Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық топ пен Жас ғалымдар клубының бірлескен отырысы өтті. Оған Ғылыми-сарапшылық топ пен Жас ғалымдар клубының мүшелері, «Қоғамдық келісім» мекемесінің бөлім басшылары мен мамандары, ұстаздар қатысты. Күн тәртібіне сәйкес, жиында 2025 жылдың 3-тоқсанына арналған бірлескен жұмыс жоспарының орындалу барысы, жастар арасында этносаралық келісімді нығайту бағытында атқарылған ғылыми және тәрбиелік іс-шаралар жайы талқыланды. Сондай-ақ, ҚХА-ның 30 жылдығына арналған ғылыми бастамаларды пысықтау, Ғылыми-сарапшылық топ пен Жас ғалымдар клубы арасындағы әріптестікті нығайту жолдарын қарастыру бойынша ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.
Жиынға модераторлық еткен А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми сараптамалық топ жетекшісі Сейдулла Садықов ғылыми-сарапшылық топ пен Жас ғалымдар клубының бірлескен жұмысының маңыздылығына тоқталып, 3-тоқсан көлемінде орындалған негізгі іс-шараларға қысқаша шолу жасады. «Қоғамдық келісім» КММ-і Этносаралық қатынастар саласының мониторингі және ақпараттық-насихаттық жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Хамит Исақов ақпараттық-насихаттық жұмыстар бойынша өңірде атқарылып жатқан шаралар туралы баяндап, жастардың бұл үдеріске белсенді тартылу қажеттігін атап өтті. Жас ғылымдар клубының мүшесі Нұрсұлтан Пошанов жас ғалым ретінде жүргізіп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстары жөнінде баяндама жасады. Ол жастар арасында қоғамдық келісім мен толеранттылықты қалыптастыруға бағытталған жобалар жайлы айтып, тәжірибе алмасу алаңдарын жиі өткізуді ұсынды. Ғылыми-сарапшылық топ мүшесі Мақпал Анламасова қазіргі әлеуметтік жағдай мен этносаралық тұрақтылықты сақтау жолындағы ғылыми көзқарастарын білдіріп, практикалық ұсыныстар айтты. Түркістан облысының дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесінің бөлім басшысы Қайрат Салықбаев дін мен қоғам арасындағы қарым-қатынас, діни ағымдардың жастар санасына ықпалы туралы ғылыми негіздегі пікірін білдірді. Ол Жас ғалымдар клубымен бірлесіп, зерттеу жобаларын жүзеге асыру мүмкіндігін атап өтті.
Жиынды қорытындылаған ғылыми сараптамалық топ жетекшісі Сейдулла Садықов мемлекетіміздің қоғамдық келісім мен бірлік саясаты қазіргі күрделі геосаяси ахуал жағдайында өзінің өзектілігін арттырып отырғанын жеткізді.
– Осы ретте жас ғалымдар этносаралық қатынастар, ұлттық бірлік, діни сана және қоғамдық келісім мәселелері бойынша зерттеулер жүргізіп, ғылыми мақалалар әзірлеуде. Біз мұны өте құптарлық үрдіс деп санаймыз. Себебі, ғылыми негізсіз қоғамдық келісім туралы тек айтылып қана қойса, оның аясы шектеулі болып қалады. Ал ғылыми сараптамалар мен нақты деректерге сүйенген ұсыныстар қоғаммен, мемлекеттік құрылымдармен байланыс орнатуға жол ашады. Бүгінде жастардың бойында ұлттық бірлік пен азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыру аса маңызды. Бұл тек тәрбие жұмыстары арқылы емес, ғылыми-зерттеу мен тәжірибелік жобалар арқылы да жүзеге асуы тиіс. Біз осы мақсатта жас зерттеушілерге әдістемелік және моральдық қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай бірлескен ғылыми жобалар, конференциялар мен байқаулар ұйымдастыруды ұсынамыз. Бұл – жастар үшін өз идеяларын іске асыруға және қоғамға пайдалы болуға тамаша мүмкіндік, – деді ҒСТ жетекшісі.
Отырыс барысында алдағы іс-шараларды бірлесе атқару мақсатында қаулы қабылданды. Оған сәйкес, жастар арасында этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған ғылыми зерттеулер мен сауалнамалар жүргізу жоспарланған. Бұл ретте, Ғылыми-сарапшылық топ пен Жас ғалымдар клубының ортақ іс-шаралар күнтізбесі әзірленіп, орта білім беру ұйымдарына арналған «Толеранттылық», «Этносаралық келісім», «Мәдени әртүрлілікті құрметтеу» тақырыптарында әдістемелік нұсқаулықтар әзірленіп, педагогтерге таратылмақ.