Шежіреге зер салсақ, аталарымыз өз немере, шөбелеріне кімнің жақын, кімнің алыс екенін оңай түсіндіру үшін ежелгі қауымдастықтарды ата деп сендіріп, олардан тарайтын бөлімшелерді ұрпақ ретінде ұғындыруға тырысқанын байқаймыз. Бірақ бір кілтипанды жері – қиыннан қиыстыра отырып басқа жұртты өзінен төменірек қоюға тырысатыны. Мәселен, найман шежіресіндегі қоңыраттың рөлін алайық. Найманбай және Наймантай деген екі шал болыпты. Екеуінің біреуі баласыз екен. Монғолға барымтаға барған наймандар көп жылқымен бірге астында қоңыр аты бар он екі жасар бір баланы да қосып ала келеді. Ол сол жерде жылқышылармен бірге жүрсе керек. Барымташылар оны әлгі баласы жоқ найман шалға береді ғой. Оған Елатан деп ат қояды. Қоңыр ат бәйгенің алдын бермейтін болады. «Бұл қай бала?» дегенде «қоңыр атты бала!» деп, содан қоңырат руы тараған екен дейді... Сонда күллі қоңырат руы найман шалдың асырап алған баласынан өрбіген боп шығады ғой. Бұл ертекке кім сенеді? Әрине, бала көңіл бауырларымыз сенеді. Ал қоңырат шежіресінде найман тайпасына қатысты ру – балталыны «күңнің артынан еріп келген бала» дейді. «Елім-ай» дастанында (мұның қазіргі заман қолтаңбасы екенін ғалымдар дәлелдеген) балталы руын найман Төлекатайдың екінші әйелінен туғызып қояды. Төлекатай шамамен XVI ғасырда өмір сүрген адам. Зираты Жаңақорған тұсында Сырдың сол жағалауында, қожа Қылышты атамен қатар жатыр. 2008 жылы оларға үлкен кесенелер тұрғызылған. «Балталы, бағаналы ел аман бол» дейтін жыр жолдары «Қозы көрпеш-Баян сұлу» дастанында айтылмай ма?! Ол қай заман? Түркі әлемі әлі ажырамаған заман. Балталы, бағаналы руы бүгінгі күнге дейін сол жерде, Ұлытау, арқа өңірінде отыр. XVI ғасырдың адамы тарихтың елең-алаңында өткен кісілерге қалай ата болады?
Шежірелердің бірінде Адай руы туралы да «қызық» әңгіме бар. Кіші жүз батырлары бір жорықтан қайтып келе жатыр екен дейді. Жол бойында егін орып жатқан орыстардың бір кішкене баласы келе жатқан аттарды қызықтап қарап тұрған екен. Әскербасы оны жерден көтерген күйі алдына отырғызыпты да, алып кете беріпті. Соңынан естілген «отдай!», «отдай!» деген дауысты әскер басы «адай» деп естіп, бұл баланың аты екен дейді ғой... Мұнда да шежіре айтушы өзге руды бөтенге шығарып, шеттетіп тұр. Мұндай «хикаяттарға» сенсек, қоңырат – монғол, адай – орыс болмай ма... Жазбаша да, ауызша да шежірелерімізде бұл секілді әңгімелер аз емес.
Ал енді осы найман, қоңырат, балталы, адай деген ру аттары не мағына білдіреді? Шежіремен сәйкестігі қандай? Бұлар шынымен адамның аты ма, жоқ, қауымның ба? Әлде басқа да мәні бар ма? Соған келейік. Біз бұл орайда негізінен көне түрік тілінің аса көне бір саласы болып табылатын сарыұйғыр тіліне жүгінеміз. Өйткені ру-тайпа аттарының басым көпшілігі ежелгі замандар туындысы болғандықтан мән-мағынасы ұмытылған, дені жадымыздан өшіп кеткен. Ішінара қытай, араб, парсы сөздіктеріне де көз жүгіртуге тура келеді. Мұндағы пайымдаулар үзілді-кесілді тұжырым емес. Себебі, олардың өзге де варианттары болуы мүмкін. Бұл тақырып шын мәнінде алғаш рет қозғалып отырғандықтан кем-кетіктері болса, оқырман қауым кешіріммен қарар деген ниеттеміз. Сонымен, жоғарыда аталған ру-тайпа аттарына тоқталайық.
