«Шипагерлік баян» ХV ғасырдың туындысы

«Шипагерлік баян» ХV ғасырдың туындысы

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы (1388-1473) өмір сүрген ғұлама ғалым, қараүзген шипагер. Ол 1472 жылы Әз-Жәнібек хан тұсында, хан жарлығымен «Шипагерлік баян» атты кітабын Әл-Құз Ордада жазып бітірген екен.  Кітапты 1466-1473 жылдар жазып болып, әне-міне, Әз-Жәнібек ханға тапсырғалы отырғанда қаланы жау шауып, хан қаза болып, халық күйзеліп, ел басына күн туады. Ханға берген уәдесі орындалмаған жиһанкез емші, бар қолжазбасын қоржынына салып атамекені Жетісу жеріне қайтыпты. 

«Шипагерлік баянда» өсімдіктерден алынған 728 түрлі, жан-жануарлардан алынған 318 түрлі, метал-металиодтардан алынған 60 түрлі, жиыны 1108 түрлі шипалық қасиеті бар емдік дәрілер жазылған. Адам денесіне байланысты анатомиялық 430-дан аса атау беріліпті. Кітапта 1050 түрлі дәрінің аты, 4577 емдеу рецепті айтылады. Әне сол кітап ұрпақтан ұрпаққа аманат етіліп, бірден бірге өтіп, 30 атадан кейін біздің заманымызға жетіпті. Кітапта қолданылған сөздер біздің бүгінгі қолданыстағы сөздерімізден мүлде басқаша. Бұл бізге жетінші рет көшіріліп, жетінші рет өз заманына лайықталып аударылып жеткен нұсқасы. Егер әуел бастағы жазба сол күйінде еш аударусыз, қаз-қалпы жеткенде мүлде қиындық туындайтын еді. Кітапты 1827-1828 жылдар Бұршақ би деген кісі бесінші рет, 1952-жылы Түменбай Станбайұлы алтыншы рет көшіртіпті. 1968-жылғы өрттен кейінгі қалған нұсқасын 1991 жылы Нұртай Түменбайұлы жетінші рет көшірген екен. Алтыншы реткі көшіру барысында күрделі тұстары, бәйіттер (өлең-жырлар) аударылмай қалғаны айтылады. Тағы бір жағынан көшірілген кезде дәл сол тұстағы халықтың тіліне жақындатып аударып отырған. 

Сонсоң назар аударатын нәрсе, қолжазбадағы сан-цифрлар денеміздегі мүшелердің атымен жазылған. Ол кезде рим цифры мен араб цифры бола тұра 

қазақы таныммен реттік нөмірлерді қойып жазудың өзінде өзгешелік бар. Мысалы бір дегеніміз ауыз, немесе мұрын. Екі – көз, Үш – көз-мұрын, немесе көз-ауыз. Төрт – көз құлақ. Бес – оң қол. Алты – қол-ауыз немесе қол-мұрын. Жеті – қол-көз. Сегіз – қол көз-мұрын, не қол көз-ауыз. Тоғыз – қол көз құлақ немесе қос қол кем ауыз. Он – қос қол... Міне, осылайша кітаптың тарау, параграф, бөлімдері осы ретпен таңбаланып отырады. Кітаптың баспа бетін көргенге дейін заманымызға жеткені 1095 парақ қағаз ғана екен. Арасынан өртенген, қолды болған беттерінің саны бойынша есептеп шығарғанда 3655 беттік жазба жоғалыпты. Осы бойынша салыстырып, есептеп көрсек «Шипагерлік баян» қолымыздағы кітаптай 8 кітап болатыны белгілі.  «Шипагерлік баян» бір ғана медициналық ғылым емес. Онда тіл, мәдениет, тарих, философия, психология, астрономия, этнография, этика, ахлақ ғылымдарын қамтиды. Бұлардың әрбіреуі зерттеуді қажет ететін үлкен сала. Әр саласын қолына алатын өз мамандары бар. Бізге жақын болып тұрғаны кітаптың тілі мен әдебиеті. Басқаны былай қойғанда кітаптың кітап болып тұруы тіл арқылы іске асады. Тұтастай алып қарағанда қолжазба әдеби шығарма. Ол өз заманына тән сипатпен жазылған мәтіндерден тұрады. Ең әуелі шығармадағы қолданылған тіл, сөз-сөйлемдердің құрылымын, жүйесін анықтай алсақ оның тарихи құндылығына табан тірей аламыз. Мен жоғарыда айтқандай, ғалымдардың зерттеуі бойынша кітап жазылып бізге дейінгі 5 ғасыр ішінде 7 рет көшірілген екен. Кітапты көшірушілер өз дәуірінің адамдары түсіне алатын сөйлемдер мен баяндау тәсіліне ылғида бейімдеп отырғаны айтылыпты. Ендеше қолжазба бізге барынша жақындатылып ыңғайланғаны көрінеді. Соның өзінде бүгінгі күндегі адамдар кітапты салған жерден оқып кете алмайды. Сондықтан да өтейбойдақтанушы, зерттеуші Шаяхмет Қалиұлы кітапты бастан аяғына дейін сүзіп шығып, «Шипагерлік баян негізіндегі ескірген сөздердің түсіндірме сөздігін» жасап, 140 беттік кітап етіп шығарды. Бұл кітаптың жасалуының өзі кітаптың біздің дәуірімізден бұрын жазылғанын көрсетеді. Сөздік арқылы кітапты оқуға мүмкіндік жасалып отыр. Шынында да осыдан 175 жыл бұрын туған Хәкім Абайдың шығармаларын оқып тұрып көптеген түйткілдерге жолығамыз. Ал, 500 жыл бұрынғы кітаптың кәдімгідей мүдіртетіні белгілі. Кітапты оқу барысында оған біздің көзіміз жетті. 

