Шәкәрім жеткен рухани деңгей

Шәкәрім жеткен рухани деңгей

Биыл Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына – 165 жыл. Оның ірі философ, ақын, тарихшы және композитор болғанын халық жақсы біледі. Шәкәрім, сонымен бірге, рухани дамудың шыңына жеткен әулие адам. Бүгінгі рухани мешендік дәуірде біз үшін ең маңыздысы – Шәкәрімнің осы әулиелік болмысы.

Иә, Шәкәрім әулие болған адам. Шәкәрімнің өзі әулиенің кім екенін «Нағыз асық – әулие» деп анықтап кеткен. Яғни, әулиелердің негізгі белгісі – олардың Аллаға ғашықтығы. Өлеңдері оның өзі де осы деңгейге көтеріліп, Алла Тағалаға ғашықтық сезімдерге бөленгенін анық көрсетеді. Себебі, Шәкәрім тәрізді сана-сезімі жоғары жетіліп, өзінің рухани болмысын толық таныған адамдар көрген-білгендерін жүрегімен сезіп, өздерінің ішкі дүниесін жақсы түсініп, нақты мағынасын жеткізе біледі. Ұзақ ізденудің арқасында ондай адамдар оқып-тоқығанын, білімін ақыл таразысына салып, жүрегімен саралайды. Шәкәрімнің барлық айтқандары мен жазғандары оның ішкі дүниесін, шын болмысын суреттейді. Рухани дүние туралы жазғандары, әулие туралы толғаныстары – оның өзінің шынайы табиғаты, жеткен дәрежесі. Сондықтан, жазған өлеңдері арқылы оның өзінің рухани деңгейін көріп, әулиелік қасиеттерін анықтауға болады.

Шәкәрім өзіне Алла Тағаланың шапағат нұры жауып, санасының рухани ләззат деңгейіне көтерілген сәттерін, Алла Тағаланың шапағат нұры түскен кездегі сезімдерін барынша ашық жазып, анық жеткізіп отырады. Әсерлі жазылған шығармалары оның рухани деңгейін тани білуді жеңілдетіп, биік тұлғасын көруге мүмкіндік береді. Ақынның кейбір терең мағыналы өлеңдері қарапайым оқырманға бірден түсінікті болмай, тосын көрініп, тіпті, қабылданбауы да мүмкін. Бірақ оның жүректен шыққан сөздеріне көңіл бөліп, асықпай, байыппен оқыған адам ақынның сөздерінде бүкіл болмыстың ақиқаты жатқанын сезеді. Себебі, ол Алла Тағаланың аясына кіріп, рухани толық ләззат деңгейіне көтерілген. Шәкәрімнің көтерілген биік шыңын түсінгенде ғана оның әулиелік қасиеттерін көріп, рухани мұрасының шексіз тереңдігін түйсіне аламыз.

Шәкәрім Алла Тағаланың шапағат нұрын алпыс жастан асқаннан кейін сезіне бастаған. Ол 1919 жылы 61 жасында жазған «Баяғыда жас бала едің сен» атты өлеңінде былай деп жазады:

Жиырма жыл жүректі тесіп,

Бірі олай, бірі бұлай десіп,

Алынғанша анық шешіп,

Тыным ап тынбаған көңіл!

Бүгін тауып тілегенді,

Хақиқатқа көңіл сенді.

Қуанып, түрленіп енді,

Бозторғай шырлаған көңіл!

Бүгін менің ұлыс күнім,

Бағымды ашқан қадір түнім.

Жетіліп тұр қызыл гүлім,

Бұлбұлдай жырлаған көңіл!

Көзім көрді дегендей іс

Табылды. Кет, жоғал, кейіс!

«Өлімнің шын түбі – бейіс,

Анық», – деп ымдаған көңіл!

Тазалыққа тағы кеттім,

Балалықты қуып жеттім.

Жоғары ғаршыдан өттім,

Осыны шындаған көңіл!

Терең ойсыз кей арамтер:

«Өлімнен соң өмір жоқ», – дер.

Өкініп қайғымен өтер,

Мойын ұсынбаған көңіл!

