Сегіз қырлы, бір сырлы Гринберг

Сегіз қырлы, бір сырлы Гринберг

Құдайдың өлшеп берген ғұмырында қандай жетістіктерге жетсе де, аспайтын, таспайтын, алғашқы болмысынан ауытқымай, қарапайым ғұмыр кешіп келе жатқан азаматтың бірі – «ЮжПромСнаб» көп салалы компанияның президенті Владимир Филиксұлы. Владимир ағамыз 17 жыл Ақтөбе облыстық геология саласында жауапты жұмыстар атқарған екен. Облыстың ол бармаған, ол баспаған ауылдары кемде-кем шығар? Геолог болған соң жер қойнында тығылып жатқан кен орындарын, жер асты су қорларын іздеп, анықтап, тауып, елдің қажетіне жаратуға септіктерін тигізеді ғой. Кеңес өкіметі құлаған соң социалистік жоспарлы жүйенің жіктері сөгіліп, бір кездері дүрілдеп тұрған геология саласы да ауыр қиыншылықтарға душар болады.

Айлап айлық төленбеген соң жақсы мамандар мен жоғары деңгейлі жұмысшылар да жан-жаққа кете бастайды. 1992 жылы амалсыз отбасыларын асырау мақсатында бұрын істеп көрмеген саудамен айналыса бастайды. Ол жылдардың қиыншылықтарын басынан өткізгендер ғана біледі ғой. Солардың бірі – Владимир Филиксұлы. Абай атамыз айтқандай, «соқпақсыз жерден соқпақ» салып, айналасына өзі сияқты білімді, адал азаматтарды жинап, «тәуекел» деп іске кірісіп кетеді.

«Өткен өмір, өткен өмір» деп қарайтын Владимир ағамыз ол жағын кейде еске алғаны болмаса, терең айтып көрген емес. Оның үстіне тәптіштеп сұрап жатқан да ешкім жоқ.

Ал өзі президенті болып отырған облыстық бокс федерациясы туралы кең отырып сөйлесуге болады. Өзі де жас кезінде бокспен айналысқан соң, 2017 жылы облыстық бокс федерациясын қолға алған екен. 9 жылда жеткен жетістіктері де аз емес. Бұрындары жақсы боксшылар жоғары жетістіктерге жету үшін басқа облыстарға кетуге мәжбүр болатын (күн көру үшін десе де болады). Владимир Филиксұлы бокс саласын қолға алғалы алға жылжу байқалады. Боксшылар ірі халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға іліге бастады. Облыстық құрама командасының көзге түскен боксшылары мен жаттықтырушыларына степендия тағайындалды. Қазақстан біріншілігінде жеңіске жеткен боксшыларға қомақты сыйақы да беріліп келеді.

Бұрын бұның бірі де жоқ еді. Жаттықтырушылар таныс жергілікті кәсіпкерлерге қол жайып жүретін. Оны талай көріп, естіп жүрген едік. Қазір дәрі-дәрмектеріне де федерация атсалысып жүр. Кейбір спортшылардың оқу ақыларын да төлеп береді дегенді де естіп жүрміз. Мүмкін, кейбір спортшыларға белгілі деңгейде көмектесе де алмай жатқан тұстары бар шығар? Көптің көңілінен шығу қиын шаруа ғой. Бастысы, алға жылжу бар екені даусыз.

«Менің екі хоббиім бар», – дейді жымиып... Бірі бокс болса, бірі жол салу... екен. Ақтөбе – Атырау бас трассасын салуға атсалысқан «Ассана Дорстрой» құрылыс компаниясы Владимир Гринбергтің қарамағында. Тамды – Қандыағаш (34 шақырым жолды) аралығын осы компания салған болатын.

Бұл жөнінде «Qazaqstan dauiri» газетінде екі мақала жазған болатынбыз.... («Жас мамандардан тапшылық көрудеміз»  30.11.2024 ж. және «Арық сөйлеп, семіз шық!» 28.08.2025 ж.) Жалпы жол салуға маусым кезінде 2000-нан астам жергілікті жұмысшылар жұмысқа тартылады. Облысаралық ішкі жолдарын салып жатқан жолшылармен барып тілдескен едік. Қандыағаш – Жем жолдарының жұмыстарын алғашқы бастағанда барып, видеоға түсіріп едік.

Әскери оқу-жаттығу ойындарындағы танк жолдарына көбірек ұқсайтын ұсқыны қашқан шоқалақ жолдарды жөндеу де оңай шаруа емес екені анық!