Найман
Найман қытай деректерінде «нәймәә(н)» (nàimàn ) деп жазылады. Екі иероглиф. Біріншісі: «нәә(й)» (nài ) – қалай?, қалайша?, қандай жолмен? деген мәндерді білдіреді. Екіншісі: «мәә(н)» (màn ) – ер адам деген сөз. Сонда бұл иероглифтерден «қалайша ата болған?» деген сұраулы мағынасы бар сөз шығады. Ал енді найман атын жоғарыда көрсетілген таңбалардағы секілді соңғы дыбыстары көмескіленбей анық шығатын иероглифтермен жазсақ, «ана ұрпақтары» деген мәнді көреміз және ол алдыңғы сұраулы таңбалар мәніне жауап секілді де болады. Бұл таңбалар: «нәәй» (năi ) – емшек, сүт, емізу және жинақталған қысқаша мәнінде ханым, ана деген мағыналарды берсе, «мәнн» (mén ) – есік, қақпа; үй, отбасы; ру, тұқым; шәкірттер, ізбасарлар мәнін білдіреді. Сонда «найман» атауы матриархат кезінде туындаған әрі қытай тілді көршілер тарапынан таңылған ат болып тұр ғой. Шынында да қытайша таңбаланғанындай, «найман» қалай ата есімі болады? Ана қалай ата болады? Бірақ шежіре солай дейді. Найман ұраны «Қаптағайдың» шығу тегі туралы әңгіме де тұрақты емес. Оның он алтыншы ғасырда өткен Қаптағай атты матай руының батыры есіміне байланысты туындауы сендірмейді. Өйткені мұның өз мәні ұмытылған, өте көне сөз. Жабайы түйе – қаптағай атынан шығуы да күмәнді. Сарыұйғырда «қапта-» деген секіру, аттау (әлденеден) ұғымындағы сөз бен «ғай» дейтін ашу, ыза, қаһар, келеке, келемеж сипатындағы одағай сөз бар (я.ж.у. 135, 22 бб.). Аталмыш ұран мәтіні осы екі сөзбен дәлме-дәл сәйкеседі. Яғни, «Қаптағай» – «жауыңды жең де, басынан атта!» дегені. Күреске түсіп жеңген палуан жеңілген палуанның басынан аттап өтетін дәстүрді еске алыңыз. Ол қарсыласының рухын қосып алу, күшін иелену мәніндегі салт болған.
Қоңырат
Енді қоңыратқа келейік. Мұның этимологиясы сарыұйғыр тілінен шығып тұр. Оларда да «қоңрат» деген ру бар (С.Е. Малов. Язык желтых уйгуров. Словарь и грамматика. Алм., 1957, 58 б. Бұдан әрі: «я.ж.у.»). Үйсіндер біздің заманымыздан бұрын Ганьсу өлкесін жайлаған екен. Бұл сөз солардікі деп түсінуге болады. Мұнда қоңыр – кәдімгі қоңыр түс мәнін береді. «Қоңыр ат», «қоңыр мыш», «қоңыр ча» дейді. «Қарагер ат», «мысық», «күрең шай» дегені. Бұл сөз тәңірлік күштерге байланысты да айтылады. Лай қоңыр чарчін, Қоңыр хон ла ко – будда құдайларының аттары. «Қоңыр» бұрын тәңірілік күштерге байланысты айтылып, кейін өздері табынған будда дініне де енгізіп жіберген секілді. Бәлкім екеуіне де ортақ тұлға болуы. Қазақтың «алпыс екі қоңыры» осыдан шыққан ба дейміз. Бұл мейірімді күштерге қатысты атау екені аңғарылады. Қоңырджан – сарыұйғыр ертегілерінде кездесетін әйел затының есімі (я.ж.у. 58). Қоңыр – бізде де қыздарға қойылатын ат. Қоңырат – осы Қоңырджан мен мейірімді тәңірлік күштер есімдерінен шыққан деуге болады. Бұлай десек, Қоңырат – Қоңырлар, яғни Қоңырға (тәңірлік күштерге) табынғандар, Қоңырдан тарағандар болып шығады. Мұнда «ат» көптік жалғау қызметін атқарып тұр. Демек, қоңырат та матриархат кезеңінде шыққан қауым атына ұқсайды. Башқұрт, ноғай елдері аты да аналар қауымымен байланысты шыққан. Башқұрт – сарыұйғырдың «басчі» – басты тұлға (главное лицо) және «құртқа» – әже (я.ж.у., 20, 61 бб.) деген сөздерімен үйлеседі. Басчіқұртқа-башқұртқа-башқұрт. Сарыұйғырда әжені «аніқа» деп те атайды. Ноғай аты да осы әже ұғымымен байланысты туындаған. Аніқа-әніқа(й)-нұқай-ноғай.
