СПОРТҚА ДА,ХАЛҚЫМЫЗҒА ДА, ҰЛТТЫҚ РУХ ЖЕТІСПЕЙ ТҰР

СПОРТҚА ДА,ХАЛҚЫМЫЗҒА ДА, ҰЛТТЫҚ РУХ ЖЕТІСПЕЙ ТҰР

Елдос, Әбиба және мұсылман болу айып па?

Белгілі журналист Бақтияр Тайжан жазғандай, алғашқы күндері Әбиба қыз да қазақ елінің аруағын асырып тастады. Риза болдық. Шаттандық. Мақтандық. Әбиба 2023 жылы Португалиядағы Гран-при сериясындағы турнирде жеңімпаз атанған алтын қыз. Ол дзюдодан осындай беделді турнирде жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық.

Орысша сұрақ қойған журналиске қазақша сұхбат берген де осы Әбиба! Оны кешегі батыр Әлия, Мәншүк, Хиуаз апаларының жұрнағы десек те жарасар. Жеңіске жетсе мәз болып, кимоносындағы қазақ елтаңбасын көрсетіп, қолымнан жүректі бейнелейтін қайсар қыз да бар құрметке лайық.

Елдосқа 100 қылқұйрық атаған мәрт қазақтар қазақта көп. Допты қисық тебетіндердің өзі сайыпқыран Елдостан көп ақша табады. Жанды дауыспен ән айта алмайтын фонограмшик, әнебір ағамыз айтып жүргендей шегірткелерге де үйіп-төгіп ақша беретіндер осы жолы бір қайрат көрсету керек.

Әбиба жарақат алса да «белім ауырды», «тізем ауырды» деп жеме-жемге келгенде Олимпиада ойындарынан бас тартқан анау келімсектердей, ат басындай алтын беріп ардақтап жүрген отансыздардан барлық жағынан артық. Осы орайда айта кетейін, өз ұлың мен қызың желкелесең де кетпейді. Келімсектер ақшаң таусылса, қарасын да көрсетпейді. 

Елдостың күллі әлемді тамсандырған ерлігі, Ғұсманның Париж төрінде көрсеткен мінезі, Әбибаның қазақ қызына тән намысын бәрінен биік қойғаны, шыны керек, бүкіл қазақтың делебесін қоздырып, ұйықтап жатқан рухын оятып жіберді. Дәл осылай ел болып қашан қуанып едік! Қашан бірігіп едік!  Өткеннен бері эмоциямыз басылғанмен, қуанышымыз әлі тасып тұр. Лайым, таси берсін!

Олимпиада ойындары басталар-басталмастан «денсаулығым сыр берді» деп шетке шығып кеткендерді де көрдік. Бәріміз де адамбыз ғой, ауырамыз, әлсізбіз. Ал, елдің сенімі ше? Қаншама жыл небір жарысты жібермей келе жатқан кейбір спортшылардың Парижге барып тұрып «тамағым ауырып тұр» дегені қай сасқаны?! Жарыста жеңілсе, түсінер едік қой, жұбатар едік, сүйеу болар едік. Әне, кейбір елдің спортшылары құрсағындағы сәбиімен бірге беріспей семсерлесіп жүр. Иә, қазаққа алтын-күміс керек, бірақ ар-намыс одан да қымбат еді ғой. Бұл жағдайды жылы жауып қоймай, жауапты органдар назарға алуы керек деп ойлаймын. Судың да сұрауы бар!..

Спортшыларға буллинг жасау тоқтатылуы керек. Тіпті заңдық тұрғыда. Масқара ғой мынау. Тілдеудің де, мінеудің де өз орны бар емес пе!  Сақал қойса вахабис, намаз оқыса адасқан,  «Алланың жазуы» десе арабқұл!