Мысалы «Тіктеуікпен құдима қазғандай» деген мәтелдің бүгінгі түрі «Инемен құдық қазғандай». «Жардай болып жатуын қара» деген сөздің арғы жағында «Түйенің бір өркештісі нар, екі өркештісі жар» екенін білдік. «Жылым – Иіртек» деген сөзден оның туған жылы «Иіртектің – Ұлу» екенін түсіндік. Тіліміздегі «Сумаңдамай тыныш отыр» деген сөздің ішіндегі «Сумаң» деген атаудың «Жыланның» ежелгі аты екенін аңғардық. Осылайша тілдік қорымызда мағынасы қалған, бірақ өзі өзгеріп кеткен атаудың төркінін таныдық.    

Төменде кітаптан бір-екі мәтін алып талдау жасап көрелік. 

 

Ақ орда ханы Жәнібек Әздің жарлығы

Күллі Алаш ұранлы қазақ қараша бұқараларымның өздерінің және ұрпағының мінсіз бітістік болмағы шарты үшін:

Ауыз. Жат төселмелік жат ниет, бәт қылық бүгіннен бастап тиым болмағы шарт жарағы. Агаракім көзге шалынса, қара маңғаз артынша мінгізіліп, өртелмелік қалма әлпетіне жақпалулық, жаға жұрт көрмелік істемек шарт. 

Көз. Жеті атадан ілгері қыз алысқандар бүгіннен бастап болмауы шарт жарағы. Агар олай болса, болғанына көз жетсе, жұбайларды тең бас қылыштамақ шарт.

Көз мұрын. Беттен сүйетін жат қылық бүгіннен бастап тиым. Және Аллалық шала жаралымнан басқа науқастар әрқандай пенде баласына тиым. Және Аллалық шала жаралымнан басқа науқастар әрқандай пенде баласына болсада тостағанның шетін тістетпеуі шарт. Агар айқын ұғыныстылық болса, елу қамшы дүрелемек жарағы. Оған сұрам жоқтығы айқындылық. Әшкере қарсыласқан адамның өзі кім болса да жер үймек» (Қытайда басылып шыққан нұсқасы 11-бет).

Осы мәтіндегі Ұранлы – Ұранды. Бітістік – Өсуі, Қалыптасуы. Ауыз – Бірінші. Жат төселмелік – суық жүріс. Бәт қылық – Ұятсыздық, арсыздық. Маңғаз – Сиыр. Артынша – Теріс қаратып. Өртелмелік қалма – қара күйе. Әлпетіне – бетіне. Жаға жұрт көрмелік – Ел аралату. Көз – Екі. Бас қылыштамақ – Басын шабу.  Көз мұрын – Үш. Тостағанның – Ыдыстың, кесенің.  Ұғыныстылық – Дәлелі, куәлігі. Сұрам жоқ – Сұрақ жоқ, іздеусіз. Жер үймек – өлімге үкім ету, өлтіру. 

Сонымен жоғарыдағы мәтін бүгінгі сөзімізбен айтқанда былай болып шығады.

 

Ақ орда ханы Әз-Жәнібек жарлығы!

Күллі Алаш ұранды қазақ қараша бұқараларымның өздерінің және ұрпағының мінсіз өсіп жетілуі үшін:

Бірінші, Суық жүрісті жат ниет, арсыз, ұятсыздыққа бүгіннен бастап тиым салынсын! Егер көзге түсіп әшкереленсе, қара сиырға теріс мінгізіп, бетіне қара күйе жағып, ел аралатып масқаралау керек.

Екінші, 7 атаға толмай қыз алысқандар бүгіннен бастап болмауға тиіс. Егер қыз алысқандар көрінсе, оған көз жетсе, қосылып алған жұбайлардың басы шабылсын!

Үшінші, Беттен сүйетін жат қылық бүгіннен бастап тиылсын! Алла жаратқанда мүгедек болғандардан басқа науқастарға тиым салынсын! Жаратылысы мүгедек пенделерден басқалары бір ыдыстан тамақ ішпесін! Егер бір ыдыстан дәм татқаны белгілі болса, елу қамшы дүре соғылады. Оған еш сұрақ жоқ. Әшкере қарсыласқан адам болса кім болғанына қарамастан өлім жазасына үкім етіледі»

Тағы бір мысал: «...Өзектік, өңездік тілдердегі құт рай аңғақ соғымы құбылымы тақілетті құбылымдар болса да, негізінен етектеуіштік болмақ. Әрі сырқаттық мәнніл түйіндемелерінде көрнекі әйгілімделмек»  (қытайда басылған нұсқасы бойынша 261-бет)

Өзектік – Тіл. Өңездік – тілдің беткі қабығы. Құт рай аңғақ соғымы – Тамырдың соғу райы. Құбылымы – өзгерісі. Тақылетті – сондай, сол секілді, жағдайы. Етектеуіш – жалғасты, жайылуы. Мәнніл – пайда болған, мәні. Әйгілімделмек – көрінбек, білінбек, айқындалмақ. 

Сонда бұл шағын мәтіннің аудармасы: 

«Тілдің және тілдің бетіндегі жұқа қабатының өзгерісі тілдегі тамырдың ағысындағы құбылған өзгерістің нақты белгісі.  Бізге көрінген әлпеті болмақ. Бұл сияқты тілдегі өзгеріп тұратын құбылыстар, әрбір түйіндегі нақты белгі жалғасты түрде сырқаттың мәнін, аурудың жағдайын  әйгілеп көрсетеді».

Мінеки «Шипагерлік баяндағы» тұтас мәтін осы тақылеттес сөйлемдер мен баяндаулардан тұрады. Кітапты оқып отырып сол XV ғасырдың кезіндегі ұлы даланы мекен еткен қазақ деген халықтың сөйлеу тілін, ойын жеткізудегі жазба тілін аңғаруға болады. Тұтас еңбек бүгінгі күнге еш қатысы жоқ, осыдан 500 жыл бұрын хатқа түскен шығарма екені даусыз. Ең әуелі кітапты толық оқып шығып, әр бетіне, әр сөйлеміне назар аударғанда ғана шындыққа көз жеткіземіз. 

Кітап осыдан 28 жыл бұрын алдымен Қытайда басылды («Шынжаң ғылым-техника, денсаулық сақтау баспасы», 1994 ж). Кейін Дүкен Мәсімханұлы мен Құл-Керім Елеместің төте жазудан крильге көшіруінен кейін Қазақстанда Бексұлтан Нұржеке тарапынан «Жалын» (Алматы «Жалын» 1996) баспасынан жарық көрді. Бірақ, сол кезде кейбіреулер кітапты оқымастан байбалам салып, «Бұл жалған кітап, қолдан жасалған» деп даурықты. Сол қауесеттің зардабы күні бүгінге дейін салқынын тигізіп, кітаптың толыққанды зерттелуіне нұқсан келтіріп келеді. Қазақстанда «Мәдени мұра бағдарламасы» бойынша әлемнің түкпір-түкпірінен архивтерден іздеп кітаптар жинады, деректер іздестірілді. Бізге қатысты бірер сөйлем болса да, ат басындай алтын тапқандай қуандық. Алайда «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деп «Шипагерлік баянға» назар аударған жоқ. Себеп үшеу: біріншіден, «Жалған» деген сөздің өрті бірталай жерді шарпып кетті. Көп жерде немкеттілік танытады. Екіншіден, бұл кітапқа екінің бірінің тісі батпайды, оқи алмайды, оқыса ақылы жетпейді. Үшіншіден, Қытайдағы «мәдениет төңкерісінің» кезінде 1968 жылғы кітаптың өртелуі. Содан қалған қолжазбаның сегізден бір бөлегі шығарманы толыққанды зерттеуге кедергі келтіруде. Дей тұрғанмен, қолдағы бар нұсқасының өзі, бір академияның жұмысына жететін қомақты қазына. Шығыстағы қытай елінде «Шипагерлік баян» кітабы кең көлемде зерттелуде. Қытай тіліне аударылып нәсиқаталып жатыр. Ондағы медицинаға тән тараулары ғылыми зерттеудің қайнар көзі ретінде пайдалануда. Қазақ медицинасы ретінде қарастырылып жатыр. Ал Қазақстанда бұл жағынан кенже қалдық. 

 

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, Республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы
14.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1036
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7084
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10934
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7151
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7294