Балталы, шөмекей, жаппас, шеркеш т.б. ру аттары қайдан шыққан?
Ру аттары сол қауымның атқаратын қызметіне де байланысты туындап отыратынын көреміз. Мысалы, жоғарыда аталған балталы руының аты түрік тілінде сапëр (әскери-инженерлік қызмет) деген мағынаны білдіреді. Таңбасы – балта. Ол көне түрік жазуындағы жеке тұрып «ай», сөз арасында «й» деп оқылатын таңбаға ұқсас. Бұл айбалтаны мегзесе керек. Қалың қолға жол ашып, көпір салып отыратын саперлік қызметте де, ұрыс қимылдарында да қолданылатын құрал. Кіші жүзде шөмекей деген ру бар. Оның аты сарыйұғырдың «чомақ», «чумуқ» – сырғауыл, таяқ, шоқпар, сойыл және «қой» – тәсілқой, епті, шебер, оңтайлы, ыңғайлы (я.ж.у., 144, 56 бб.) деген мағынадағы сөздерімен сәйкес келеді. Чумуққой-чұмықай-шөмекей. Бұл шоқпар, сойыл шебері, қоян-қолтық ұрыс тәсіліне жаттыққан сарбаздар дегенді мегзейді. Кіші жүздің енді бір руы – жаппас аты да жауынгерлік сипатын аңғартады. Бұл сарыұйғырдың «йа» – жебе және «паш» – бас, ұш (я.ж.у., 140, 88 бб.), яғни «жебе ұшы» деген мәндегі сөздерінен туындаған деуге болады. Йапаш-йаббаш-жаппас. Ш/с алмасатын дыбыстар. Бұл садақшылар немесе алдыңғы шептегі шабуылшылар мағынасын білдірсе керек. Кіші жүздің тағы бір руы – шеркеш аты да жауынгерлік сипатта. Бұл сарыұйғырдың «черіғ», «черығ» – әскер, «кач», «қаш» – бірнеше, бірқанша, «кесе» – кісі деген сөздерімен (я.ж.у., 142, 55, 67 бб.) үйлеседі. Мұны бірқанша әскер немесе әскери кісі мағынасында түсінуге болады. Черіғқаш-черкаш-шеркеш.
Адай руының аты да жауынгерлік рух ұғымында. «Ата» – сарыұйғырда әке мәнін білдірсе (я.ж.у., 19 б.), «йа» – жебе деген сөз (я.ж.у., 33 б.). Атайа-атай-адай. Бұл жерде әке – қолбасшы ұғымында тұрса керек. Демек, Адай – шабуылшы сарбаздардың немесе садақшылардың қолбасшысы деген мәнді білдірмек.
Беріш руының атында да әскер мәні бар. Сарыұйғырша «пері» – бөрі, қасқыр, «йіче» – аса көп (я.ж.у., 91, 41 бб.). Перійіче-перич-беріш. Бұл жауына қасқырша тиетіндер, көк бөрілер деген ұғымды аңдатады. Беріш – Исатай, Махамбеттер руы. Кіші жүздегі үлкен ру – алшын қарашай тіліндегі алдыңғы, алдыңғы шептегі мағынасын білдіретін алчы сөзінен шыққан. Оған сарыұйғыр тілінде сақталып қалған көне түркінің шығу, көріну, табылу мәніндегі «ун-», «ұн-» сөзі (я.ж.у., 129, 132 бб.) жалғанып, алдыңғы шепте болатындар, алғы шептен көрінетіндер, алғы шептегілер деген ұғымды білдіретін атау пайда болған. Бұл жерде ч дыбысы тіл заңдылығына сәйкес ш дыбысына ауысқан. Демек, алчыұн-алшын – алғы шептегілер деген сөз.
Қыпшақ тайпасының аты сарыұйғырдың «кеп» – көп және «чоғ» – жанған шоқ (я.ж.у., 66, 143 бб.) деген сөздерімен сәйкес келеді. Кепчоғ-кәпчақ-қыпшақ. Әскер қосындарының түнде жанған оттары. Ұлы жүз албан, орта жүз арғын аттарының мазмұны аттылы қауымдар мәніне келеді. Орыс тіліне түркі тілдерінен, соның ішінде татар, башқұрт, чуваш тілдерінен енген сөздер арасында «алван» және одан туындайтын «алвашница» деген сөз бар. «Алван» – ат, жылқы, «алвашница» – атқора дегені (Тюркские заимствования в русском языке. Самара, 1991, 6 б.). Радлов «алман» деген сөзге «аттылылардың, қарақшылардың шайкасы» деп түсінік береді (В.В. Радлов. Опыт словаря тюркских наречий. т. I., 368 б.).