 

“Өздеріңіз ойлап көріңіздерші, «Ливерпуль» мықтысы Мұхаммед Салаһ  гол соққан сайын сәжде жасайды. Алпауыт Ұлы Британия төрінде. Христиандар елінде! Бірақ, оны «Исламды насихаттадың» деп айыптаған ағылшынды көрмедік.  

Әр «бойға» «Біссімілләсін» айтып шығатын аңыз  Хабиб Нұрмагомедов те дұға жасайды. Қажылыққа барады. Ресейлік. Америкада атой салады. Бірақ «сақалы бар, мұрты жоқ» деп оған тиіскен не орысты, не америкалықты  естімедік.  Бокс аңыздары Мұхаммед Әли мен Тайсон да мұсылман еді."

 

 Күні кеше Еуропаның  төрінде, өркениеттің өрінде отырған Герман құрамасының негізгі құрамында Рюдигер, Сане, Гүндоған, Емре Жан, Жамал сияқты мұсылмандар ойнады. Бірақ, оған немістер шала бүлініп, тілдеп, күндеп арамтер болмағаны анық! 

Біз де сондай кең едік, шекараның арғы жағынан легионер де  шақырдық. Ақша бердік, аямадық, шашылдық. Светлана мен Манезаның алтынына мақтандық,  Ильин  мен Чиншанлоның жеңісіне шаттандық. Дініне де, түріне де қарамадық. Өнерін бағаладық. Рахимов, Муталимов, Гаджиев, Тигиев  дегендер тағы болды.  Соңғылары сақалды еді. Ешқайсысын бөле жармадық,  мәртебесін асырдық, құрмет-қошеметке батырдық.  Бұлардың басым бөлігі кейіннен допинг үшін медалінен  айырылып қалды… Сол ма еді саған керегі?..

Олимпиадада алтын алған қазақ баласы  «Алланың қалауы ғой» десе, несі айып?!

 Мың жылдан аса мұсылман болған, Түркі даласында Қарахан секілді Ислам  мемлекетін құрған, Алтын Ордасы шариғатпен басқарылған, Әз Тәукесі «Жеті жарғыны» шариғат бойынша жазған түркілердің мұрагері біз емес пе? Әл-Фараби, Иүгүнеки, Баласағұни, Сығанақи, Иасауилерден де безінесіңдер ме мұсылман болған,  сақалды деп?..

Қазақтың мұсылман болғанын айғақтап тұрған  Иасауи, Арыстан баб, Қарахан, пір Бекет, Сайрамдағы сансыз бап, Тектұрмас, Қарабура,  шашты Әзіз сияқты әулиелерді қайтесіңдер? Қазақтың бүкіл хандары, батырлары мұсылман болған. Оны не істейсіңдер? Ал «Алланың өзі де  рас, сөзі де рас» деген Абайды  қайда қоямыз? Көзін ашқаннан «Құдай қаласа», «Алла қаласа»  деп өскен қазақ баласын «Алланың қалауы» деп айтқаны үшін жерден алып, жерге салу кімнің бағы, кімнің соры? Бұл не арандату? Өкпесімен қабынып, өтіменен жарылып өжектеп, өңмеңдегіштердің  арғы жағында кім тұр, не жатыр? Жеңгенді  де, жеңілгенді де олай талауға ешкімнің хақысы жоқ! Біз үшін, өр мінезді қазақ үшін Елдос пен Асыланбек бәрібір биікте тұрады!  Айтайын дегенім, псевдодемократ болмасаңдар, заңға бағыныңдар. Бізде мұсылман болуға, яки «Алланың қалауымен» деп  айтуға ешқандай тыйым салынбаған. 

Керісінше, біреудің сеніміне тиісу Конституцияға қайшы! Өркениетті елдерде де солай.

Батырлық деген кездейсоқ жеңіс емес, соңына дейін сынбау, меніңше. Тұрақты жеңімпаздардың жауы да, күндесі де көп болады. Талай спорт саңлағына тағылған айып, айтылған сындарды білеміз.  Өзі күресуге дәрменсіз, бірақ күреспей аяқтан шалғысы келетіндер қарасы көп. Иә, «ит үреді, керуен көшеді». 

