Спорт саласының бағындырар биігі көп

Спорт саласының  бағындырар биігі көп

Төрткүл дүние көз тіккен кешегі әлемдік дода – олимпиада ойындары еліміздің спорт саласында үлкен өзгерістер қажет екенін айқын аңғартып кетті. Әрине, спортта баппен бірге бақтың да қатар шабатыны түсінікті. Бәлкім, биылғы сайыста отандастарымыздың бағы жанбаған болар, бірақ, бұл ешқандай да сылтауға себеп болмайтыны сөзсіз. Бізге сылтау емес, нақты нәтиже берер жұмыс керек.

Әрине, спортшылар ірі жеңістерге жету үшін ең алдымен оларға жан-жақты жағдай жасау өте маңызды. Осыны ескерген Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыстың спорт саласына айрықша көңіл бөліп отыр. Түркістан қаласында салынып жатқан заманауи үлгідегі спорт нысандары осы сөзімізге дәлел бола алады. Жуырда облыс басшысы Түркістан қаласындағы 20 гектар жерде орналасқан «TURAN» футбол академиясының құрылыс алаңында болды. Мұнда спортшыларға Еуропаның үздік клубтарына сәйкес жағдай жасалмақ. Жаңа кешенде үлкен және шағын 10 футбол алаңы болады. Академия допинг-бақылау кабинеттерімен, 300 орындық қонақүй, спортшыларға арналған монша, 3 мейрамхана, мәжіліс залдары мен медициналық, массаж кабинеттері, кір жууға арналған жеке блок және ас үймен жабдықталған.

Облыс орталығында бой көтеріп жатқан су кешенінің құрылысы қарқынды. Жалпы ауданы 100 гектарға жуық алаңда орналасқан су спорты кешенінде ұзындығы 2,5 шақырымға созылатын су арнасы болады. Қазіргі таңда 2 млн. м3 су жинайтын канал қазылып, бетондалған. Құрылыспен бірге кешеннің айналасын абаттандыру жұмыстары да қатар жүріп жатыр. Құрылыс барысын өз көзімен көрген Өмірзақ Естайұлы «Түркістанда салынып жатқан жаңа үлгідегі спорт кешендерінде кез келген спорт түрімен айналысуға жағдай жасалады. Спорт – адам өмірінің ажырамас бөлігі болуы керек. Спортпен айналысатын адамның бойында табандылық қасиет қалыптасады. Рухы биік, жігері асқақ болады», – деп атап өтті. Бұйыртса, халықаралық талаптарға сай салынып жатқан кешенде келесі жылы-ақ жоғары деңгейдегі жарыстар ұйымдастыруға мүмкіндік ашылмақ. Халықаралық дәрежедегі ескек есу жəне байдарка спорты бойынша олимпиадалық стандартқа сай орталықта қонақүйлер, бассейн, эллинг, каноэге арналған пирстер, көрермендерге арналған жай, көпірлер салынады. Спорт кешенінде сапбординг, су шаңғысы, флайбординг, вейксерфинг, канополо, драгонбот және жағажай ойындар футболы, волейбол, гандбол, регби секілді су және жағажай спортының танымал түрлерінен сайыстар өтеді.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Түркістан қаласында, сондай-ақ, «Теннис орталығы», Олимпиадалық резерв мектебінің әкімшілік ғимараты мен жатақханасы, Б.Саттарханов спорт мектебі, «Ат спорты кешені», «Мұз айдыны» секілді жаңа спорт нысандары салынуда. Облыс әкімінің тікелей бақылауымен бой көтерген әлемдік стандарттарға сай мұз айдыны 1200 адамға есептелген. Жаңа нысандар келер жылы ашылады. 35 гектар жерде орналасқан ат спорты кешенінде Поло-клуб, манеж, стендтік атысқа арналған алаңқай, садақ атуға арналған алаң, канал арқылы өтетін көпір мен атпен серуендеу аймағы салынады. Иә, бұл оймен ғана қуалап жететін қиял емес, жақын болашақта іске асырылатын жарқын істердің бір парасы.

Спорт тақырыбын әрмен қарай тарқатар болсақ, жуырда әлемдік додадан олжалы оралған жерлестеріміздің үлкен жеңісін мақтанышпен айтуға болады. Нақтырақ айтқанда, Татарстанның Мамадыш қаласында өткен белбеу күресінен жасөспірімдер арасында әлем чемпионатына әлемнің 12 елінен ең талантты деген тəжірибелі балуандар қатысты. Осы додада Қазақстан ұлттық құрама командасының құрамында болған 9 түркістандық спортшының екеуі алтыннан алқа тақса, біреуі күміс медальға қол жеткізді. Атап айтқанда, боз кілемде талантымен танылған түркістандық 85 келі салмақта өнер көрсеткен Асылжан Кәрім мен 95 келідегі жерлесіміз Алмас Темірбай чемпион тұғырына көтеріліп, көк байрағымызды көкте желбіретті. Олардың бапкерлері – Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Қуат Байқожаев. Сонымен қатар, əлем чемпионатында еліміздің намысын қорғаған облысымыздың талантты балуан қызы Ақбота Қыдырәлі 63 келіде сынға түсіп, күміс жүлдегер атанды. Кентау қалалық Б.Саттарханов атындағы №1