Келем десең, өлім, маған,

Досымсың, жау емен саған.

Есікті аш, жолды байлаған,

Жөнелсін ұнаған көңіл!

Бұл өлеңінде Шәкәрім қырық жастан асқаннан кейінгі келесі жиырма жыл бойы өмірдің түпкі мақсаты жөнінде ойға қалып, жүректі тескен ұзақ ізденіс нәтижесін жазады. Нәтижесі – Хақиқатқа толық сеніп, «Жетіліп тұр қызыл гүлім, Бұлбұлдай жырлаған көңіл!». Ол өзінің жиырма жылдық үздіксіз ізденісінен кейін рухани болмысты сезінді. Рухани болмысын танып, тілегенін тауып, Хақиқатқа көңілі толық сенген күнін «менің ұлыс күнім» деп атап, ол өзінің қуанышын білдіреді. Ол енді дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Ол «Кет, жоғал, кейіс!» деп фәни өмір ықпалынан толық арылып, нәпсіден босанғанын, соның арқасында «Өлімнің шын түбі – бейіс, Анық» – деп өлімнің негізгі міндеті жанды тозақ емес, мәңгілікті бейіске, Аныққа (Құдайға) жеткізу екенін сезінді. Бұл жетістікке жүрегі толық тазарып, жас баладай пәк болған адам ғана жетеді. «Балалықты қуып жеттім» деп ақын осыны айтады. Шарықтаған көңілі болмыстың жоғары деңгейлерінен өткеннен кейін ол мәңгілікті сезінеді. «Өлімнен соң өмір жоқ!» дейтін алдағы өмірге сенбейтін имансыздарды сынайды. Өлім оған енді қорқыныш емес, өзіне рухани әлемнің есігін ашатын құрал ғана. Шәкәрім үшін өлімнің түпкі мәні «Есікті аш, жолды байлаған, Жөнелсін ұнаған көңіл». Өлім жау емес, керісінше, түпкі мақсатқа жеткізетін мүмкіндік. Осылай ол өмірдің ең үлкен қорқынышы болып табылатын «өлім қорқынышынан» құтылады. Енді оған бұл өмірде ешқандай қорқыныш жоқ. Ол мәңгілікке, яғни бақиға апаратын жолға толық түседі.

Сөйтіп, Шәкәрім алпыс жастан асқанда Алла Тағаланың шапағат нұрына бөленіп, рухани ләззаттың дәмін татқан, аңқыған жаңа лебіз сезініп, енді соған деген құштарлыққа жеткен десек артық болмайды. Бұл – әулиелік нышандар.

Рухани жетілген адамдар жүрек сырын білдірмей, ішкі сезімдерін көпшіліктен құпияда ұстайды. Бірақ, олар өздерінің рухани сезімдерін сезініп, жеткен деңгейлерін жақсы біледі. Шәкәрімнің басқа әулиелерден айырмашылығы бар. Ол жүрек құпиясын бүкпейді, сырын ашық жазады. Оның себебі де бар. Мақсаты келешек ұрпаққа өнеге қалдыру екенін Шәкәрім өзі жазады. Өз заманы дұрыс түсініп, соған сәйкес бағасын бере алмаса да, келешекке сенім артып, кейінгі жастар үлгі алар деп үміттенеді. Осылай ақын келешек ұрпаққа үлкен сенім артқан. Бұл туралы өзінің бірнеше өлеңінде де білдіреді. Бүгінгі күндері оның осы үлкен үмітін ақтап, қалдырған мол рухани мұрасынан сусындау біз үшін абзал болар еді. Осындай жарқын болашақты көргендей ақынның өзі былай деп жырлайды:

Кетермін, артымда сөз, әнім қалар,

Кейінгі жастар оқып ортаға алар.

Бірі жөн, бірі теріс айтыпты деп,

Таласып өздерінше сынға салар.

Табиғи заң – өткенді жаңа сынау,

Жаманынан жиреніп, жақсыны ұнау.

