Оралда биылғы «Қала күні» мерекесіне орай өткен аптада ашылған «Ақжайық – шеберлер қаласы» атты қолөнер бұйымдары жәрмеңкесі өз жұмысын аяқтады.
Орал қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған жәрмеңке Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.
«Ақжайық – шеберлер қаласы» көрмесін тамашалауға келген Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев қолөнер шеберлері мен суретшілердің туындыларымен танысты. Жәрмеңкенің жабылу салтанатында сөз алған Орал қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев оралдықтар мен қонақтарды мерекелерімен құттықтады. Сонымен бірге он күн бойы көрмеге қатысқан бір топ қолөнер шеберлерін Алғыс хаттармен марапаттады.
Шара барысында қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты балалар аула клубтары мен комьюнити орталықтарының тәрбиеленушілері және үйірме жетекшілері жиылған жұртшылыққа мерекелік концерт ұсынды.
Тағы бір айта кетерлігі, Арбат бойындағы жәрмеңкені Орал қалалық білім беру бөлімі ұйымдастырған дәстүрлі «Гүлдер фестивалі» толықтырған болатын. Оралдықтар мен қала қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлаған фестивальге қалалық білім беру бөліміне қарасты қосымша білім беру ұйымдарының жұмыстары қойылды. «Атамекен» туризм және экология орталығы мен қала мектептері шаһарымыздағы сәулет ғимараттары макеттерінің көрмесімен тәнті етті. Ал оралдық мектепке дейінгі ұйымдар көрмені гүлдерден жасалған композициялармен безендірді.
Оралдықтар қала мерекесінде шеберлердің көрмесімен басталып, әдемі гүлдердің көрінісімен жалғасқан жәрмеңкені келер жылы да асыға күтетін болады.