БЖСМ-нің шәкірті, 2005 жылы кіндік қаны осы кенді қалада тамған Ақбота бұған дейін де бірқатар белестерді бағындарған. Атап айтқанда Түркістан облысының бірнеше дүркін жеңімпазы атанып, ҚР чемпонатында күміс жүлдені иеленсе, 2021 жылы Өзбекстан Республикасында өткен Азия чемпионатында қола жүлдені жеңіп алған. Бүгінде спортшы қыз Кентаудағы № 10 жалпы орта мектебінде 10 сыныпта оқиды. Оның жаттықтырушылары Самат Аргинбаев пен Қанат Арғымбаев спортшы қыздың болашағынан мол үміт күтуге болады деп пікір білдірді.

Конкур спортынан Алматы облысы Талғар ауданында өткен Əлем Кубогінің Еуразия лигасында Қазақстан құрамасы командалық жарыста бас жүлдені иеленді. Міне, осы додада да Ұлттық құрама сапында түркістандық өрендердің қатары көп болды. Конкурдан əлемнің ең үздік спортшылары бас қосқан Еуразия лигасына Түркістан облысының ұлттық спорт түрлері мектебінің талантты шəкірті Шыңғыс Маликаждар Таймас атты сəйгүлігімен 125 сантиметр биіктіктегі кедергіден секіруде жекелей сында күміс жүлдені иеленді. Бұдан басқа қашықтықтарда түркістандық Ғани Аян мен Равиль Тұрсынов, сондай-ақ Шыңғыс Маликаждар бұл додадан алтын медаль иеленді. Бұған қоса жуырда Түркістан облысының ұлттық спорт түрлері мектебінің ізбасарлары Ресейдің Мəскеу қаласында өткен конкурдан халықаралық жарыстан жүлделі оралды. Дүбірлі додада болашағы жарқын Шыңғыс Маликаждар қола жүлдегер атанды. Түркістандық конкуршы жарыстың екінші күнінде 130 сантиметр биіктікке қайта секіруден жүлдеге ие болды.

Соңғы кезде облысымызда жастар арасында əлемдік деңгейде қарқынды дамып келе жатқан конкур спортына қызығушылықтары артып келеді. Бұл туралы туған елге олжамен оралған спортшыларды қабылдап, оларға сый-құрмет көрсеткен жиында облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғани Ахметбаев айрықша айтып өтті. Спорт мамандарының айтуынша, конкур спорты олимпиада ойындары мен халықаралық əлемдік жарыстарда жанкүйерлері көп əрі өнердің шыңын бағындыратын спорт түрі саналады. Қазір түркістандық бапкерлер мен спортшылар халықаралық тəжірибеге сай бұл спортты дамытуда жаңа бағдарламалармен жұмыс істеуде. Осылайша, сүйгүлікпен тамаша өнер көрсететін конкуршылар талай əлемдік аренада жеңістерге жетуді мақсат етеді.

Түркияның Адана қаласында жекпе-жектің джиткундо түрінен өткен әлем біріншілігінде Түркістан облысы, Келес ауданының өрені Нұрболат Ақылбек бақ сынап, чемпион атанды. Жерлесіміз аталған спорт түрінен 22 жылдан бері бір салмақпен екі профильде топ жарған алғашқы спортшы атанды.

Кілең «сен тұр, мен атайын» деген сайыпқыран спортшылар қатысқан додадан топ жарып шыққан Нұрболат Нұрлыбекұлы 2003 жылы Келес ауданында дүниеге келген. Ол алдымен 8 жасынан бастап боксқа қатысқан. Кейін джиткундоға қызығушылығы оянып, осы спорт түрімен тұрақты айналысып келеді. Жаттықтырушысы – Бекзат Жалал. Жетістіктеріне тоқталатын болсақ, биыл Шымкент қаласында панкратион спортынан 84 келі салмақта облыс чемпионы болса, наурыз айында Алматы қаласында өткен ушу саньда спортынан 85 келі салмақта ел чемпионы атанған. Облысты және республиканы бағындырған жерлесіміз Түркияның Адана қаласында 75 келі салмақта әуесқойлар арасында әлем чемпионы атанды.