Арғын – көне түркінің «арқун» деген сөзінен шыққан. Ол жабайы жылқы мен үй жылқысының арасынан шыққан жүйрік ат мәнін білдіреді. Албан да, арғын да аттылы сарбаздар, яғни атты әскер мағынасында қолданылған атау деуге негіз бар. Найманның іргелі бір руы матай атауы да атты әскер мәнінен туындаған деуге болады. Қытайша «маа» (мǎ ) – ат, жылқы, аттылы; «дәәй» (duì ) – отряд, команда, бригада, бөлімше, сап. Бұл – атты әскер мәніне саяды.
Кіші жүз керейт, орта жүз атығай аты да аттылы мәнінен шыққан. «Кер» – қарагер, «йұт» – ат (я.ж.у., 67, 45 бб.). Керйұт-керұйт-керейт. «Аттығ» – аттылы, салт атты және «қой» – тәсілқой, епті, шебер, оңтайлы (я.ж.у., 19, 56 бб.). Аттығқой-аттықай-атығай. Арғын бәсентиін руының аты «песон» – елу және «түн» – мұржа (я.ж.у., 90, 125 бб.), яғни түтін деген сөздеріне жақын келеді. Малов «түн» сөзі қытай тілінен енген деп көрсетеді. Қытайша бұл «туәнн» (tún ) делінеді екен. Негізгі мәні: ауыл (деревня); әскери қоныс; шекараны әскери қоныстармен нығайту; әскер қою. Песонтуәнн-пәсентуйән-бәсентиін. Бұл (шекараға қоныстандырылған) «елу түтін» немесе «елу ауыл» мағынасын бермек. Ұлы жүз суан тайпасының аты қытайша «чуаән» ( chuán) – хабарлау, жеткізу, тарату; әңгімелеу, баяндау; хроника, шежіре мәндерін білдіретін сөзінен шыққан секілді. Мұның шекаралық байланыс және шежіреші мәндеріне жақындығы аңғарылады.
Шыңдауыл, ереуіл, бақауыл, шерік, аламан сөздерінің мағынасы не?
Жалпы түрік қауымдары жауынгерлік әскери жүйе бойынша ұйымдасып отырған секілді. Бұған көне заманнан жеткен «шыңдауыл», «ереуіл», «бақауыл», «бүйрекші», «ертәуіл» деген секілді жауынгерлік терминдер куә. Бұл терминдер Мұхаммед Хайдардың «Тарихи Рашиди», Шараф ад-дин Яздидің «Зафарнама» сияқты шығармаларында ұшырасады.
Шыңдауыл – жорықтағы әскердің соңынан жүріп отыратын, жаудың тылдан соққы беруіне тойтарыс беретін отряд болса, ереуіл – алдыңғы әскерге көмекке жіберілетін жеңіл отряд. Негізінен жекпе-жекке шығып айқасатын, ұрыстың тағдырын шешетін осы жауынгерлер. «Ереуіл атқа ер салмай...» дегендегі «ереуіл ат» ұрыс тағдыры шешілетін сәтте ерттелген ат мәнінен туындаған ұғым деуге болады.
Бақауыл – шекарадағы сақшылар. Бұлар шекара арқылы өтетін тауарларға таңба салатын әрі ол тауарлардың жасырын қолды болмауын қадағалайтын топ. Бүйрекші – бүйірден соққы беретін жеңіл отряд. Ертәуіл – дұшпан тылына жіберілетін атты барлаушылар. Көне түрік тіліне тән әскери құрамалар атын білдіретін сү (әскер), шерік (сарбаз), шеру (сап), йелме (атты барлаушылар), йадағ (жаяу әскер), қарауыл (соғыс кезінде оң, сол қанаттағы әскерлердің алдында жүріп отыратын, жау әскерлерімен кездескен жағдайда шартты белгі арқылы хабар беретін отряд), бұраңғар-жоңғар (негізгі әскерден бөлек, өзінше қимылдайтын әскердің оң, сол қанаттары), түмен (он мыңдық қол), түмен басы, мыңдық, мың басы, жүзбасы, он басы деген де терминдер бар. Бұл біздің заманымызға жеткендері. Жетпегендері қаншама... Жоғарыдағы сол қанат мәнін білдіретін «жоңғар» сөзін этникалыық ұғыммен шатастыруға болмайды. Ол «жоңғар» – «шоңғар», яғни кеудеге тағып жүретін будда дұғасы жазылған тұмар (амулет) мәнінен шыққан атау (я.ж.у., 151 б.).