Дәлелдеуге өлген соң келмес тілім,

Тірлігімде айтатын сөзім мынау:

Сынау қиын біреудің жайын білмей,

Кетпе өмірін, ортасын көзіне ілмей.

Ауыр жүк арқалаған жолаушыға,

Жағада жүксіз тұрған жанша күлмей.

Қайықпен кездім теңіз ауыр күнде,

Қанды опқын, қатты толқын қара түнде.

Заманым заманыңа сәйкес келмес,

Сынап көр сол қайыққа сен де мін де.

Иесіз өзім кестім кіндігімді,

Зорға аштым тар үңгірде түндігімді.

Сүрген өмір жайымды түгел ұқсаң,

Сонда анық білерсің кімдігімді.

Ойшыл адамдарды түсініп, олардың артына қалдырған мол мұрасынан нәр алу үшін әуелі олардың рухани дәрежесін көріп, жеткен деңгейін біліп алу керек. Құдайға шүкір, қазіргі заманда жетілемін деген сауатты жастарға керекті рухани дүние баршылық. Сондықтан, Шәкәрім жазғандарын оқып, жөн-терістігін саралап өз ойларын жеткізе білетін зиялы адамдар қазіргі қоғамда жеткілікті деп білеміз. Бірақ, қажының өз тірлігінде айтқанындай біреуді сынап, баға беру үшін әуелі оның өмірін, тіршілік құрған ортасын, оның жайын білу керек. «Ауыр жүк арқалаған жолаушыға, Жағада жүксіз тұрған жанша күліп» білместік жасауға болмайды. Оның заманы мен біздің заман екі басқа. «Қайықпен кездім теңіз ауыр күнде» деп заманды теңізбен салыстыра отырып, ол өз заманының шырғалаңының қандай қиын болғанын айтады. Ақын өзінің жағдайын дұрыс түсіну үшін «Сынап көр сол қайыққа сен де мін де» дейді. Өмірдің теңіздей шексіз алқабын өтерде өзінің жалғыз болғанын, көмек беретін ешкімнің болмағанын білдіреді.

Бұл сөздердің үлкен мағынасы бар. Рухани ілім бойынша адам баласы екі рет өмірге келеді. Адам бірінші туғанда – ана құрсағынан фәни әлемге өтеді. Өмірге келген нәрестенің кіндігін кесіп, ал оны жасаған адамды «кіндік шеше» деп атап, қазақта оған үлкен құрмет көрсетіледі.

Адамның екінші өмірге келуі – рухани дүниеге өтуі, яғни рухани жолға аяқ басуы. Бұл да дүниеге келу, бірақ басқа дүние. Бұл жолы рухани дүниеге кіреді. Жан иесі тіршіліктің түпкі мақсатына тек қана осы дүние есігі арқылы жетеді. Бұл жолдағы «кіндік шеше» – рухани ұстаз. Рухани ұстаз белгілі бір рәсімдермен рухани әлемнің есігін ашып, адамды жаңа деңгейге көтереді. Ол Алла Тағала мен фәни әлемнің арасындағы дәнекер, екеуін жалғастырушы. Сондықтан кім болса да рухани әлемге тек қана рухани ұстаз арқылы ғана өте алады.

Рухани ұстаз бұл жолды өзі толық өткендіктен, жолдың қыр-сырын жақсы біліп, өзіне ерген шәкіртті түпкі мақсатқа жеткізеді. Фәни әлемге келерде кіндік шеше түрлі әрекеттермен туған нәрестені ана құрсағынан бөлетіні тәрізді, рухани ұстаз да белгілі бір рәсімдер арқылы рухани деңгейге көтереді. Фәни әлемге келгенде жасалатын рәсімдер дене қимылы арқылы жасалса, рухани әлемге өтерде дене қимылы ғана емес, сонымен қатар, ой-өріс және жан әрекеті де қосылады. Рухани ұстаз рухани болмысқа барлық ой-өрісін шоғырландыру арқылы Алла Тағалаға осы шәкіртті қабылдап, оған өзінің шапағатын беруді сұрап түрлі рәсімдер жасап, дұға оқиды. Шәкірт бұл рәсімдерден өткен соң ол рухани ұстаз қабылдады және рухани жолға түсті деп есептеледі. Әрине, бұл – рухани жолдың басы ғана. Сонан соң шәкірт өзіне берілген шапағатты сезініп, оны бойына сіңіріп, шын мәнінде рухани әлемге өтуі керек. Бұл ұзақ жолда шәкірт осылай фәни әлем теңізінде кемемен жүзіп келе жатқан жан тәрізді басқарушысын (капитан) тауып, баратын бағытын (рухани білім) алып, соққан желді (өзінің ынтасын) дұрыс пайдалана алады.

