Украинадағы жағдайға байланысты қазір көрші елдің спортына да шектеу күшейді. Енді Ресей спортшылары халықаралық жарыстарға қатыса алмайды. Мәселен халықаралық олимпиадалық комитет Ресей мен Беларусь спортшыларын халықаралық жарыстарға шақырмауға және қатыстырмауға кеңес берді. Олар тек бейтарап спортшы не команда ретінде ғана өнер көрсете алады. Оның өзінде әр жағдайды халықаралық федерациялар арнайы қарастырып, бөлек шешім шығарады. ФИФА мн УЕФА да ресейлік командаларды халықаралық турнирлерден шеттетті. Мәселен, 24 наурыз күні әлем чемпионатына іріктеу аясында Ресей Польшамен жолығуы керек еді. Бірақ кейінгілері одан бас тартты. Кезекті қарсыластары Чехия мен Швеция құрамалары да осындай мәлімдеме жасады. Хоккейде де шетелдік командалар Ресейде ойнаудан бас тартып жатыр. Мәселен, Құрлықтық Лигада өнер көрсететін латвиялық «Динамо» мен финляндиялық «Йокерит» чемпионаттан шығып, арадағы әріптестікті бұзды.