Шорт-тректен Бейжің Олимпиадасының 500 метр қашықтықтағы финалы өз мәресіне жетті. Аталған қашықтықта ел намысын қорғаған Абзал Әжіғалиев венгриялық Шаоань Лю, ресейлік Константин Ивлиев, канадалық Стивен Дюбуа және италиялық Пьетро Сигельмен сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша жерлесіміз төртінші орыннан көрінді. Бұл шорт трек бойынша Қазақстан тарихындағы тарихи жеңіс деуге болады, өйткені, бұрын-соңды қысқы Олимпиада ойындарында еліміздің бірде-бір спортшысы шорт тректен мұндай жоғары көрсеткішке қол жеткізбеген болатын. Абзал Әжіғалиев 1992 жылдың 30 маусым күні Орал қаласында дүниеге келген. Шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2011 жылы Алматы қаласында өткен қысқы Азия ойындарында командалық сында 5000 метрлік қашықтықта қола жүлдеге қол жеткізді. 2016 жылы АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен әлем кубогы кезеңінде топ жарды. Сонымен қатар 5 шақырымдық эстафетада қола жүлде жеңіп алды. 2017 жылы Алматы қаласында өткен дүниежүзілік қысқы Универсиадада 500 метр қашықтықта күміс медаль алды. Ал 5000 метрлік эстафетада Қазақстан құрамасы үшінші орыннан көрінді. Қазіргі уақытта халықаралық конькишілер одағының рейтингінде Абзал Әжғалиев 500 метрге жарысатын спортшылар арасында 3-і орында тұр.