Өкінішке қарай, қазақтың кең сахарасында жүрген Шәкәрімде мұндай жағдай болмаған. Ақынның өзі «Анық ерге жолдас бол, Нұқ кемесін ол білсе» деп рухани ұстаздың маңызын көре біліп, армандайды. «Иесіз өзім кестім кіндігімді, Зорға аштым тар үңгірде түндігімді» деп, ол өзінің дәстүрлі рухани ұстазы болмағанын, сондықтан көп қиыншылық көргенін, соған қарамастан өз кіндігін өзі кесіп бұл фәни әлемнің тар үңгірінен құтылып кеткенін білдіреді. Әрине, бұл әркімнің қолынан келмейтін үлкен рухани ерлік. Бұл үшін ол елден бөлініп, жалғыздық та көрді, түсінбеушіліктен туған «кәпір», «елден безген» деген тәрізді түрлі жалған атақтарға да ие болды. Бірақ, ол қандай қиыншылықты көрсе де, өзінің алған бағытынан ауытқымай, бұл әлемнің шексіз теңізінде тіршіліктің барлық сұрапыл толқындарына тайсалмай қарсы тұрып, фәни әлемнің түндігін өзі ашып шықты. Діни жолда үнемі өзіне бағыт беріп, әр ісін қадағалап, кеңес беріп отыратын тұрақты рухани ұстазы болмаса да Шәкәрім жоғары рухани деңгейге жете білді. Бұл өте сирек кездесетін ерлік. Осылай қазақтың кең даласында сондай ұстазы болмаса да, үлкен жетістікке жетіп, рухани ерлік жасады деуге болады. Ол рухани білім жолына түсіп, алған білімін өмірде қолдана біліп, өмір шыңына көтеріле білді.

Шәкәрім өзінің ортасын, өмірін түсіндіріп көп жазған. Оның бұл шығармаларына «Қырық жылдан өтіп жасым», «Қырықтан соңғы қырымды», «Өмір үйін тұрғызам деп», «Партия қуған өңкей қырт», «Тура жолда қайғы тұрмас», «Жасымнан жетік білдім түрік тілін», «Кейбіреу безді дейді елден мені», «Сұраған жанға сәлем айт», «Бесімде оқу білсін деп», «Жасыңда араластың малтымаға», «Кейбіреу безді дейді қатынынан», «Қайғылының ішінде жанар жалын», «Жапанда жалғыз жаттым елден безіп» тәрізді өлеңдері жатады. Міне, осы өлеңдерін зерделей отырып, оның анығын біле аламыз. Ол анық – Шәкәрімнің әулиелігі.

