Семей қаласының әкімдігінде өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте жеке және заңды тұлғаларға жер телімдеріне құқық беру бойынша жер комиссиясының жұмысы қаралды.
Семей қаласы мәслихатының шешімімен 11 адамнан тұратын жер комиссиясының құрамы бекітілген болатын. Оған қала әкімдігінің қызметкерлері, депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері кірді.
Шешімдер қабылдауы ашық және айқын өту мақсатында жер комиссиясының отырысы әрдайым аудиовизуалды жазбасы түрінде жүргізілді.
Өткен жылы комиссия 44 рет отырыс өткізген. Барлығы 6600 мәселе қаралды. Олардың көпшілігі жер телімін пайдалану, сондай-ақ нысаналы мақсатын өзгертуіне қатысты болды. Сонымен қатар, өткен жылы ауылшаруашылығына арналған жерлерге 8 байкау өткізілді. Нәтижесінде, 81,6 мың га жерді пайдалану жөнінде құқық берілді. Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов жер комиссиясы мүшелерінің назарын жерді рұқсатсыз иемденіп алу жағдайларының жолын кесуге аударды. Оның айтуынша, әкімдікке келіп түсетін шағымдардың басым көпшілігі жерді пайдалану мәселелеріне қатысты.
Қала басшысы биыл жеке тұрғын үй құрылысы үшін кем дегенде 500 жер телімін бөлуді тапсырды.
«Жер телімдері мұқтаж жандарға бөлінуі керек. Оларды сатып алушыларға емес, тікелей баспана салатын адамдарға беру керек. Жер телімін сатып алған, бірақ заңнамада белгіленген мерзімде құрылысты бастамаған адамдармен жұмысты күшейту қажет. Егер 3 жыл ішінде бұл учаскелер бос болып, және ешқандай жұмыс жүргізілмесе, оларды алып, үй салуға шынымен мұқтаж және дайын адамдарға беру керек», – деді Бақытжан Байахметов.
Семей қаласы бойынша жер телімдерін алу кезегінде барлығы 23 мыңнан астам адам тұр.