🔰Осыдан тура 74 жыл бұрын, 1949 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонында ең алғашқы сынақ жүргізілді. Бұл КСРО-дағы тұңғыш атом бомбасының сынақтан өткізілуі болатын. Бұл жарылыстың қуаттылығы 20 килотоннаға жетті.
Алғашқы атом жарылысының өзінен тек Семей облысының 200 мыңнан астам тұрғыны радиация алды.
Аса күшті зарядты жарылыстар кезінде радиация мөлшері 300 рентгенге дейін жетті. Соның салдарынан 1949-1963 жылдар аралығында 2 миллионнан астам адам айықпас дертке ұшырады, көбісі бақилық болды.
Жалпы, Семей ядролық полигонында 456 ядролық және термоядролық жарылыс жасалынған.
🔰Бүгін Семей ядролық полигонының жабылғанына 32 жыл толуына орай, аудандық кітапхананың «Коворкинг» орталығында ядролық сынақтарды жоюға қатысушы ардагерлермен кездесу өтті.
Кездесу жиынға аудан әкімінің орынбасары Қайрат Серимов арнайы қатысып, бүгінгі айтулы күннің маңыздылығына тоқталды.
Ядролық қарудың зардаптарын басынан өткерген Қазақ елі әлемде 4-інші әлемдік ядролық держава бола тұра қарудан бас тартып, күллі әлемге осылайша үлгі көрсеткендігін, ядролық сынақтарды жоюға қатысқан ардагерлерді құрметтеу, оларға қолдау көрсету кейінгі ұрпақтың парызы екендігін айтты. Біздің ауданда да ардагерлерімізге заң аясында қажетті қолдаулардың көрсетіліп жатқанын атап өтті.
Жиынға қатысқан аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков кездесуге жиналғандарды құттықтады.
🔰 Бұндай зұлмат оқиғалардың алдағы уақытта елімізде орын алмауын айтып, ардагерлерге ұзақ ғұмыр, отбастарына амандық тіледі.
🔰Кездесу барысында ардагерлер де сөз алып, құрмет көрсетіп жатқан аудан басшыларына алғыстарын білдірді. Сонымен қатар, ардагерлер тарапынан ұсыныстар айтылып, жиынға қатысушылар өзара пікірлер алмасты.