Сәденов елде тәртіп орната ала ма?

Сәденов елде тәртіп орната ала ма?

Осыдан апта бұрын, дәлірек айтсақ, 19 қыркүйек күні Президент Ішкі істер министрі Ержан Сәденовті қабылдады. ІІМ-ның ресми сайтында жарияланған ақпаратта министрдің елдегі тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік жағдайынан есеп беріп, бірқатар нақты мәліметтерді алға тартқаны айтылыпты.

– Министрдің айтуынша, жыл басынан бері қылмыс деңгейінің төмендеуі байқалып отыр. Атап айтқанда, қылмыстық құқық бұзушылықтар саны төрт мыңға, соның ішінде қылмыс жеті мыңға азайған. Қоғамдық орындарда жасалатын және кәмелетке толмаған азаматтардың қатысы бар құқық бұзушылықтар төмендеген. Сонымен қатар қылмыстың барлық түрін ашу көрсеткіші жақсарған.

Мемлекет басшысына ұйымдасқан, кибер және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ кадрлық әлеуетті арттыру жөнінде бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы баяндалды.

Министр «Заң және Тәртіп», құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидаттарын іске асыру, сондай-ақ қылмыстың алдын алу шаралары туралы айтты. Жыл басынан бері әкімшілік құқық бұзушылықтың жолын кесу көрсеткіші 45 пайызға ұлғайған, соның ішінде ұсақ бұзақылық үшін жауапқа тартылғандар 30 пайызға, жол жүру ережесін бұзу фактілерін анықтау 47 пайызға артқан. Нәтижесінде жүргізуші куәлігінен айырылғандар саны екі есе көбейген. Бұдан бөлек, Президентке қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі жағдай туралы ақпарат берілді.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру бойынша бірқатар міндет жүктеді», – делініпті ресми ақпаратта. 

Шағын мақаламызға тұздық еткен нақты мәліметтер осылар. Құзырлы мекемелер таратып жатқан ашық мәліметтер болғандықтан да оның тонын айналдырмай, оқырман қауымға сол күйі жеткізуді жөн көрдік. Дегенмен біздің елімізде азаматтардың қауіпсіздігі мәселесі көңіл көншітерлік жағдайда деп айта аламыз ба? Күн сайын өз-өзіне қол салып өлген адамдар мен соңы трагедиямен аяқталып жатқан отбасылық жанжалдар туралы жаман хабарлар желдей есіп тұр. Әскердегі әлімжеттіктің ушыққаны соншалық, тіпті ата-аналар балаларын Отан алдындағы борышын өтеуге жіберуге жүрексінетін жағдайға жетті (бұл тақырып Ішкі істер министрлігінің құзырына кірмейтін мәселе болса да, сөз реті келгенде айта кетуді жөн көрдік). Елімізде жыл өткен сайын киберқауіпсіздік күшейтіліп, бақылау шаралары кемелденіп келе жатыр десек те, көңілсіздік тудыратын жағдайлар жиі қайталанып жатыр. Күні кеше ғана Алматы қаласында ғимараттан секіріп өлген балалардың ісінде талай мәселе жатқандай. Қоғам белсенділері қазір бұл іске смартфондардағы ойындардың тікелей ықпал еткендігін айтып, компьютерлік ойындарды қатаң бақылауды сұрап отыр. Ал әлеуметтік орындардағы әлімжеттік пен қырғын төбелестерді қалай тоқтатамыз? Бұлардың барлығына Сәденов мырзаның мүмкіндігі жете қояр ма?

ІІМ Ақордаға кіріп шыққаннан 5 күн өткенде Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Instagram парақшасында мынадай жазба жариялады. «Президент белгісіз адамдардың Ұлттық ұлан сарбазын пойыз тамбурында ұрғаны таспаланған бейнематериалмен танысып шықты. Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қаскөйлерді ұстап, заңнамаға сәйкес жауапқа тарту үшін шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Әскердегі және басқа да күштік ұйымдардағы зорлық-зомбылықтың барлық фактісі Президентке баяндалды. Мұндай жағдайлар бақылауға алынады. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында жас сарбаздардың денсаулығы мен абырой-беделіне қол сұғуға жол бермеу қажет екеніне назар аударған еді. Сонымен қатар бұл мәселеге  әскери құрылымдардың басшылары тікелей жауапты екендігін айтқан болатын», – деп жазды Берік Уәли.

Жоғарыда аталған мәселелерге қарата ішінара Әлемдік рейтингтерге көз салатын болсақ, Қазақстан киберқауіпсіздік жағында, қоғамдық қауіпсіздік (кейде бейбітшілік индексі деп те аталады) жағында жақсы көрсеткіштерге жеткен мемлекет болып есептеледі. 2023 жылғы бейбітшілік индексіндегі деректер бойынша тұтас ТМД аумағында біздің ел алдыңғы орында тұр. Ал 2023 жылы қорытындыланған жаһандық бейбітшілік индексінде Исландия бірінші орында (және бұл тізім 2009 жылы енгізілгеннен бері орындалды!), одан кейін Дания, Ирландия, Жаңа Зеландия, Австрия, Сингапур, Португалия, Словения, Жапония және Швейцария. Үздік ондыққа Канада (11), Чехия (12) және Финляндия (13) елдері тұр. Мұндай санаққа қатысқан 198 елдің арасында, Қазақстан алға озатын күннің қашан келері қазірше белгісіз болып тұрған жайы бар.

ЕРҚАЗЫ СЕЙТҚАЛИ
25.09.2024

Ұқсас жаңалықтар

ТӨРТІНШІ БЕЛЕС  БИІГІНДЕ
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ, жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері - 21.12.2024 691
Жамбыл ауданы:  Жерге – тыныс, елге – ырыс
Дариха ҮМБЕТИЯРОВА, журналист Жамбыл облысы Жамбыл ауданы - 20.12.2024 847
«Ауыл аманаты – ел аманаты»
Марат ҚҰЛИБАЕВ, Тараз қаласы - 20.12.2024 855
Талас ауданы:  Ілкімді жобаның  игілігін көргендер
Нұрболат АМАНБЕК, Жамбыл облысы Талас ауданы - 20.12.2024 848
Тоғыз жолдың торабындағы  Шу елінің ықыласы
НұрболатАМАНБЕК, Жамбыл облысы - 20.12.2024 859
Жуалы ауданы:   Бағдарлама  аясында  5,1 млрд  теңге  игерілді
Нұржан МАНАСҰЛЫ, Журналист, Жамбыл облысы Жуалы ауданы - 20.12.2024 631

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 11887
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 10811
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 14042
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 13005
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 18014