Шәкірт бақыты үшін туған ұстаз

Шәкірт бақыты үшін  туған ұстаз

Тұлғаңды арманыма ұқсатқанмын,

Үлгіңді көңіліме қыстатқанмын.

Есімде Әліппені жаттатқызып,

Ең алғаш қолға қалам ұстатқаның.

 

Ұстазым, менің ұстазым,

Өзіңмен өткен қыс-жазым.

Қалдырған ізің мәңгілік,

Жадымда тұрар жаңғырып,

Ұстазым, менің ұстазым.

Студенттермен өткен мерекелік жиындарда, әдеби-әуезді кештерде, «1 қыркүйек – Білім күні», «Ұстаздар мерекесі» күнгі салтанатты шараларда Темірхан ағайымыз орнынан  шапшаң тұрып,  осы өлеңді айта жөнелетін де, залдағы бүкіл көрермендер  орындарынан тұрып,  ағайға қосылып, әуелеген ән жүректі тебірентетін. 

Ағай өзіне мектепте, жоғары оқу орындарында  білім берген ұстаздарын құрметтеп, үнемі еске алып, маңайындағы студенттер мен шәкірттеріне, әріптестеріне  айтып жүретін және өз жазбаларында атын атап, түсін түстеп, айшықты етіп жазатын.  Мәселен, өмірдерегінде: «Орта мектеп оқыған жылдарда Таян Жүсіпов, Тұрмахан Тұңғышбаев, Бибігүл Жұбанбаева, Сара Бейсенбаева, Шәкизада Шоқбаров, Айдарбек Әбдіраманов, Зинали Ыбыраев, Жұпар Аяпова, Мәдина Сүйінбаева, Сәден Нұртаев, Іскендір Бағатов, Үсен Баймаханов, Әсия Шоқбарова және т.б. ұстаздардан терең білім негіздерін, адамгершілік тәлім-тәрбие ұлағатын бойыма сіңірдім. ...1968-1972 жж. Қызылорда қаласындағы Н. В. Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институттың филология факультетінде «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша оқып, жоғары білім негіздерін игердім. Сөз өнерін оқыту мен зерттеу мамандығын игеруде қазақтың көрнекті ғалымдары Әуелбек Қоңыратбаевтың, Нұрлыбек Жүнісовтің, Әнес Жақыповтың, Әли Байжоловтың, Гүлзәй Смағұлованың, Мәди Кереевтің, Үсен Абдуллаевтың және т.б. ұстаздардың білім, білік, адамгершілік ұлағатын үйрендім», – деп жазады. 

«Ұстаздан шәкірт озар», «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген қанатты сөздердің өмірдегі үлгісін көрсете білген Тебегенов Темірхан Сақаұлы ұстазымыздың 70 жылдық мерейтойында  шәкірттері жүрекжарды лебіздер топтастырылған «Шәкірттер лебізі» атты кітап шығарып, тарту етті. Кітаптан ұстазымызға  деген шәкірт жанының  махаббаты мен  шынайы бағалауларын  көреміз.

Оралхан Қожанов:

Шәкірт үшін аянбайтын қалайда,

Ризамыз біз Темірхан ағайға.

Озат шәкірт білім алды неше сенен,

Даңғыл жолды салып бердің төтесінен.

Болашақта ҚазҰПУ-ге келгім келед,

Кептеліс жоқ «Тебегенов көшесімен».         

 

Динара  Алтаева: 

 Есіміңіз жаңғырар санамызда,

Орныңыз бар сөз өнері саламызда.

Ұстазсыз үйретуден жалықпаған,

Ұқсайсыз Алтынсарин бабамызға!         

 

Еркебұлан Отар: 

Жайдарлы жарқын жүзбен

 тұрар күліп,

Қоятын қылығына құмар қылып.

«Іркілмеген іс шебері» деген атты

Мойныңызға тағайын тұмар қылып.    

