ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР КЕҢЕСІНДЕ 32 КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР КЕҢЕСІНДЕ 32 КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысы еліміз үшін жағымды жаңалыққа толы болды.  Осы кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық менеджментті дамыту институтының мәліметіне сүйеніп, еліміз әлемдегі бәсекеге қабілетті 35 мемлекеттің қатарына қосылды деді. «Инвестиция құюға тартымдымыз» дегенді осындай рейтингілерге сүйеніп айтпаса, мағынасы да әлсіз болар еді. Сондай-ақ 2029 жылға қарай «шетелдерден қосымша 150 млрд доллар тікелей инвестиция тартамыз» деп қадап айтуы да ел халқын бір серпілтіп тастағаны анық.

 

Шетелдік инвесторлар кеңесі – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Кеңес 32 мүше мен 7 бақылаушыдан тұрады. Олардың арасында «Самұрық-Қазынаның» бұрыннан бері келе жатқан серіктестері – Total, Eni, CNPC, Wabtec, Solidcore, Citi, ЕҚҚДБ, АДБ бар. Кеңестің негізгі міндеті – Қазақстанның инвестициялық саясатының басты бағыттарын айқындауға, инвестициялық климатты жақсартуға және ҚР инвестициялар туралы нормативтік құқықтық базасын жетілдіруге арналған ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу.

Жаһандық дағдарысқа қарамастан, Қазақстан тікелей шетелдік инвестициялар үшін тартымды болып отыр. Былтырғы жылдың бірінші жартыжылдығында елімізге құйылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 13,3 млрд долларды құрады. Оның ішінде шетелдік инвестициялардың таза ағыны 4,1 млрд доллар болған. Бұл 2022  жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 87%-ға артық. Ал  елімізге 28 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Осылайша кейінгі 10 жылдағы рекорд жаңартып, Орталық Азия өңіріндегі шетелден қаржы тарту ағыны бойынша көшбасшыға айналды.

31 қазан күні Астанада шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-отырысы өтті. Көтерілген мәселелер ұшан теңіз. Әлемнің белді кәсіпкерлері Қазақстандағы жаңа жобалар мен әлеуетті бағыттарды талқылады. Ондаған ірі компания өкілдері мен халықаралық ұйым басшылары мүшелік ететін кеңесте инвесторларға арналған жеңілдіктер де таныстырылады. Алдағы күнге де үлкен жобалар таныстырылды.

IMD әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингіне сәйкес, Қазақстан былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда 6 тармаққа көтеріліп, Кувейт, Португалия және Үндістан сияқты елдерден озып, әлемнің 64 елінің ішінен 37-орынға ие болды.

Астанада өткен  шетелдік инвесторлар кеңесінде Қазақстан шетелдік инвесторлармен жалпы құны 7 млрд доллар болатын 32 келісімге қол қойды. Оның ішінде минералды ресурстар, жаңартылған энергия, ауылшаруашылығы және көлік саласындағы жобалар бар. Инвестицияның көбі Қытай, Германия, Қатар, Оңтүстік Корея елінен тартылған. Құжат жаһандық инвестициялық форумда бекіді. Оған 300-ден астам шетелдік инвестор қатысқан. 

Форумда сөз сөйлеген Премьер-министр инвесторлардың құқығын қорғауда бизнестің де мүддесі маңызды екенін ерекше атап өтті. Премьер-министр Олжас Бектенов: «Ең маңызды басымдықтың бірі – отандық өнеркәсіпті дамыту. Отандық компаниялар ірі инвесторлармен жеткізу тізбегінде жұмыс істей отырып, тәжірибе жинап, сапа стандарттарын арттырады», – деді.

Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің 36-шы пленарлық отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров инвестициялық климатты жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Қазақстанның жаңа инвестициялық цикліне арналған іс-шараға трансұлттық компаниялар, мемлекеттік органдардың басшылары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, санкциялық текетірестің күшеюіне, логистикалық жүйенің бұзылуына, жоғары инфляцияға байланысты әлемдегі инвестициялық белсенділіктің баяулауы аясында Қазақстан посткеңестік елдер, оның ішінде Орталық Азия мен теңізге шыға алмайтын елдер арасында тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жетекші орынға ие болды.

«Бүгінде Қазақстан Үкіметінің алдында экономиканың көлемін екі есеге арттыру міндеті тұр және оны жүзеге асырудың негізгі факторы инвестиция тарту болып табылады», – деді вице-премьер. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін 2029 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы өзектендірілді, оның шеңберінде экономика салаларының нақты қажеттіліктеріне бағытталған инвестицияларды тартудың жаңа тәсілі енгізілуде. «Атап айтқанда, инвестицияға «тапсырыс» жергілікті бизнес пен квазимемлекеттік компаниялардың жекелеген салалардағы қажеттіліктері негізінде қалыптасады. Алынған мәліметтер Аймақтық инвестициялық бағдарламаларда көрсетіледі және шетелдік мекемелер нақты шетелдік инвесторларды таргеттеуі үшін пайдаланылады», – деп қосты Нұрлан Байбазаров. Сонымен қатар жаңа жоғары өнімді инвестициялық жобаларды инфрақұрылыммен одан әрі қамтамасыз ету экономикалық белсенділік факторларының бірі болады. Биыл 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары қабылданды. Жалпы құны шамамен $86 млрд болатын 204 жоба жүзеге асырылатын болады. Жоспар энергетикалық, көліктік, цифрлық инфрақұрылым, сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымы сынды 4 бағытты көздейді.

