмек көрсететіндігі белгілі болды.
Германия канцлері Олаф Шольц дүйсенбіде одақтастарымен Украинаға қару-жарақ жеткізуді міндетті түрде үйлестіру керек екенін айтты. Қазіргі уақытта Берлин Киевті Leopard 2 негізгі жауынгерлік танкімен қамтамасыз етуді шешкен. Германия басшысы Шольц Берлин штатындағы солшыл социал-демократтармен кездесуі кезінде «Германия жалғыз әрекет етпейді. Германия әрқашан өзінің одақтастарымен ынтымақта болады. Мұндай қауіпті жағдайда басқаша әрекет жасау жауапсыздық болар еді», – деді. «Sky News» порталының хабарлауынша, Ұлыбритания да Украинаға Challenger 2 негізгі танктерін жеткізуді қарастырып жатыр екен. Бұдан бөлек көптеген елдер Украинаға қарата қаржылай және әскери көмек түрлерін беріп келе жатыр. АҚШ әскерилері дүйсенбіде Пентагонда өткен брифингте украин әскері үшін батальон деңгейіндегі жаттығулар осы айда басталады деп мәлімдеді.
Ал Кремль Батыстан Украинаға жеткізіліп жатқан әскери көмектің қақтығысты онан ары ұлғайта түсетіндігін айтып жатыр. Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков дүйсенбі күні өткен брифингте журналистерге «бұл халықтың қайғысын тереңдетеді» деді.
Украинаның үміті
Соғыс басталған сәттегі украиндардың жеңіске деген сенімі қазіргіден аз болғаны белгілі. Тіпті Ресейдің танктері тура Киевті бетке алып ұзыннан-ұзаққа созылған керуендей болып дендеп кірген еді. Дегенмен «Байрақтар» дронымен жасалған қарымта шабуылдар жақсы нәтиже көрсетті. Жан-жақтан құйыла бастаған көмектер украиндарды жігерлендіре түсті. «Киевті үш күнде басып аламыз» деген орыстардың өздері кері шегіне бастады. Батыстан жеткен «Химарс», «Гиппокамп» зымыран жүйесі Ресей әскерлерінің бетін қайтарып тастады. Украиндықтар туған елін басқыншылардан азат ету үшін жаппай майданға аттанды. Осындай қарымта шабуылдардың нәтижесінде украиндардың жеңіске деген сенімі арта түсті. Соғыс басталған кездегі Киевке Ресей зымырандары түсіп жатқан шақтарда Зеленский «адамдардың өмірі бәрінен маңызды» деген еді. Ал қазіргі Зеленский әбден ысылған қолбасшыға айналған. Тіпті «Ресей басып алған жерлердің барлығын қайтарып алмай соғысты тоқтатпаймыз» деп мәлімдеді. Мұнда 2014 жылы қолдан кеткен Қырым түбегі де бар еді. Алайда көптеген сарапшылар Қырымды қайтарып алу оңайға соқпайтындығын айтуда.
Жалпы бұл соғыстың келіссөздер үстелінде бітпейтіндігін айтуымыз керек. Путин өзінің әскери қуатына сенсе, украиндар да шетелден жеткізіліп жатқан әскери көмектерге сүйене отырып туған жерлерін жаудан азат етпей тынбауға бел буған. Ал, келіссөз жүргізудің алғы шарты Ресей әскерлерінің Украина жерінен біржолата шегініп шығуы екені айдан анық.
Путиннің мақсаты не?
Путиннің жоспары әуел бастан-ақ белгілі. Яғни Украинаға өз ықпалын жүргізу. Соғыс басталған сәтте Ресей басшысы әскерилерге «Барлық ядролық оқтұмсықтарды дайындық күйіне енгізу» туралы тапсырма бергендігі әлем назарын аударған еді. Яғни «көзі қарайған там сүзеді» демекші, Путиннің ойы соғысқа үшінші бір елдер араласып, Ресейді қыспаққа алатындай күн туса, ядролық арсеналды іске қосудан тайынбайды дегенді аңғартқандай болатын. Ал онан бергі жағдайлардың күрделене түсуі «жеңімпаз басшының» өзін тығырыққа тіреп қойғандай.
Путиннің жоспары туралы болжам жасағандар «ол осы жолы да өлген-тірілгеніне қарамай немістерге қарсы шапқан Сталиннің жолын таңдауы мүмкін деп отыр. Дәл қазіргі сәттегі Бахмут шайқасына талдау жасаған әскери сарапшылар «Вагнер» жасақтарының өзі бірнеше топқа бөлініп, өздерінің қаруластарының мәйіттерінің үстінен аттап өтіп алға ентелеп келе жатқандықтарын айтып жатыр. Яғни жауынгерлердің өлімі Путин үшін түк емес. Тек қана жеңіске жету, көздеген мақсатын орындау ғана маңызды сияқты. Ресейде таралып жүрген тағы бір қауесетте көктемге қарай мобилизацияның екінші кезеңі басталуы мүмкін деседі. Өйткені адам шығыны күн сайын артып барады. Сондықтан әскерлерді майдан даласына әкеліп, үсті-үстіне төге беру сынды ІІ дүниежүзілік соғыстан қалған қатал тәжірибені таңдаудан өзге амал да қалмағандай.
Путин шетелдіктердің қолдауы тым ұзаққа созыла қоймайды деп жоспарлаған болса керек. Сондықтан үздіксіз соғыса берсе, сыртқы көмекке ғана сүйеніп отырған украиндарды жеңіп шығатынына бек сенімді секілді. Путиннің басын қатырған тағы бір жағдай жаңа жыл кезінде орын алды. Әскери киім киген ресейліктердің алдында тұрып, халыққа жаңа жылдық құттықтау сөзін арнаған Путин ресейліктерге жігер бергендей болған еді. Алайда содан бірер сағат өтпей жатып Украинаның Макивкадағы армия лагеріне зымыранмен шабуыл жасап, 100-ге жуық орыс әскерінің өлгендігі туралы хабар таралып кетті.
PS: Көптеген сарапшылар текетірестің әлі де жалғаса беретіндігін айтып жатыр. Соғыстың салдарынан Еуропа елдері мен Ресейге келген орасан зор шығындар да бұл қақтығысты тоқтатуға себеп болар емес. Сыртқы ойыншы ретінде көзге түсіп отырған АҚШ бұл соғыста Украинаның жеңілгендігін қаламайтындығын көрсетті. Ал барлық әскери күшімен көмекке келуге тағы да тартынатын сияқты. Өйткені оның зардабы аса ауыр болмақ. Ал Путинді райынан қайтаруға көндіре алатын араағайындардың талпынысы қазірше нәтиже бермей тұр. Естеріңізде ме, Сириядағы соғысты тоқтатуға күш салғанымыз. Бәлкім, осындайда өзара келіссөздер жасау керек шығар. Әй, қайдам?..