 

Әсел Тұңғышбек:      

Кеудеңіз қазыналы алтын сарай,

Атанған біздер үшін «Супер ағай».

Алпыс үштің асуын аттап өтіп,

Жарқырап жол 

бастаңыз жүзге қарай!    

 

Қазыбек Сағидолла:  

Аузында Алла, жүректе ата діні,

Шығатын заңғарлармен қатар үні.

Бұл күнде бар қазақтың мақтанышы –                                          

Тебегенов Темірхан Сақаұлы.      

                                                    

Әдебиетті зерттеп жан ұшыра,

Еңбегін қайрай білген намысына.

Тебегеннің Темірхан немересі

Ерен елдің айналды арысына.

 

Алға басқан қарымды қадам болсын,

Айтатын тілек қалай тәмам болсын?!

Шәкірттері әзілдеп айтатұғын,

Сақаның «Супер ұлы» аман болсын!   

 

Алмат Ержанов: 

Жарасар хас ғалымнан ғалым туған,

Ғылымның жолы үшін жанын буған.

Қызыңыз Алтынарай сөз өнерін

Зерделеп, қыз болды әке жолын қуған.

 

Елубай Әуезов: 

Қақыңыз бар ғой деуге де маған

 «Кім едің?»,

Түсінесіз, аға, бірақ та ақын жүрегін.

Мыңдаған қарға арасынан көріп бір

 аққу, 

«Сол аққу аман болғай!» деп күнде

 тіледім.

«Сол аққу Сіз!» – деп, «сол аққу Сіз!»

 – деп білемін.   

 

Мұрат Әйтімов:  

«Мәуелі жемістерімен тіршілік ортасына бақыт сыйлаған киелі бақыт бақшасы секілді ғалым-ұстаз Темірхан Тебегенов те  ұрпағымен тамырын тереңге жайған жан».

Аманжол Сақыпұлы: 

«Алматыға барып, Темке ағаға сәлем бергенде-ақ, алдымен қоятын сұрағы: «Ауыл-ел аман ба?». Сонан соң қазбалай береді, қазбалай береді. ...«Аға, Қызылордадан келіп едім» деп емеурін танытқан кез келгеннің алдында жүгіріп бара жатқаны. Сірә, септігім тисе дейтін болар. Қашан көрсең де ақеден, ақкөңіл қалпы».

Нұрлыбек Саматұлы: 

«Шәкірт үшін ұстаз сенімі кез келген атақтан қымбат. Темірхан ағай – менің Әуезовім».

  Дүйсенбек Аяшұлы:   

«Ағай бізге білім беріп қана қойған жоқ. Мәдениетке етене араласып, өнерге жақын болуымызға күш салды». 

Елена Әбдіхалықова: 

«Досымыздай сырластық, әкеміздей еркеледік,  ағамыздай алға ұстадық». 

 Гүлбану Шамахова: 

«Ағайдың берген бағасы маған қанат бітіргендей болды, мен  сол сәтте өзімді атақты ақындардай сезініп, қатты қуандым».

Лаура Бақтыбаева: 

«Университетте сабақ берген кезінде дәрісті Әнұран айтудан бастайтын. Ұлтжанды ұстаз шәкірт жүрегіне ұлттық құндылықтарды сіңіруді өзінің азаматтық борышы санайтын. Әнұран айтып тұрған сәтімізді телефонына түсіріп, жас балаша шаттанатын». 

 

Жанар Абитова:  

«Білімділігімен, біліктілігімен және шәкіртіне деген ақжарқын көңілімен студенттер арасында аңызға айналған тау- тұлғаның дәл қазіргі уақытта арамызда жүргенін, бізге ұстаздық ететіндігін, бізбен бірге бір қоғамда өмір сүріп жатқандығын біз, студенттер, шын жүрегімізбен мақтаныш етеміз. Темірхан ағайды мақтаудың қажеті жоқ, онымен мақтану қажет».

Салтанат Анапияева:  

«Қазақ әдебиетінің тарихын зерделеуді сонау ежелгі дәуір жәдігерлерінен бастап, көпғасырлық мұраларымызды оқыту мен зерттеуді ХХІ ғасырға жалғаған, іргелі  еңбектерін  ұрпаққа ұсынған ұстаздық-ғалым, қазақы құндылықтың қазынашысына айналған ұлы есім – Темірхан Сақаұлы Тебегенов», –  деп жазады. 

«Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» демекші, Темірхан ағай  өмір жолындағы өз ұстаздарын қалай құрметтесе, шәкірттері де өзін шынайы құрметтеп, бағалай білді. Тіпті, шәкірттері Темірхан ағайдың көзі тірі кезінде  ағайдың ғылыми-зерттеу еңбектерінен дипломдық жұмыс қорғап, поэзиясын  талдап, мақалалар жазды. Мысалы, филология мамандығының 4-курс студенті Сырғабай Құндызай Қанатқызы   университет ректорының  «14» 11.2013 ж. №  03-01-01-03/5  бұйрығы бойынша «Профессор Т.С.Тебегеновтің әдеби-сын зерттеулері» тақырыбында дипломдық жұмыс қорғады. Магистрант Анапияева Салтанат Темірхан ағайдың өлеңдерін талдап, ақындық қырын ашып, поэзиясы негізінде  «Ғалым-ақындар  поэзиясы дәстүріндегі  жырлар» атты кітап шығарып, 70 жылдық мерейтойындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияда тарту етті.  Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының  4-курс студенті Муса-Ахунов Акрам «Әдебиеттанушы сыншы – Темірхан Тебегенов»;  журналистика мамандығының  4-курс студенті  Абдрахимова Ақбота «Ғалым, публицист – Темірхан Тебегенов»; журналистика мамандығының 4-курс студенті  Диас Бейсенбек «Өзгермеген болмыс – Темірхан Тебегенов» атты мақалалар жазып, баспасөз беттерінде жарық көрді. 

Ұстазымыз Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қабырғасында  С.Сейфуллин атындағы әдеби-шығармашылық өнер бірлестігін басқарды. Бірлестікке жетекшілік еткен жылдары небір таланттардың қанат қағуына зор үлес қосты. Сондай шәкірттерінің бірегейі айтыскер ақын Оразалы Досбосынов, ақын Саят Қамшыгер, ақын Бақыт Беделхан, т.б. айтулы жастарды тәрбиелеп шығарды. Ұстазымыздың мерейлі  60 жас, 65 жас, 70 жас мерейтойларын студенттер аудиториясында шәкірттері әркез ыстық ықыласпен тойлап, әдеби-әуезді кеш өткізді. Ұстазымыз талантты  студенттердің жекелеген әдеби кештерін өткізді, тұлға ретінде құрмет көрсетті, мерейін асырды, шәкірттері алдында кішіпейілдік танытып иіліп тұрды, әрқайсысына баға берді. Өзінің ғылыми мақаласында шәкірті Оразалы Досбосынов туралы: «Оразалының есімі қазақтың классикалық дәстүрлі ақындар айтысы тарихында мәңгілік дараланып тұрады. Ол ақиқат!» – деп жазды. 

Ғалым-ұстаз Тебегенов Темірхан Сақаұлы жаратылысынан ұстаз болып туылды, фәни дүниеден нағыз ұстаз қалпында өтті. Қазақ балаларының  бақыты үшін туған адамзаттың асылы Темірхан Сақаұлы Тебегенов ұстазымыз шәкірттері үшін мәңгілік «Шәкірт бақыты үшін туған ұстаз» болып қала береді.

 

Ақманат ШАМАХОВА, филология ғылымдарының кандидаты
13.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 246
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 242
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 744
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 867
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 780

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8936
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8330
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11558
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9315
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10542