Айта берсін! Елдос ұлт батырына айналды!  Енді мыңдаған балалар  Елдос боламыз деп еліктейді. Оның жолымен жүруге тырысады. Болды! 

Спортшы жеңсе де, жеңілсе де халқынан қолдау күтеді

Иә, Елдос жылады! Көз жасына ерік берді. Спорт философиясының ақиқат көрінісі Елдостың осы бет-бейнесі. Қаншалықты қиын, қайшылықты күрестің нәтижесі – жеңіс! Ол оңайлықпен келмейді. Қарама-қарсылықтардың жеңіс пен жеңілістің, қуаныш пен ренжістің, күлкі мен жылаудың батылдық пен ынжықтықтың арасындағы диалектика, айқас деп білу керек спортшы тұлғаның психологиялық көңіл күйін! Спортшы тұлға – «Бунтующий человек», оған қандай мықты ерік пен жігер керек  десеңізші! Жеңілістен кейінгі көңіл күй спортшыны пессимизмге де соқтыруы  мүмкін ғой. Бірақ, алға қойған мақсат жеңіске жету болса, ол бар қиындықты  жеңуге тырысады. Ол үшін мотивация, интенционалдылық (бағыттылық, ниет, ұмтылыс жеңіске деген оптимистік позиция) қажет. Осындай жағдайда ғана спорт тұлғасы өзінің субектілігін, «Менін»  айқындай алады! Елдос – спорт тұлғасы, ел патриоты. Иә, «Отан отбасынан  басталады» деген еді Бауыржан Момышұлы. Елдостың көз жасы – елге деген сүйіспеншілік пен құрметінің белгісі. Әзірге елі үшін шын патриоттар ғана жылайды. Елі үшін, халқы үшін жылаған әншіні әзір көрмедім. Елдос – нағыз қазақ, нағыз азамат, нағыз патриот!

Иә, байқап отырмыз, бұған дейін де талай көргенбіз, бокста түсінбестік көп. Жығып беру басым. Әділетсіздік орасан. Түсінемін, біз өзіміздің жігіттерді, яғни өзіміздің спортшыларды (керек десеңіздер, өзіміздің балаларымызды) жамандыққа, жеңіліске қимаймыз. Бізге үнемі ұтылмаған, жеңілмеген сияқты болып... көрінеді де тұрады. Өйткені біз өзіміздің жігіттердің ғана соққыларын «санаймыз»...

Дәл осылай, бұл жолы да Асланбек пен Қамшыбекті, Махмудты, Сәкенді, Айбекті т.б. «ұтылып қалды» деуге қимай, тағы да төрешілерге өкпе артып жатқандаймыз. Бәлкім, олар ұтылмаған шығар. Бірақ ұтты ма? Қарсыластарынан басым түсті ме? Таза жеңді ме? Жоқ әлде осындай күмәнді жекпе-жектердің бәрінде... төрешілер жеңісті бізге бере беруі керек пе? Шәкірті жеңілген сәтте Мырзағалидің өзі айтқан жоқ па: «Бұл жігітпен бұған дейін де бір-екі рет кездескен, жеңісті 32 есебімен оған да, бізге де беруге болады. Төрешілер ұпайдан қысты деп айта алмаймын, оның жеңіске деген құштарлығы басым болды», – деп.   Ал Қамшыбек ше? Ол да шиыршық атып тұрмайтындай ма, қалай? Бәрі де сол төрешілерді «баурап» алатын «құлшыныс» деген ұғымда емес пе осы! Әрине, Қоңқабаевтың сүйегі жеңілдеу, ең ауыр салмақтағы алыптарға соққысы да өтпей жатады. Өзінен бірнеше келі ауыр атлеттер оның соққысына теңселе қоймай, діңкелететін де секілді...