Қазақ жырларында «аламан» деген сөз ұшырасып отырады. Рашид-ад-Динде «Жошы Хасардың балалары үш аладан үлкен армия құрған еді» деген жолдар бар. Мұндағы «ала» сөзі полк мәнінде айтылған (бурят-монғол тілінде «ал» – рота, эскадрон; Анадолы түріктерінде полк «алай» делінеді). Осы «ала» сөзіне «ман» деген ұлғайту афиксі жалғанғанда «аламан» термині келіп шығады. Бұл әскер, қол деген ұғымды білдірмек. «Аламанға дем берген, Азды көпке теңгерген» («Қобыланды батыр»); «Аламанға жел бердік, Аса жұртты теңгердік» (Махамбет); «Ер жігіт шауып шеп бұзбас Айқайлап ұран шаппаса Аламаны шулап артынан» (Ақтан Керейұлы) деген жыр жолдары осыған куә. «Алаш» атауы да осы «ала», «аламан» сөздерінен туындаған, яғни әскер, қол мәніндегі термин деуге болады. «Ала» – полк болса, «шы» жұрнағы оны, яғни әскери топты құраушы мәнін білдірмек. Алашы-алаш. Соңғы дауысты дыбыстың айтылу барысында түсіп қалуы бұл жерде заңды құбылыс. Ал «алты алаш» дегендегі «алты» сөзі – алчы сөзінен шыққан. Алчы – жоғарыда айтылғандай, қарашай тілінде алғы шептегі; алдыңғы деген ұғымдарды білдіреді. Бұл орыс тілінде авангард, передовой деген сөз. Яғни гвардия. Сөздікке сүйенер болсақ, «авангард – негізгі әскери күштің қарсыласқа қарсы ілгерілегенде алда жүретін бөлімі, тобы». Гвардия – іріктелген, үздік әскери бөлімдер; істе сыналған үздік ұжымдар, топтар; ұландар (жастардың алдыңғы қатарлы белсенді тобы). Алчы дегендегі ч дыбысы т және ш деген екі дыбыстың қосындысынан тұратыны мәлім. Соның айтылу барысында ш-сы түсіп, т-сы қалған да, «алты» сөзі пайда болған. Яғни бұл жерде «алты» сөзі авангард, гвардия ұғымын беріп тұр. Мұны ежелгі аккад тілінің «altu» (алту) – қуатты, күшті деген сөзімен де салыстыруға болады.
Кіші жүз алаша руының аты алашы, яғни әскери топ құраушылар мәнінен шыққан. Бұл ру таңбаларында көне түрік бітігіне ұқсас «сү» – әскер дегенде келетін «с», алаш дегенде келетін «л», «ш» таңба-әріптері бар.
Ру-тайпа аттарының бәрі адамның есімдері емес
Көріп отырғанымыздай, ірі ру-тайпа аттарының бәрі адамның, жеке бір атаның есімдері емес. Қауымның және олардың түрлі мақсатта атқаратын қызметтеріне қатысты атаулар. Көпшілігінің таңбалары көне түркі руникасындағы ар, ер (батыр) дегенде келетін «р», әскер мәніндегі «сү» дегенде келетін «с», от дегендегі «т» әріптерімен сәйкес. Адай руында «жебе» таңбасы бар. Ол көне түркіде оқ мәнін (сарыұйғырда «оқ» – садақ ұғымында) білдіреді. Найманның «бақан» таңбасы көне түркі жазуы бойынша «іл» деп оқылады. Ол «ел», яғни тайпа, ру деген сөз. Бұл таңба өзге де бірнеше тайпа таңбаларында ұшырасады.