Ол әулиелік адамға оңайлықпен келмейді. Сопылар бұл жолда ең әуелі Алла Тағаланың хикметтерін дұрыс түсініп, Оған деген ғашықтыққа ұмтылады. Білім ала отырып, барлық ынта-жігерді бір бағытқа шоғырландырғанда адам болмысы өзгеріске түсіп, әрбір қадам сайын жүрек көзі ашылып, бұл дүниенің жалғандығына көзі жете бастайды. Дүниені тәрк ету, яғни оның ықпалынан толық шығу, бойды толық меңгергенде ғана мүмкін болады. Ондай адамға бұл дүниенің ыстық-суығы, ақ-қарасы тәрізді екіұдайылығы жойылып, барлығы бірігіп, біртұтас дүниеге айналады. Осының өзі бұл дүниенің ықпалынан шығып, нәпсіге толық ие болудың қандай қиын және жетілу дәрежесінің қандай жоғары болатынын көрсетеді. Ондай адам бүкіл әлем, сонымен бірге оның өзі Алла Тағаланың жаратқандары екенін және барлық әлем көрінісі Оның ырқымен болатынын, сондықтан, барлық жан иелері Оны разы етушілер екенін жақсы түсінеді. Егер барлығы Алла Тағаланың жаратқандары болса, онда тән де «менікі» емес «Оныкі», ал «мен» Оның нұрынан жаралған бір бөлігімін. Сонымен бірге, әлемдегі барлық көрініс тек қана Алла Тағаланың әмірімен болады. Ендеше, Алла Тағаланың разылығы үшін жүрген «менде» ештеңе жоқ, барлығы «Оныкі» және маған ештеңе байланысты емес. Осының барлығын Абай түсіндіріп кеткен. Ал, Шәкәрім фәни өмірді былай деп суреттейді:

Шаранамен туып едің,

Бөз оранып өтесің.

Бір сағымды қуып едің,

Қай уақытта жетесің?

Қанша дәулет жиып едің,

Бәрі қалды, нетесің?

Мал үшін жан қиып едің,

Қайтіп алып кетесің?

(«Шаранамен туып едің»)

Қанша жанталасып жиған-терген мал-дүниең өлген соң артыңда қалып, ал өзің ең арзан матамен (бөзбен) оранып қабірге түсетінін ескерте отырып, адамға бұл өмірдегі бұрыс іс-әрекеттің қорлығын ескертіп, өмір шындығын ашқандай болады.

Мұндай дәрежеге жеткен әулиелер өзін осы дүниенің бір мүшесі екенін толық сезінеді. Бірақ, Жаратушымен салыстырғанда өзінің шексіз кемшілігін олар жақсы біледі. Мұндай адам өзімшілдік, көкірек қағу тәрізді жалған «менге» негізделген сезімдерден толық арылған. Ол бүкіл болмыс көрінісінен Алла Тағаланы көріп, әрбір жан иесінің жүрегіндегі Ғазиз жанмен байланыста болғандықтан, барлық жан иелеріне құрметпен қарап, үлкен мейірімділікте болады. Бұл дүниеде оның жауы жоқ. Ол тіршіліктің қуаныш-қайғысына бірдей ұстамды және сабырлы.

Шәкәрімнің өзінің сана-сезімнің осындай жоғары деңгейіне жеткенін көрсететін шығармалары баршылық. Оларға «Кел, аяқшы, қымыз құй», «Кешегі басшы піріміз», «Көңіл жібі қолымнан», «Көрініске шоқынған», «Тұр, аяқшы, бер қымыз», «Шошыма, достым, сөзімнен», «Ажал маған арақ берсең», «Жан денеден жалықты», «Жас алпыстан асқан соң», «Өмірдің ұнап ойынын», «Өмір сырын көздесең», «Шам Сенен жарықпын деп күнәлі боп» тәрізді өлеңдері жатады.

Шәкәрім өмірін қорытындылайтын болсақ, оның өмірін төрт деңгейге бөлуге болады. Біріншісі, қырық жасқа дейін қоғам өміріне толық араласып, фәни әлем сырларын толық меңгерген. Екіншісі, қырық жастан елу жасқа дейін рухани болмысқа көңіл бөліп білім қуған. Үшіншісі, елу жастан алпыс жасқа дейін рухани білім аясында Хақиқатты танып, хакім деңгейіне көтерілген. Төртіншісі, алпыс жастан кейін әулиелік деңгейге көтерілген. Шәкәрімнің жетілу жолы Абай көрсеткен «толық адам» ілімімен жақсы үндеседі. Себебі, бұл жол – бүкіл адамзатқа ортақ адамның табиғи жетілу жолы.

 

Досым ОМАРОВ, абайтанушы, философ.
16.07.2023

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 126
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 54
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 164
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 50
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 160
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 43
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 126
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 270
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 274
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 487
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 446

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9144
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8542
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11771
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9536
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10750