 Құлшыныс демекші, өзбек қызы Диера Келдиерованың татамиге шыққанын көрдіңіздер ме? Тфә-тфә, тіл-көзіміз тасқа... «Жұлынып» тұрады. Екі көзі шоқтай жанып, қарсыласының өңменінен өтіп кететіндей. Қос жанарымен тесіле қарап, мысын басып, сағын сындырып алатындай, құдды. 

Айтпағым, біз өз жігіттерімізді жеңіліске қимаймыз. Бірақ кінә өзімізден болса, өзгелерді жазғырмайық. Бокста саяси бедел мен «көмектің» де маңызы зор екенін білеміз. Бірақ жігіттерімізді жаман үйретіп алған жоқпыз ба? Жеңіс «кілті» тек өз қолдарында екенін ұмытпаса екен деймін. Өйткені, жеңілісті «сыртқы күштер» қалауына аудара салу сылтауға айналып та бара жатқандай көрінеді маған... Жә, делік.

Даңқты спорт тұлғасы, Олимпиада чемпионы, Баркер кубогінің қазақтан шыққан тұңғыш иегері Бақтияр Артаев «Алланың бұйыртқаны болады. Бәрі адамның еңбегіне байланысты. Алдын ала тон пішіп, жігіттерді сөге алмаймын. Олардың еңбегі бар. 4 жыл аянбай тер төкті.  Сондықтан да қазір хейт іздемей, сәуегейлік жасамайық. Боксшыларымыз, өкінішке қарай, сәтсіздікке ұшырап, қысымшылық көріп отырғанда оларға тіреу болудың орнына аяғынан шалмау керек. Былғары қолғап  шеберлері  әлем чемпионатында топ жарғанда бәріміз марқайып қуандық. Ал ұтылып қалған кезде жерден алып, жерге салғанымыз ұят болар. Бұл – тектілік емес, әлсіздердің әрекеті. Қайта қазір есе жіберген жігіттерімізге қолдау көрсетіп, жұбатып, жігерлендіріп, болашақта жақсы өнер көрсетуіне тілектес болуымыз қажет. Алла нәсіп етсе, қалған жігіттерімізге алтын бұйырсын!» – депті.

Осы ретте алаштанушы ғалым, «Егемен Қазақстан» газетінің Бас директоры Дихан Қамзабек:  «Біздіңше, әйгілі спортшының осы пікірі дәл қазір бәрімізді байыпты болуға шақырады. Әлеуметтік желідегі жалаң эмоция, құр кіжіну, былапыт сөз ұлт намысын қайрайды дегенге сену қиын. Халқымыздың ата сөзі «Емініп тапқанның екі көзі шығады, Еңбекпен тапқанның екі бүйірі шығады» дейді. Сүрінуден де, жеңілістен де сабақ алуға тиістіміз. Жүйелі мектеп болса, спорттың біз үшін маңызды түрлеріне кешенді көзқарас орнықса, міндетті түрде жеңіс келеді. Дана Абай ұстаз-ұстат (соңғысы түпнұсқада) ұғымын бар салаға қаратып айтқан. Біз Бақтияр сөзі астарынан осыны ұғып тұрмыз. Дәл боксқа келгенде, бізде жеңіске жеткізер тәжірибе бар және ол жоғалмайды. «Көл – саладан, сай – жырадан, ел – жас ұланнан» дегендей, жақсылықтан, жеңімпаз ағаларының жолын жалғайтын жаңа буыннан үміт етеміз», – дегені ағалық ақыл. Түсінгенге мағынасы зор, тағылымы терең пайым.