Әңгімені осы жерден тұжырымдауға да болар еді, бірақ, өзге де негізгі ру-тайпа аттары назардан тыс қалып бара жатқандықтан, оларды да қосып көрсетуге мәжбүрміз. Солардың бірі – жалайыр. Бұл сарыұйғырдың «йола» – шырақ, шырағдан және «ер» – ер адам (я.ж.у., 40, 26 бб.) мәніндегі сөздерімен үйлеседі. Йолаер-йалайыр-жалайыр. Яғни жол көрсетуші ер адам. Бұл сарыұйғыр тілінде «йағлаққар» («яғлаққар») дәрежесіне дейін өзгерген. Ол мұнда қазақтың «төре» руы сияқты орында тұрады. Аталмыш ру өкілдері өздерін «жолы үлкендер» ретінде санайтындығын «яғлаққармыз» дегенді мақтанышпен айтатынынан-ақ айқын аңғарылады. Қазақта «жалайыр» да «жолы үлкен» ру саналады. Ұлы жүз қаңлы руының аты көне түрік сөзінен (qaŋlï) шыққан. Бұл пәуеске арба, жүк арба, екі аяқты күйме арба (колесница) мәндерін білдіреді (Древнетюркский словарь. Л., 1969). Осыған орай сөздікте бірнеше мысал келтіріледі. Ұлы жүз сиқым, жаныс, шымыр руларының аты да тәңірлік дінмен қатысты шыққаны аңғарылады. Қоңыратқа қарасты маңғытай руының аты сарыұйғырдың «маңғырт ті» – салтанатты сөз сөйлеу (я.ж.у., 75 б.) мәніне жақын. Маңғырт ті-маңғы(р)ттей-маңғытай. Бұл ділмар, шешен дегенге саяды. Найманның мардан руы аты да сарыұйғырдың «мардан» – ділмар, шешен (красноречивый; я.ж.у., 75 б.) деген сөзінен шығып тұр. Садыр – парсының сәдр (صدر) – басшы, төраға деген сөзімен сәйкес келеді. Кіші жүздің таз руы сарыұйғырдың «тоз» – тура(шыл), сенімді (прямой, верный; я.ж.у., 120 б.) деген сөзінен шыққандығы байқалады. Тоз-то(а)з-таз. Шекті – сарыұйғырша «чіге» – қымыз (я.ж.у., 142 б.) сөзін еске салады. Чігеті-чегті-шекті. Қымызды қауым дегені. Бұл жерде «ті» – иелік мәнін білдіретін жұрнақ қызметін атқарып тұр.
Жағалбайлы руының аты сарыұйғырша «чағла» – өмір сүру, тіршілік ету және «пайы» – баю (я.ж.у., 139, 85 бб.) мәніндегі сөздерімен үндеседі. Чағлапайы-чағалпай(л)ы-жағалбайлы. Бұл байлықпен өмір сүретіндер дегені. Байбақты руының аты да байлыққа қатысты туындаған. «Пай» – бай, «поқ» – күш (я.ж.у., 86, 93 бб.). Пайпоқты-байбақты. Яғни бай-қуатты. «Ты» – иелікті білдіретін жұрнақ. Табын – қытайша «таа» ( tā) – ол және «бәнн» ( běn) – біздікі, өзіміздікі (наш), яғни «олар – өзіміз» деген ұғыммен орайласады. Тама руының аты сарыұйғырдың «тамар» – көп, аса көп (я.ж.у., 111 б.). деген мәндегі сөзіне жақын. Тамар-тама(р)-тама. Бұл ұйғыр тілдес қауымдар тарапынан қойылған ат болуы мүмкін. Ұйғыр тілінде «р» дыбысының айтылмай қалу жағдайлары ұшырасып отырады. Кердері аты «кер» – тостақ және «терә» – тері (я.ж.у., 66, 118 бб.) сөздерінен шыққан. Бұл «тері тостақ», «көнек» мәнін білдіреді. Ертедегі қымыз ішетін, бие сауатын ыдыстар. Қаракесек руының аты көне түріктің «қара» – бұқара, халық және сарыұйғырдың «кісек» – бөлім, бөлік, бөлімше (я.ж.у., 68 б.) деген сөздерімен сәйкеседі. Қаракісек-қаракесек. Бұл ру ұраны «Қарқабат» қыздың аты делінеді. Сарыұйғырша «қарқ» – мұрын, «ава» – әке (я.ж.у., 53, 40 бб.). Қарқава-Қарқаба – Мұрын әке деген сөз. «Т» – көптік жалғау. Сонда бұл «Мұрын аталар» мәнін бермек.
Жалпы, ру, тайпа дегеніміз әуел баста қандастық бірлестік емес, тілдік, дәстүр-салттық және әскери-жауынгерлік бірлестік болғанын біле жүргеніміз абзал.
Әбілхан ӘБІЛАСАНҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі














