Әрине, біз айтылған мәселеге анық көз жеткізу үшін аталған аумаққа бардық. Осындағы екі мектептің алдындағы орталық көшесі ғана жарықтандырылған, өзге көшелер расымен де түнгі қараңғылық құшағында. Бізге хабарласқан Жансая Серікбаева қараңғылық пен мектеп алдындағы көшенің тарлығынан көршісінің баласын екі кештің арасында көлік қағып кеткенін айтып, өз балалары үшін де қатты уайымдайтынын жасырмады.
– Осы Шөлдалаға 2007 жылдан бастап ең алғаш көшіп келгендердің бірімін. Содан бергі уақытта ауылымызға қоныстанып келушілердің қатары көбейіп жатыр, бір мектебіміз қазір екеу болды. Бірақ, сол мектептерде балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген. Мектептің алдындағы жол өте тар. Кешкісін сабақ аяқталар уақытта көлігімен келген мұғалімдер бар, балаларын алып кетуге келген ата-аналар бар, мектептің алдындағы жол ығы-жығы күйге түсіп, көлік те, бала да сыймай кетеді. Қыс айларында тіптен, қар мен қатқан мұзға тайғанақтап, тар көшеде жүру қиын. Жолдың екі жағында ешқандай да жаяу жүргінші жолы (тротуар) жоқ. Мектеп ашылғалы бері де бірнеше жылдың жүзі болды, әлі жаяу жүргінші жолы салынбады. Мектеп ашылмай тұрып, неге алдымен балалардың қауіпсіздігі қарастырылмаған? Міне, жақында ғана көршімнің баласы мектептің қасындағы үйінен дене шынықтыру сабағына кроссовкасын алуға үйіне келіп, мектепке асыға жүгіріп шыққан. Сол сәтте 50-60 жылдамдықпен келген көлік баланы қағып, аяқтарының сүйегі мыжылып қалған, – деді Жансая Абдуллақызы.
Алайда, біз Шөлдалаға барғанда дәл сол бала оқиды деген №59 мектептің инспекторы ондай жағдайдан бейхабар екенін жеткізді. Бәлкім, естімей қалған болар дейін десек, баланы көлік қаққан сәтте ата-аналардың whatsapp желісіндегі тобына жазылған, бәрі хабардар етілген. Яғни, мектеп инспекторы Әділет Қуатұлының бұл жауабы жауапкершіліктен қашу ма әлде қызметтік міндетіне жүктелген сенімді сезінбеу ме?
Жібек жолы ауданы 2-аумақтық округтің бас инспекторы Жарас Алтынбековтен «Шөлдаладағы мектепке баратын балалардың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?» деген сұрағымызға «Мектеп инспекторы барлық уақытта осында болады, оқушыларды күтіп алып, сабақ аяқталғанда шығарып салады» деген болатын. Дәл осылай сенім жүктелген мектеп инспекторы да мектептің алдында 3-сынып оқушысын көлік қаққанынан бейхабар екенін айтты бізге. Инспектор бұл қызметіне жақында ғана кіріскен екен. Оқыс жайттан хабарсыз болғаны содан да болар деген ой келді.
– Баланы көлік қаққан сәтте бәріне белгілі болды, тіпті жедел жәрдем келіп, ауруханаға жеткізілді. Балалар ауруханасында ота жасалды. Менің 5 жасар балам мектепке өзі барып, өзі келеді, себебі азаннан кешке дейін жұмыстамыз. Ал, мектепте балаларды инспекторы күтіп алып, шығарып салғанын көрген емеспіз. Ол түгілі мектеп алдындағы тар жолдағы абыр-сабыр боп жататын көліктерді реттеу де қолға алынбайды. Егер сол жерге қатаң ескерту жасалса, сол маңға жақындағаннан-ақ көлік жүргізушілері де жылдамдықты азайтып, барынша сақтанар еді ғой, – деген Жансая Серікбаева мұндағы басқа да мәселелерді жайып салды.
Мұнда балалардың бос уақытын тиімді пайдаланып, спортқа баулитын үйірмелер жоқ екен. Сондықтан, сабақтан тыс уақытта жеткіншектер көшеде жиналып, ересектердің қадағалауынсыз қалатын көрінеді.
– Балалар ештеңемен айналыспай бос жүрсе не істейді, әрине, бір-бірімен күштері бойларына сыймай, ерегіседі, төбелеседі. Біз балаларымыз бос уақытында айналысатын спорттық үйірме жоқ десек, әкімдіктегілер Құмшағалдағы спорт кешенін алға тартады. Жуырда сол кешеннен жаттығудан шығып, жол бойында такси тосып тұрған екі баланы көлік қағып, біреуі тіл тартпай кетсе, екіншісі мүгедек болып қалды. Тіпті, олар жолдың шетінде тұрғанның өзінде жолдағы бөгеттен қашқан көлік жүргізушісі жиектегі екі баланы қағып өткен. Ол көліктің жүргізушісі де жас бала екен. Соны естіп отырып, қалай үйімізден алыс орналасқан спорт кешеніне баламызды жібереміз? Ауыл тұрғындары жиналысқа қатыспайды деп кінә тағады бізге, берілген уәде уақытында орындалмаса, барып неғыламыз? Мен осында үй салып, орналасқалы бергі көргенім – жалғыз ғана жолға тас төсеп, тегістегендері. Ол төселмеген кезде қар-жаңбырдан лайланып, аяқ алып жүру қиын болатын, бұған да шүкір, әрине, – дейді балаларының амандығы үшін шырылдаған ана.
Ал, осы аумаққа жауапты бас инспектор Жарас Алтынбеков мектеп алдындағы орталық көшеге жаяу жүргінші жолын салуға биыл қиыршық тас төселетінін айтты.
– Бәрі жоспар бойынша жүзеге асырылады. Биыл Шөлдаладағы барлық көшеге қиыршық тас төселеді, содан соң жаяу жүргінші жолы да салынып қалады. Ал, түнгі жарықтандыруға келсек, қазір Шөлдаладан және Құмшағалдан электр қосалқы станция салынып жатыр, солардың құрылысы қалай аяқталады, сол кезде көше жарықтары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Жоспар бойынша электр қосалқы станцияның құрылысы мамыр, маусым айларында аяқталуы керек. Балалардың қауіпсіздігі үшін әр мектепке бір-бір учаскелік инспектор бекітілген. Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін Құмшағалдан Мәдениет үйі салынып жатыр, Балалар шығармашылық орталығы да ашылды, – дейді Жарас Әбдірайымұлы.
Шөлдалалық тұрғындар айтып отырған мәселенің шешімі алдағы уақыттары болуы мүмкін, жоспар бойынша. Ал, әзірге ата-аналарға балаларын үйден шығармай, мектеп, балабақшаға өздері жетектеп апарып-әкелуге тура келеді. Алайда, ойын баласын үйде қамап ұстап отыру мүмкін бе? Ал, азаннан кешке дейін жұмыста жүретін ата-аналардың балалары қайтпек? Бұл сұрақтардың жауабын Тараз қалалық әкімдігінен күтеміз.