Бүгін аудан әкімі Бегзат Болатбеков Қордай ауылының орталық стадионына барып, оның жұмысымен танысып, өз бағасын берді. Айтпақшы, стадион 1963 жылы салынған. Бүгінде 42 топта 655 адам әртүрлі спорт түрлерімен шұғылданады. Соңғы мәрте мұнда 2014 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Айта кетейік, аудан басшысы көктемде спорт саласының өкілдерімен кездесу өткізген-ді. Ашық диалог барысында ауданның спорт саласының болашағы, түйткілді мәселелері мен өзекті сұрақтары талқыланды. Сол уақытта осы орталық стадионның жағдайы да көтерілген болатын.
Бүгінгі жұмыс сапары барысында Бегзат Сейсенқұлұлы қазіргі уақытта аталған спорт нысанын қайта құру және күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқандығын мәлімдеді.
Жоба бойынша аудан тұрғындарының тілектері назарға алынған, яғни егде жастағы спортсүйер қауым үшін әртүрлі тренажерлар орнатылады, волейбол алаңшасы, балаларға арналған алаң болады деп күтілуде, яғни стадион жөндеуден соң заман талабына жауап беретін және барлық стандарттаға сай келетін заманауи спорт нысанына айналмақ.
Аудан басшысы стадиондағы әрбір нысанды аралап көріп, тиісті тапсырмалар берді.
-Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев спорттың дамуына ерекше назар аударады. Салауатты өмір салтын белсенді насихаттау және қолдау, бұқаралық спортты дамыту еліміздің мемлекеттік саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Ауданымызда дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатындар саны жыл санап артып келеді. Демек, аудан орталығының тұрғындары, әсіресе, жастар мен балалардың спортпен шұғылдануы үшін барлық жағдайды жасауымыз керек, - деді Бегзат Сейсенқұлұлы.