Сенатор Нариман Төреғалиев еліміздің Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында Батыс Қазақстан облысында орналасқан өткізу бекеттерінің мәселесін көтерді.
Депутаттың айтуынша, 2016 жылғы қазанда өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы ХІІІ өңіраралық ынтымақтастық форумында Елбасы ел Үкіметіне Қазақстан-Ресей шекарасындағы бақылау-өткізу бекеттерін жаңғырту, сондай-ақ «Фомин» және «Молодость» жеңілдетілген өткізу бекеттерінің мәртебесін екіжақты автомобиль өткізу бекеттеріне өзгерту туралы тапсырма берген. Осы іс-шаралардың барлығы 2018 жылдың 15 желтоқсанына дейін жүзеге асуы тиіс еді.
Н.Төреғалиев аталған тапсырманың орындалмауына байланысты сенаторлар бұл мәселені бірнеше рет көтеріп, депутаттық сауалдар жолдағанын атап өтті. Өкінішке орай, Үкімет берген уәделер әлі орындалмаған. Сенатор бұл мәселені шешу өткізу бекеттеріндегі ұзын-сонар кезектерден арылуға септігін тигізетінін және өңірдің экономикалық өсуіне жаңа серпін беретінін айтып өтті.
Нариман Төреғалиұлы өз сөзінде: – Жәнібек ауданының «Жәнібек-Вишневка» өткізу пунктіне көпжақты халықаралық өткізу пункті мәртебесін, ал Бөкей ордасы ауданының «Молодость-Верхний Баскунчак» және Қазталов ауданының «Фомин» өткізу пункттеріне екі жақты автомобиль өткізу пункті мәртебесін беру мәселесінің шешілуіне және Өнеге-Бисен-Сайқын республикалық маңызы бар тас жолын Сайқын-Шоңай-Молодость (50 шақырым) шекара белдеуіне дейін ұзартып, «QazAvtoJol» ҰК» АҚ есебіне беру арқылы жергілікті маңызы бар жолдан республикалық маңызы бар жол мәртебесіне ауыстыруға ықпал етуіңізді сұраймыз, – деді.