Депутаттың өңірге сапары барысында жергілікті тұрғындар қоршаған ортаның ластанып жатқанын, атап айтқанда, өңірдегі химия өнеркәсібінің өндіріс қалдығы туралы, құрамында көп мөлшерде фосфогипс бар қоқысты тастайтын жерге қатысты проблеманы көтерді.
Сенатор Тараз қаласындағы екі үйіндіде 14 млн тоннадан астам фосфогипс жиналғанын айтты.
Ауданы 25 га болатын үйінділердің бірі Шайқорық ауылынан бір шақырым жерде орналасқан.
Бекболат Орынбеков сондай-ақ Тараз қаласынан 20 шақырым жерде ауданы 135 га болатын үшінші үйінді салу жоспарланғанын айтты, алайда бұл үйінді 2025 жылы ғана іске қосылатын болады.
Сенатор осыған байланысты Министрлер Кабинетінің басшысы Әлихан Смайыловтан фосфогипс қалдықтарының көлемін азайту жөнінде шаралар қабылдауды сұрады және топырағы тозған жерді дақыл өсіру үшін ауыл шаруашылығында пайдалануды ұсынды.