Бұл ретте экономиканы ырықтандыру бойынша құрылымдық өзгерістер жалғасын табады. Мемлекет бәсекеге қабілетті салаларға мемлекеттің қатысуын азайту жөніндегі жұмысты жалғастырады. «Жаңа Салық кодексі инвестициялық циклды жандандыруға, тиімді салық преференцияларын белгілеу мен шетелдік және қазақстандық инвесторлар үшін қолайлы әрі тұрақты жағдай жасауға мүмкіндік беретін болады», – деп түйіндеді сөзін вице-премьер.

Қытайдың бизнес компаниялары елімізде жалпы құны 600 млрд теңгеден асатын жобаларды жүзеге асырмақ. Бүгін Түркістанда өткен халықаралық инвестициялық форумда меморандумға қол қойылды. Екі ел кәсіпкерлері жиында туризм, тамақ өнеркәсібі, цифрлық трансформацияны дамыту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ жиыннан кейін жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері мен қолөнер бұйымдары таныстырылды.

Хубэй провинциясы кәсіпорындары халықаралық ынтымақтастық қауымдастығының төрағасы Хуан Лися: «Бүгінгі форум аясында біз құны 1,1 млрд АҚШ доллары болатын 7 инвестициялық жобаға қол қойдық. Оның ішінде тоқыма кластерін құру, алюминий бұйымдарын шығару зауыты, мал сою алаңы, тамшылатып суару құрылғысын шығаратын кәсіпорын құру жобалары бар. Бұл жобалар жүзеге асқанда 5 мыңға жуық жұмыс орны ашылады» деді өз сөзінде.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов ШИК отырысына қатысушылармен инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін де талқылады. Шетелдік инвесторлар кеңесі аясында Үкімет деңгейіндегі отырысқа қатысушылармен бірқатар кездесулер өтті. Бірлескен инвестициялық жобаларды іске асырудағы ынтымақтастық, мұнай-газ саласы мен энергетика секторындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Премьер-министр Олжас Бектенов пен Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен кездесуінде ЕҚДБ-ның ірі инфрақұрылымдық жобаларға, оның ішінде 2029 жылға дейінгі ұлттық инфрақұрылымдық жоспар шеңберінде қатысу перспективалары қаралды. Жалпы, Қазақстанда ЕҚДБ қатысуымен құны $11 миллиардтан асатын 300-ден астам жоба сәтті іске асырылды, ең ірі жобалардың бірі – ҮАААЖ. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау және МЖӘ жобаларын іске асыру саласындағы өзара іс-қимылға назар аударылды. Осы бағытта ЕҚДБ Көкшетау қаласында 630 төсек-орындық көпбейінді аурухана құрылысын қаржыландырады.

Үкімет бүгінде халықаралық қаржы институттарын тарта отырып, толық жүзеге асыратын ауқымды МЖӘ жобаларының пулын дайындау бойынша жұмыс жүргізуде. Бұдан басқа, экономиканы көміртегінен арылту және көлік-логистика саласындағы жобаларды бірлесіп іске асыру, оның ішінде Орта дәлізді дамытуға бағытталған және басқа да мәселелер қаралды. Әлемдік жетекші энергетикалық корпорациялардың өкілдерімен ұжымдық кездесу барысында мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері қаралды. Жиынға Shell Plc. атқарушы вице-президенті Питер Костелло, ExxonMobil дәстүрлі кен және ауыр мұнай өндіру жөніндегі аға вице-президенті Джон Уилан, TotalEnergies Exploration&Production Азия-Тынық мұхиты өңірі бойынша аға вице-президенті Чарльз Фернандес, Eni S.p.A табиғи ресурстарды барлау және өндіру жөніндегі директоры Лука Виньяти қатысты. Компаниялар еліміздегі ең ірі қайраңды мұнай-газ жобасы – Қашаған кен орнын игеруге қатысатын NCOC консорциумының құрамына кіреді. Мұнай-газ компанияларының өкілдері инвестициялық жобаларды іске асыру үшін кең мүмкіндіктерді атап өтіп, мұнай-газ секторындағы ұзақмерзімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бейілділігін жеткізді. Қазақстан Үкіметі барлық айқын мәселелерді шешуде ашық әрі сындарлы диалогқа дайын екендігін растады. Талқылау қорытындысы бойынша жиынға қатысушылар кен орнын игерудің келесі кезеңдерін (А2 және Б2) уақытылы іске асырудың маңызын атап өтті.

 

 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
08.11.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 19
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 564
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 679
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 591
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 602

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8737
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8138
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11368
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9120
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10352