Өзбек қызы Диера Келдиерова жайлы айтып қалдым.  Қандай ғажап палуан! Екі көзі от шашып тұр. Бойында намыс пен рух! Қайтпайды. Мұқалмайды. Тек ана тілінде сөйлейді. Ұлтын мақтаныш етеді. Ұлты да қызымен мақтана алады. Ұлттық идеологиясы қандай! Журналистерінің алымдылығы мен шалымдылығы, ұлтшылдығына да тәнті боласың. Олар әрқашан ұлттық рухты көтеретін сәтте түймені түйедей қылуға бар. Бұл – үлкен жетістік. Үлкен мақтаныш. Бізге де жұғысты болатын әдет.

ЕЛДОСТЫҢ КӨЗ ЖАСЫ... ҰЛТТЫҢ ӨР НАМЫСЫ...

Алғашқы алтынды жеңіп алған сәттегі Елдостың Президент Тоқаевпен сөйлескен сәтін еске түсірейікші. Бүгінгідей технология дамыған кезеңде бар мүмкіндікті пайдалануға не кедергі болды екен? Ұят қой тіпті! Анау «артта қалған» өзбектерді қара! Қалай жарқыратып көрсетті Диёраның жеңісін! Міне нағыз Ел басы. Өзбек Президентін айтам. Оның қасындағы шабармандарының Президенттің мәртебесін көтерудегі рөлі ғажап. Ал біздің Президенттің жанашырлары, кеңесшілері не ойлайды? Оларға Президенттің абыройы ойыншық па? Мұндай әлемдік деңгейдегі жарыс күнде өтіп жатыр ма? Қазақ ұлтының даңқы аспандайтын кез келген жеңісті дүбірлетіп жіберу, гүрілдетіп іліп әкету Ақордаға сын!  Ащы да болса айтайын, бізде ұлттық идеология қожырап тұр. Барды ұқсата алмайды, ұқсататындар ондай жерге жете алмайды. Өзбекстан бізден көш ілгері дамып кетіпті. Заң бар,  мәдениет бар,  ар мен жанның  тазалығына тәнті болдым! 

Президент Тоқаев пен Сметовта еш кінә жоқ. Бәріне ұлттық идеологияның нашарлығы, ұйымдастырушылықтың олқылығы кінәлі! Әйтпесе Президентіміздің құттықтауындағы байсалдылығы  мен қазақы қалпы, оралымды тілі жанды баурады. Елдостың қазақы бала екені де көрініс берді. Оның отбасындағы қуанышты көріністің өзінен  бірлік пен ынтымақты, ата-анасының балаларын, немерелерін ұлттық тәрбие мен адамгершілік ұстанымдар негізінде мәпелеп өсіргендерінің жемісі байқалды!  Патриотизмнің айқын көрінісі осындай-ақ болар!

Белгілі журналист Шыңғыс Мұқан былай депті: «Кеше Диёра жеңгенде Өзбекстан Президенті Шавкат акамыз да телефон шалған ғой. Қалай әп-әдемі ұйымдастырған? Әр сөзі өзбек ұлтын ұйыстырып тұр. Әкесі мен қызының әңгімесіндей жып-жылы.

Біздікілер не істеді дейсіз ғой, өзіңіз де көрген боларсыз. Спорт министрі телефонын алып шауып келді де, Елдостың құлағына тоса қойды. Президентіміз не айтып жатыр екен деп біз де тыңдағымыз келіп барады. Елдостың рақметінен басқа ешнәрсе ести алмадық. Сөйлесіп болған соң, телефонды алып, министрдің өзі сөйлесіп кетті. Сол кезде «мынау не» деп тіксініп қалып едім, кластастары емес, бір елдің басшысы соғып тұр, халық түгел көріп отыр.

Ұлтты ұйыстыратын мұндай оқиғалар күнде бола бермейді. Оның ішінде Олимпиада, төрт жылда бір рет, екі апта бойы бүкіл елдің көңілін бір арнаға салып береді. Ал да пайдалан. Халықтың назарын саяси тұрғыда монетизация жасайтын кезең».

