Қазақстан Республикасының «Еңбек ері», КСРО Халық әртісі, актёр, жерлесіміз Асанәлі Әшімовтың 85 жас мерейтойына арналған «Алашқа абыз, өнерде аңыз» атты республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті.
Сарысу ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен республикалық өнер додасына 14 ақын қатысты. Сахна төріне шыққан 7 жұптың қарсыласы арнайы жеребе арқылы анықталды. Бұл айтыстың өзге айтыстардан өзгешелігі сол, жергілікті жамбылдық 7 ақын республиканың түпкір-түпкірінен келген «сен тұр, мен атайын» дейін азулы ақындарға қарсылас атанды.
«Жол бастау қиын ба, сөз бастау қиын ба» деп, сахна төріне шыққан ең алғашқы жұп сыр елі, жыр елінен келген Нұрмат Мансұров пен Таластың тумасы, арқалы ақын Есет Досалы айтысты қағытпа қалжыңмен, әдемі әзілмен, көтеріңкі көңілмен бастап берді. Одан әрі Батыстан келген Марат Ахметов пен тараздық Нұрлыбек Құрманов, жамбылдық жампоз Айтмұқанбет Исақов пен сарысулық Талғат Құсайынов, елордадан келген Олжас Отар мен Т.Рысқұловтың тумасы Асхат Қылышбек, шырайлы Шымқаладан келген Біржан Байтуов пен жуалылық Қанат Мырзахан және айтыс өнерінің «дарбозы» атанған түркістандық Бекарас Шойбеков пен Алтынкүл Қасымбевалар өнер додадасының көркін қыздырды.
Осы жұптардың ішінен көрермен көзайымына айналған алматылық ару Нұрзат Қару мен Байзақтың батыры Әсет Дүйсебаев баллдық жүйе бойынша терезесі тең түсті.
Айтыстың қортындысы бойынша, әділ қазылардың шешімімен Бас жүлде (700 мың тг.) қос ақын Нұрзат Қару мен Әсет Дүйсебаевқа бұйырды. Ал, жүлделі І орынды (500 мың тг.) Нұрмат Мансұров қанжығасына байласа, II орынды (400 мың тг.) түркістандық Бекарыс Шойбек иеленді. Сондай-ақ, үздік үштіктен табылған Асхат Қылышбек жүлде қоры 300 мың теңгені місе тұтты.
Мұнымен қоса, аламан айтысқа белсене қатысқан айтыскерлерге ынталандыру ретінде қаржылай сыйақылар (100 мың тг.) табысталды.