Сарыағаш ауданда екі мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан басшысы Арман Абдуллаев жаңа оқу жылына дайындық аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Жартытөбе ауылдық округінде орналасқан Б.Гафуров атындағы №35 жалпы білім беретін мектебінің, сонымен қатар, Дербісек ауылдық округіндегі Елшібек батыр атындағы №22 жалпы білім беретін мектептеріне арнайы барып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Мердігер мекеме мамандары өкілдерімен бірге ауданның білім бөлімінің басшысы Д. Ақатов жөндеу жұмыстары туралы баяндады. Білім ордасының жаңа оқу жылына дайындығын пысықтаған аудан әкімі күні бүгінге дейін атқарылған құрылыс жұмыстарын саралады. Жөндеу жұмыстарын сапалы аяқтап, жаңа оқу жылына дейін барлық шаруа мүлтіксіз орындалуы керектігін атап өтті.
– Біз үшін әр сәт қымбат. 2 апта алдын келгенімдегі көрініс өзгермеген. Жоспарланған уақытта балалар мектепте білім алуы үшін жұмыс қарқынын күшейтіңіздер, құрылыс жұмыстарының сапасына бақылауды күшейтіңіздер, – деген аудан әкімі білім бөлімінің басшысына тапсырмалар берді.
Қазіргі таңда күрделі жөндеуден өтіп жатқан Жартытөбе ауылдық округіндегі Б. Гафуров атындағы №35 білім ұясында және Дербісек ауылдық округінде орналасқан Елшібек батыр атындағы №22 мектепте ғимарат шатырын жабу, ішкі сылақтарын жүргізу, электр жүйелерін жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр. Сонымен қатар аталған білім беру ордаларының есіктері, едендері, шатырлары, жылу жүйелері ауыстырылады. Әжетхана мен қоршаулар жаңарады. Ішкі және сыртқы әрлеу, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Күрделі жөндеу жұмыстарын тамыз айында аяқтау жоспарланған.