Қазір олимпиада өтіп жатыр. Үнемі ірі жарыстарда улап-шулап отырамыз. Жеңілгендер ұлы қылмыс жасағандай көздері мөлдіреп Қазақстан халқынан кешірім сұрайды. Сақалын сөз қыламыз, мақалын сөз қыламыз. Жеңсе, жолында өлуге дайынбыз. Жеңілсе, арық қойдай құны жоқ. Жанкүйерсің бе, жаның қашан да күйіп тұру керек қой. Күллі қазақ төбесіне көтерген, Сыр елі мақтанышым деген Алмас Өтешов естеріңізде ме? Әлем чемпионатының күмісін, Азияның алтынын алған. Ол қазір күзетші. Естіген құлақта жазық жоқ, бір кезде бүйткен өмірі құрсын деп өз-өзіне қол салмақ болыпты сол батыр.

Айтайын дегенім, елдің даңқын асқақтатқан батырыңды ұлықтадың ба, соңына дейін апар! Мақтаныш ет, жастарға әр ісін үлгі ет! Бүгін аспанға көтеріп, ертең күресінге тастай салғаның кімге керек?  Ұлттық рух, ұлттық құндылық әр қазақтың бойынан табылуы тиіс. Олай болса, елінің көк туын желбіретіп, әнұранын барша ғаламға жайған баһадүр ұланың жадыңнан шықпасын! Ардақтап өт! Өзгеге күлкі етпе!

Құрбанәлі Амангелдіұлы тілге тиек еткендей, мен де біреу мешітке барып намаз оқыса да, шіркеуге барып шоқынса да, буддист болып пұтқа табынса да, ол – әр адамның өз еркі, сенім бостандығы. Оған ешкім араласа алмайды. 

Жалпы өз басым адамдарды дініне, сеніміне, тілі мен түріне қарап бөлмеймін. Маған оның мемлекетіне, ұлтына еткен қызметі мен еңбегі ғана маңызды, соған қарап бағалаймын. Қауға сақал, шолақ балақ қып-қызыл радикалдың өзі елімнің абыройын асырып жатса, шаттанбасам, шамданбаймын.  Себебі, сақал қойып, аузына Алланы алғанның бәрі салафит емес. Мәселен, өмірінде намаз оқымаған, тіпті Құранда қанша сүре, қанша аят бар екенін білмейтін әкем үнемі Алланы аузынан тастамайды. Сәл жетістікке жетсек, «Әуелі Алланың арқасы, Аллаға шүкір» деп отырады. Үлкен іс бастағалы жатсақ, «Алла жолыңды оңғарсын, Алланың көзі түзу болсын» деп батасын береді. Әйтпесе, сол әкем «қымыз» ішкенде кешегі қостанайлық имамды жолда қалдырады.

Әлем желіде 3 күннен бері бәзбіреулер Елдосты «сәләфит» деп пәтуа шығарып, ағаш аттың басына теріс мінгізіп қойды.  Елдоспен осы кезге дейін бірнеше мәрте жолығып,  дастарқандас болғанмын. Сондай сәттерде оның о дүние мен бұ дүние, жұмақ пен тозақ, намаз, құран, жалпы дін туралы сөз қозғап, уағыз айтқанын көрген де, естіген де емеспін.  Оның үнемі айтатыны – спорт, спорт және спорт. Себебі, ол спортпен өмір сүреді, сонымен тыныстайды. Өзі де сөзге шешен жігіт қой. «Іні-қарындастарың болса, дзюдоға әкеліңдер, білікті бапкерлермен таныстырып, жол көрсетейін, қазақ дзюдосының көші бізден кейін тоқтап қалмауы керек» деп талай айтқан. Елдостың араласатын ортасында мұсылман да, католик те, атеист пен агностик те бар.  Өзге ұлт өкілдері де көшеде көріп қалса танып, суретке түсіп, сәті түссе сұхбаттасуға тырысады. «Балам Елдостай болсын» деп қаншама қандасымыз ұл-қыздарының аузына түкіртті. Себебі, барлығы осы бір қазақтың қара баласын жақсы көреді, құрметтейді. Сонда Елдос ешқашан «Мен намаз оқимын, сендер оқымайсыңдар, сондықтан кәпірсіңдер, алыстан сыйласайық» деп өзін оқшаулап, ортаға көрінбейтін «перде» ілген емес. 