Таңның атысынан күннің батысына дейін желдің өтінде жүрген еңбек адамдарының ерен еңбектерін көргенде еріксіз сүйсінесің. Шіркін-ай, алдарында қандай тау тұрса да, қопарып тастардай ер мінезді жігіттерге жыл он екі ай жұмыс табылып тұрса екен дейсің.

Шүкіршіл, аңғал кейіптерімен «жұмыс тұрақты ма?» деген сауалға «болады, аға» деп тоқ көңілмен жауап беретініне не дейсің? Қалай десек те, қарапайым халқымыздың пейілдері таза, өздері сенген адамының жолында өлуге бар екенін жоғарыда отырғандар ескерсе екен дейміз.

Осындай ел азаматтарына жұмыс тауып беріп жүрген  Владимир Филиксұлы да өте қарапайым, кішіпейіл жан. Қарапайым халықтың көңіл күйлерін жақсы біледі. Ешуақытта дауыс көтеріп сөйлегенін көрген емеспін. Бір қалыпта ойланып сөйлейді.

Жұмысшыларға жақсы жағдай жасап қойған. Басты офисі орналасқан ғимарат ішінен жұмысшылар мен офис қызметкерлеріне қолжетімді бағасы арзан асхана ашып қойған. Кіріп тамақтанып көрдік. Қызметкерлері қандай ас ішіп жүргендерін өзі қадағалайды екен. Тілдесіп көрген жұмысшылар дән риза. Жоғарыда келтірілген мақалаларда егжей-тегжейлі айтқанбыз. Қысқаша айта кетсек, «күзде негізгі жұмыс аяқталғанда көзге түскен еңбек адамдарына қомақты сыйақылар береді екен». Мысалы, 2024 жылы күзде Тамды – Қандыағаш басты трассаны аяқтағанда еңбек адамдарына 8 автокөлік сыйлаған екен.

Бұл еңбек адамдарына деген құрметті білдіреді. Қайырымдылық іс-шараларға да атсалысып жүр. Мысалы, Желтоқсан көтерілісін қолдап, істі болған ақтөбелік Б. Телеуов пен Б. Тайбөкеновтерді еске алу турнирлеріне де қолдау білдіріп келеді.

Соңғы кездері мемлекеттік тілді меңгеруге талпыныс білдіріп жүргенін айта кеткенді жөн деп таптық. Қазақ тіліндегі мақалаларымызды оқып жүргенін айтты. Түсінбеген жерлерін тілді жетік білетін қызметкерлерінен сұрап алады екен. Бұл да кейбір шенеуніктерге үлгі боларлық шаруа. Жетпістен асса да, әлі тың, шаршауды білмейтін, ізденімпаздығы жастарға үлгі боларлықтай екенін баса айтқан жөн.

Көп салалы кәсіпті басқару да айтуға ғана оңай шаруа шығар? Байқағаным, әрбір іске аса жауапкершілікпен қарап, қарамағындағылардан да соны талап ететіндігі ұнайды. Отандық өндірістік кәсіпорындар аса көп емес. Бір ғана жол салушы компаниялар туралы айтатын болсақ, көптеген шетелдік компаниялармен иық теңестіре жүріп, тендер ұтып алу да қиын шаруа екенін ескерсек, Владимир Филиксұлының ұйымдастыру қабілетіне еріксіз сүйсінесің.

Шынын айтқанда, туған елінің жарқын болашағына сеніп, үмітпен қарайтын, экономикамыздың дамуына елеулі үлес қосып жүрген Владимир Филиксұлы сияқты отандық кәсіпкерлердің саны арта берсін!

34 жыл кәсіппен айналысып, артынан сөз ілестірмеген кәсіп иелері көп те емес шығар?

Бұл шағын мақаламызды ақтөбелік кәсіпкер, меценат Владимир Гринбергті оқырмандарымызға таныстыру мақсатында жазып отырмыз. Мүмкін, кейін толық көлемде жазылып та қалар. Еліміздің гүлденуіне үлес қосып жүрген азаматты елі білуге тиіс!

 

Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ, 

Алматы – Ақтөбе – Алматы

03.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

122 МЛН КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛАДЫ
Нұрсайын ШӘРІП, Солтүстік Қазақстан облысы - 04.06.2026 32
Орташа   жөндеу жұмыстары жоспарлануда
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Тараз қаласы - 04.06.2026 35
Жазғы лагерь   маусымы басталды
А. ХАМИТТЕГІ - 04.06.2026 33

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25610
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25073
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42493
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38341
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 42862