Әлемдік спорттың төресі – футбол ойындарында да түркістандық жаңа команда еліміздегі командалар арасында өз орнын айқындап келеді. Қазақстан чемпионатының 21-тур ойындары барысында «Түркістан-аренада» ұйымдастырылған кезекті футбол бәсекесінде Түркістанның «Тұраны» командасы өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» клубын қабылдады. Аса тартысты өткен кездесудің 35-минутында «Тұран» алға шықты. 11 метрлік айып соққысынан Живкович есеп ашты. Екінші таймда түркістандықтардың есепті еселейтін мүмкіндігі болған. Бірақ Живкович бұл жолы 11 метрлік айып соққысынан мүлт кетті. Шымкенттіктердің қақпашысы Шайзада қақпаны бірнеше голдан сақтап қалды. «Ордабасы» да дүркін-дүркін шабуылдап, алаңға тың ойыншылар қосып, ақыры есепті теңестіруге қол жеткізді. Ойынның 94-ші минутында «Ордабасы» командасының ойыншысы Рахимов ала допты торда тулатты. Осы кездесу «Тұран» командасының ұпай санына өзгеріс енгізіп, 11-орынға көтерілді.

Дәл осы күні тағы бір жақсы жаңалық орын алды. «Тұранның» арнайы дүкені ашылып, жанкүйерлер үшін клубтың жейдесі мен қалпағын және өзге де атрибуттарын сатып алуларына мүмкіндік туды.

Биылғы олимпиада ойындарында жерлестері Сәкен Бибосыновтың қола жүлдегер атануы сайрамдық жас спортшылардың спорттың осы түріне деген қызығушылығын айрықша арттырды. Бокстан жасөспірімдер арасында Түркістан облысы біріншілігінің Сайрам ауданында ұйымдастырылуы осы сөзімізге дәлел бола алады. «Қайрат» спорт кешенінде өткен бәсекеге өңірімізден іріктелген 213 спортшы 14 салмақ дәрежесі бойынша күш сынасуда. Облыс біріншілігіне арнайы келген бокстан Түркістан облысының жасөспірімдер арасында аға жаттықтырушысы Талғат Әліпбеков бұл сайыста мықты деп танылған спортшыларды іріктеп алып, алдағы елішілік жарыстарда облыс намысын қорғайды деген сенім білдірді. Апта бойына жалғасатын былғары қолғап шеберлерінің бәсекесінде топ жарғандар қазан айының 12-17 аралығында Орал қаласында өтетін Қазақстан аймақтық жарысына қатысатын болады.

Спорт саласына облысымыздағы барлық аудан-қалаларда айрықша көңіл бөлінуде. Жас спортшыларды ынталандыру үшін аға буын өкілдеріне сый-сияпат жасап, құрмет-қошемет көрсетудің мәні зор. Мәселен, Сарыағаш ауданының спорт саласы үздіктерінің республикалық рейтингте бәсі биік. Ел намысын әлемдік додаларда қорғап жүрген сайыпқырандар жетерлік. Олардың қатарында бокстан Дубай қаласында 2003-2004 жылғы жастар арасында өткен Азия чемпиондары Абдикарим Абдіғалым, Аида Сарибарова және Аружан Жаңабаева бар. Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев байрақты бәсекелерде жүлдемен оралған спортшылармен жүздесіп, оларға Алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар, Токио Олимпиадасының XXXII жазғы Олимпиада ойындарына биыл енген каратэден қола жүлдеге ие болған Құрама ауылының тумасы Дархан

Асәділовке ерекше ілтипат көрсетілді. Бұл еліміздің каратэден алған ең алғашқы жүлдесі. Олимпиада ойындарында грек-рим күресінен Игорь Лигайдың әлемнің үздік 50 төрешісінің қатарына ие болуы да тегін емес. Қырғызстан Республикасында өткен Азия чемпионатында жекпе-жек спортынан Меруерт Нұрмаханова 72 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдегер, Өзбекстан Республикасында волейболдан өткен жарыста Мумина Дәулетбаева Азия чемпионы атанды. Ал, елімізде өткен жағажай волейболы чемпионатының III турында «Түркістан» командасының құрамасында өнер көрсеткен жас спортшы Ахмет Мейрамбек I орынды иеленді.

Бүгінгідей дене қимылы аз жұмыс түрі көбейген заманда азаматтар үшін спортпен шұғылдану, салауатты өмір салтын ұстану өте маңызды. Ал, бұған дәнекер болуда жергілікті биліктің үлесі қомақты. Аудан-қалаларда жас балалардың спортқа келуіне себеп болатын дүниелерді көбейту өте маңызды. Жоғарыдағы спортшылардың барлығының да жетістікке жетуіне осы жайттар себеп болғаны даусыз. Бұл іс алдағы уақытта да жалғасын таба беруі тиіс. 

Ш.Молдабек
23.09.2021

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 73
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 74
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 179
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 179
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 319
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 321
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 542
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 490

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9194
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8592
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11820
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9589
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10803