Жұрттың санасын дінмен улап, ұлыңды Сирияға сүйреп, қызыңды Ауғанстанға айдап жатқан жоқ. 24/7 тек спортты ойлайтын адамның жаттығудан басқаға бас қатыратын уақыты да  болмайды. Кейбіреулер білекті түріп тастап Елдостың ата-анасына да ауыз салып, аямай тілдеп жатыр. Оның ата-анасын жақсы танитын Көсемәлі Сәттібайұлы ағамыз өз парақшасында олардың қандай адам екенін тәптіштеп тұрып жазды.  Одан артық қандай дәлел керек! Осындай түсінікпен күні ертең Мұхамедсабыр чемпион болса,  есімін желеу етіп, оны да арабтың құлдығына жегуге даяр отырмыз.  Бір таңғаларлығы, Елдос бұған дейін талай додада жүлде алса да, оның діни ұстанымына қатысты мұндай сөз желдей ескен емес. Қалай чемпион болды, солай барлығы оның  «ақидасын» анықтауға кірісіп кетті.

Мейлі, Елдостың одан ештеңесі кетпейді. Себебі, ол қазақ спортының жаңа тарихын жазып, жарқыраған жұлдыздай көкке көтерілді. Енді ол  уақыт өткен сайын тек жарқырай береді, жарқырай береді. Ал оны сөндіруге тырысқандардың өздері келешекте қалай, қашан мәңгіге сөніп қаларын кім білсін! Кім не десін, о десін, бірақ мен үшін Елдос – елдің бағы, ердің сойы!

«Елдостың алтыны надан ел қуанбас нәрсеге қуанады...» депті танымал бизнескоуч Ахметбек Нұрсила. Сөйтіп,  Олимпиаданың алтынына бөркін аспанға атып қуанып жатқан қауымның көңілін су сепкендей басуға тырысыпты.. Нұрсила мырза осы тұста хәкім Абайдың сөзін мысалға келтіріпті... «Қазір «Өтірік көлгірсімеші, ей, хайп үшін жазып отырсың» деген комменттерден көз аша алмайтынымды білемін.

Олимпиада деген нәрсе болайын деп жатқаннан осы ФБ-да «Рыбакина олимпиадаға бармады, қазақтың туын менсінбеді» деген мақаладан содан кейін «Олимпиада ашылуы нашар болды» деген тағы бір мақаладан көзім шалып қалып «Халықтың ақшасын шашу фестивалі басталайын деп жатыр екен ғой» деп қойғам.  Бүгін достардың чатынан «Елдос чемпион» деген жазбаны оқып қалдым. Бірден Абай жарықтықтың балуан мен бәйге жайлы сөзі есіме түсті. «Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, күреске түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады...». Осылай деп ұзаққа шауыпты Нұрсила бауырым.

Иә, Нұрсиланың айтып отырғаны той- жиындарда бәйге шаптырып, балуандарын кілемге салып мақтанатын байлардың кейпін ысырап пен мақтанымпаздық деп айтқан Абай заманы. Ол тойлар мен дақпырт әлі болып жатыр ғой. Неге жапонның қызы еңіреді? Біздің қызымыз ше? Неге әнұран ойнағанда Елдос жылады? Бұл басқа сезім! Бұл – ел намысы, ерен еңбек, қажымас қайрат, алдыға мақсат қойып ұмтылу. Көк Туымыз желбірегенде жүрек тұсы селт етпесе, қандай дерті бар екеніне диагноз қою керек! Бұған айтайын дегенім осы еді.

СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ
12.08.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 6600
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 6032
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 9238
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 7022
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 8233